«Ақ жол» партиясының экс-депутаты Асқар Садықовтың Парламентте жұмыс істейтін әйелге жазған хаттары жария болған соң оның қызы, әнші Данеля әкесінің әрекетіне қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Соңғы күндері көп жаңалық болып, оқиғалардың қалай өрбігенін өздеріңіз көріп жүрсіздер. Менің әкем Асқар Садықов жұмыс орнындағы харассментіне байланысты қатты айыпталды. Мен де болып жатқан оқиғаларға қатты таңғалдым. Шынымды айтсам, мен не айтарымды білмеймін. Не істеу керегін, кімге сену керегін және мұндай жағдайда қалай әрекет ету керегін білмеймін», – дейді әнші.
Ол мұндай жаңалыққа өмір оны дайындамағанын айтты.
«Харассментті басынан өткерген адам үшін қазіргі оқиға – үлкен стресс. Бұл жағдай менің өмірімдегі екі негізгі құндылыққа әсер етті: менің отбасым және әйелдердің құқықтары. Мен бірнеше жыл бұрын зорлық-зомбылыққа және зорлық-зомбылықтың барлық түріне қарсы шыққанымды және қазір де сол ұстанымыма адал екенімді түсіндіргім келеді. Мен зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісін айыптаймын. Осы қиын кезеңде мені қолдайтын және жанашыр адамдарға рақмет», – дейді Данеля.
Айта кетейік, партия төрағасы Азат Перуашев Асқар Садықов депутат болып жүргенде Парламенттегі бір әйелге сексуалды сипатта бопса жасады деп айыптаған болатын.
Ал кеше, 5 қыркүйекте әлеуметтік желіде видео жариялаған Асқар Садықов Азат Перуашев туралы өз шындығын айтты.
Оған жауап ретінде «Ақ жол» партиясы тағы бір мәлімдеме жасады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.