Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі 3-7 қыркүйек аралығында Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Ботай мәдениетінің кіндігі болған мекеннен елордасы Астанада мәресіне жетеді.
Шараның ашылу салтанаты барысында «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылғыбаев баршаны құттықтады.
– Біз осындай ерекше әрі ауқымды істі бастап оған қолдау көрсеткен ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына алғыс айтамыз. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары еліміздің мәдениеті мен дәстүрін әлемге танытары сөзсіз. Мұндай жобаға әлем елдерінен келіп ат қосып отырғаны ерекше әсер беруде. Бұл отандық туризмнің дамуына үлкен серпін берері сөзсіз, – деді партия хатшысы Ержан Жылғыбаев.
Сонымен қатар партия хатшысы «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың арнайы құттықтау сөзін, ыстық ықыласын жеткізді.
Шабандоздар әр 50 шақырым сайын арнайы бекітілген жерлерге жеткен шақта ат суытып, демалуға 2 сағат уақыт берілетінін айта кеткен абзал.
Дүбірлі додада қазақстандық 9 командадан бөлек, Түркия, Венгрия, Оңтүстік Африка Республикасы, Иран, Қырғызстан, Ресей (Қабардин-Балқар, Татарстан, Қарашай-Черкесс Республикасы, Башқұртстан) командаларының шабандоздары бақтарын сынауда. Айта кетейік, Қазақстаннан Адай, Әулиеата, Найман, Жетісу арғымағы, Қостанай, Көшім жылқыларын ауыздықтаған командалар жолға шықты. Жорыққа қатысатын командалар арасында 22 қыз бала жүйріктерді тізгіндеген.
Қазақстаннан 2 қыздар командасы Маңғыстау мен Ақмола облыстарынан жасақталып отыр. Ал Оңтүстік Африка Республикасынан қатысатын 5 адамның төртеуі қыздар болса, Қабардин-Балқар Республикасы командасының төрт шабандозы – бұрымдылар. Сондай-ақ Қарашай-Черкесс командасының үшеуі қыздар екені белгілі болды. Жалпы, марафон-бәйгеге мәлімет бойынша, 20 команда қатысады деп айтылған болатын. Бірақ жарыс жолына 17 команда шықты.
Мұнда мәре сызығынан өткен сәйгүліктердің денсаулығы мен жағдайын жіті бақылау да маңызды. Ветеринар Ержан Есенеев әзірге аттардың аман екенін айтты.
«Біз барлық аттарды көмбеге аман-сау жеткізсек деп ойлаймыз. Мақсат сол. Енді қазіргі 200 шақырымдық жағдайда ішінара болмаса жалпы бәрі жақсы деп айтсам болады. Біз мәреден өткен аттардың дереу тыныс алуын тексереміз. Сосын жүрегі мен қан айналымын саралаймыз. Аттың аяқ алысын да назардан шығармау керек. Осы алғашқы бақылаудан өткен ат келесі жолға дайындалады. Ал аттың денсаулығы сыр берген жағдайда осындағы барша ветеринарлар тобы ақыл қосып шешім қабылдауға тура келеді», – дейді ветеринар Е.Есенеев.
150 шақырымды жұбын жазбай сәтті еңсерген командалар арасында Ақтөбе командасының шабандозы тізгіндеген бір жүйрік жарыс жолынан қапыда шығып қалса да есеп бойынша алға шыққан. Команда бапкері ендігі жолда шабандоздар тізгін тарта жүрмек.
«Шабандоздардың дені жастар ғой. Қыза келе қамшы басып жіберді. Асығуға әлі ерте. Алда тағы да 300 шақырым жол бар. Соны ескеру керек. Бір атымыз абайсызда аяғын тас шалып кібіртіктеп қалған соң амалсыз жолдан шығаруға тура келді. Себебі өзге аттардың уақытын ұстап қалуы әбден мүмкін. Солай болады да. Өйткені алдағы ат соңындағысына жалтақтап, жүруін бәсеңдете береді», – дейді ақтөбелік бапкер Айбек Алпысбайұлы.
Сәйгүліктердің көбінің қаны қоюлана бастағанын байқаған ветеринарлар тобы аттарға арнайы қан сұйылтатын екпе салу туралы кеңес беріп жатыр.
«Біз жүйріктердің денсаулығын тексеру кезінде олардың қаны қоюлана бастағанын байқадық. Оған ауа райының салқындығы әсер етсе керек. Себебі күн салқын әрі жаңбырлы болған кезде аттар шөлдейді. Бірақ көп энергия жұмсаған кезде қан қоюланып қалады. Сондықтан арнайы бекітілген екпе салуға кеңес беріп жатырмыз. Бірақ бұл барлық атқа бірдей деген сөз емес. Одан бөлек, жылқылар ширығып келе жатқандықтан, бұлшық еттері түйіліп қалған жағдайларды байқадық. Мұндай кезде шабандоз бен атбегі уқалап, тарқату тәсілдерінің жолдарын айтып жатырмыз», – дейді бас ветеринарлар тобының мүшесі Людмила Дрейфельд.
Сонымен екі күнгі 200 шақырымдық жолдың мәре сызығын бірінші болып кесіп өткен Қырғыз командасы болып тұр. Бірақ Маңғыстау командасы да өте жылдамдықпен келгенін көз көрді. Демек, қазіргі жағдай бойынша жоғарыда айтылған қос команданың шоқтығы биік тұр.
200 шақырымды еңсеріп Атбасар қаласының маңына келіп дамылдаған сәйгүліктердің денсаулығы жіті бақыланып жатыр. Төрешілер нақты қай аттардың жарыс жолына шығатыны таңертеңгі ветеринариялық тексеріс кезінде белгілі болатынын айтты. Себебі бәйге жылқысын суытқан кезде оның мінезі мен аяқ алысынан да көп жағдайды аңғаруға болатыны белгілі.
Бет қатталып жатқанда: бүгінгі қорытынды бойынша Маңғыстау облысы 1 минут 40 секундпен алда келе жатыр
Бердібек ҚАБАЙ