"Төрт ай бойы соттасып келемін": Алматы тұрғыны жер сілкінісінен жарылған үйіне өтемақы ала алмай жүр

Визуалды тексеру актісінде үй салынған жер тегістелген тау баурайы екені анықталған.

Алматы облысының тұрғыны Лейла Амринаның үйі құлаудың аз-ақ алдында тұр. Көктемдегі жер сілкінісінен кейін қатты көшкін жүріп, үйдің қабырғасы жарылып кеткен. Әйел облыс әкімдігінен өтемақы алуға тырысып, сотқа жүгінсе де оның талап-арызы ескерілмеген, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Үй Талғар ауданындағы "Апорт" бау-бақшасының маңында орналасқан. Үй иесінің айтуынша, 4 наурызда жер сілкінгенде іргетасы 1,5 метрге төмен түсіп кеткен. Содан үйдің қоршауы жарылған. Ол кезде үйге еш зақым келмеген соң, үй иесі ешқайда жүгінбей, қоршау мәселесін күн жылығанда шешем деп ойлаған. Алайда бірнеше апта өткен соң үйдің қабырғасында үлкен жарықтар пайда болған. 

 

Фото: Л.Амринаның жеке мұрағатынан

- 19-20 наурызда үйім құлай бастады. Жер төмен қарай опырылғандықтан, үй сол жаққа қарай қисая бастады. Тіреп тұрған баған ажырап қалды. Менің қателігім – ТЖ қызметкерлерін шақырмағаным. Өйткені, интернетте мұндай жағдайда әкімдікке жүгіну керек деп жазылған. Мен үйіндінің астында қалсам ғана құтқарушыларға хабарласу керек деп ойладым. 

Бірақ үйінді астында қалмағаныммен, үйімнің залы қирап, кірпіштер құлап, әйнектер жарылып жатты. Мен сықырлаған дауыстан оянып кеттім. Кейін жиһаздар мен ыдыс-аяқтарды сыртқа шығара бастадым. Жиһаздарым әлі басқа бөлмелерде, далада тұр. Содан кейін әкімдікті шақырдым. Біз сараптама жүргізіп, шығынның 8 млн теңгені екенін анықтадық, - дейді Лейла Амрина. 

Осыдан соң үйдің қирауы уақытша тоқтаған. Алайда топырақ әрі қарай қозғалған соң, қабырғалар одан әрі жарыла бастаған. Мамандардың сөзінше, іргетасты қалпына келтіру керек.

- Үй апатты деп танылды, себебі үйдің жертөле бар жағы ғана бүтін тұр. 30 шаршы метр болатын зал мен тағы бір бөлме жарылып кеткен. Мен сотқа арыз бердім. Бәрі жердің опырылғанына көз жеткізді. Бірақ талап-арыз қанағаттандырылмады, себебі Талғар ауданында төтенше жағдай режимі жарияланбаған. Төрт ай бойы соттасып келемін. Бүкіл ақшам сараптама мен адвокатқа кетті. Үйге әзірге ештеңе істеген жоқпын. Қазір біз бүтіндеу жағында тұрып жатырмыз. Енді қысқа дейін бірдеңе істеу керек, - дейді ол.

Визуалды тексеру актісінде үйлер салынған жер тегістелген тау баурайы екені анықталған. Бұл жердің топырағы тез шөгіп, су жылдам шаятын көрінеді. 

Жер сілкінгенде көрші монша мен үй арасында шұңқыр пайда болған. Осы шұңқырдағы пластик су құбыры сынып, топырақ ылғалданып кеткен. Салдарынан моншаның да іргетасы жарылыпты. Сараптамада іргетастың ылғал топырақтан жарылғаны айтылған.

- Жарықтардың пайда болуына табиғи сипаттағы жер сілкінісі себеп. Қабырғадағы жарықтардың және қабырғаның бір бөлігінің құлау себебі іргетастардың шөгуі, - делінген қорытындыда.

Алматы облысы әкімдігі наурызда мүлікке келген залалды өтеу туралы өтініш түскенін растады. 26 наурызда әкімдік қызметкерлері тексеріс жүргізіп, акт жасады. 

- Тексеру кезінде өтініштің зардап шеккен мүлік иесінен емес, көрші жер иесінен берілгені анықталды. Өтініш үй құлағасын үш апта өткен соң берілген. Өтініш беруші мұның жер сілкінгенде құлағанын айтады. Көрші жерде шаруашылық нысан, яғни монша бары анықталды. Моншаның іргетасы оны дұрыс қолданбаудан, топырақтың шөгуінен болған. Яғни орталық кәріз жүйесі болмағандықтан, су ағызу ережелері бұзылуы мүмкін, - деп хабарлады әкімдік өкілдері. 

Әкімдік құлаудың нақты себептерін анықтау үшін тәуелсіз сараптама жүргізуді, ал қажет болған жағдайда сотқа талап-арыз беруді ұсынды.

- Бесағаш ауылдық округі мен Талғар ауданы әкімдіктеріне залалды өтеу туралы талап-арызды Амрина Л.К. берген. Сот шешімімен талап арыз қанағаттандырылмады, - деді Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.