«Ақ жол» партиясы парламентте жұмыс істейтін әйелге ұятсыз хаттар жазғаны жария болған экс-депутат Асқар Садықовқа қатысты тағы бір мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Айта кетейік, партия төрағасы Азат Перуашев Асқар Садықов депутат болып жүргенде парламенттегі бір әйелге сексуалды сипатта бопса жасады деп айыптаған болатын.
Ал бүгін, 5 қыркүйек күні әлеуметтік желіде видео жариялаған Асқар Садықов Азат Перуашев туралы өз шындығын айтты.
Оған жауап ретінде «Ақ жол» партиясы тағы бір мәлімдеме жасады.
«Асқар Садықов партия төрағасы келтірген деректерден басқа өзін партия қатарынан шығаруға негіз боларлық еш дәйектің жоқтығын алға тартыпты. Ол тіпті, харрасмент фактілерін жоққа шығарып та отырған жоқ. Соның өзі ғана оны партия қатарынан шығаруға жетіп жатыр. Алайда, партия төрағасы Садықовқа тағылған айыптар өзге де салмағы ауыр жайттарға қатысты екенін тілге тиек еткені бекер емес. Мысалы, Садықовтың үшінші тұлғалардың пайдасы үшін өз өкілеттілігін асыра пайдалану әрекеті анықталды», – дейді партияның баспасөз қызметі.
Яғни, партияның баспасөз қызметі хабарлағандай, харассмент – этикалық нормаларды бұзатын жайт болса, лауазымын асыра пайдалану құқық қорғау органдарының құзыретіне жататын құқықтық қылмыс.
«Осының бәрі пленумда талқыланып, Садықовтың әрекеттері партия беделіне нұқсан келтіруі мүмкін деген қорытынды жасалды. Мәселе Садықов депутат ретінде мемлекеттік сатып алу процедурасына араласуы және өз таныстарының тендерлерде жеңіске жетуін қамтамасыз ету талаптары туралы болып отыр (әкімдердің бірінің А.Садықовтың мемлекеттік сатып алу нәтижелеріне ықпал етуге тырысқаны жөнінде ресми хаттары қолымызда бар). Адал бизнес пен шынайы бәсекелестікті қолдайтын «Ақ жол» демпартиясы осы жағдайды сараптай келе мұндай әрекеттер партияның Жарғысы мен Бағдарламасына қайшы келеді деп есептейді», – деп хабарлады партия.
Осыған байланысты пленум оны партиядан шығару туралы шешім қабылдады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.