Берік Уәли Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі Мемлекет басшысының тұрақты бақылауында екенін айтты
Берік Уәли Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі Мемлекет басшысының тұрақты бақылауында екенін айтты
202
оқылды
Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі Мемлекет басшысының тұрақты бақылауында, - деп мәлімдеді Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли. Оның айтуынша, Қытайда сотталған Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбайды елімізге қайтару мәселесі бүгін бұқаралық ақпарат құралдарында тағы да талқыланып жатыр. «Қасым-Жомарт Тоқаев жақында елімізге сапармен келген Қытай коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси Бюросының мүшесі Ян Цзечимен әңгімелесу барысында Ақжарқын Тұрлыбайдың тағдырына қатысты мәселені тағы да көтергенін айта кеткен жөн. Қазақстан Президенті былтырғы қыркүйек айында Бейжіңге жасаған сапарында ҚХР басшылығын Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне гуманизммен қарап, оны Қазақстанға қайтару мәселесіне ықпал етуге шақырды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыртқы істер министрлігі мен құқық қорғау органдарына қытайлық әріптестерімен өзара іс-қимылдарды жалғастыруды тапсырды. Бұл іс Мемлекет басшысының тұрақты бақылауында», - деп жазды Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында. Еске сала кетсек, 21 жастағы қазақ қызы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың наурыз айында Қытайдың Малайзиямен шекарасында есірткімен ұсталған болатын. Оның жүк сөмкесінен 4,5 келі есірткі табылды, Ақжарқын ол туралы білмейтінін мәлімдеген. Осы іс бойынша Қытайдың Гуанчжоу соты Ақжарқын Тұрлыбайды есірткі контрабандасымен айыптап, өмір бойына бас бостандығынан айырды. Ал, 2019 жылы 13 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға мемлекеттік сапары барысында Ақжарқын Тұрлыбайға араша түскен болатын. ҚР Бас прокуратурасы бүгін Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға қайтаруға мүмкіндік бар екендігін мәлімдеген еді.