Былтыр 4 ақпанға қараған түні орын алған төтенше оқиға тұтас елді дүр сілкіндіргені есімізде. Елорданың Көктал-1 тұрғын алабындағы жекеменшік үйдегі өрттен бір отбасының бес бірдей қызы қаза тауып, қайғылы хабар қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырып кетті. Ең қиын тигені өрт шыққан түнгі мезгілде бес баланың ата-анасы жұмыста болғаны. Сол бір оқыс оқиға талайды ойландырып, елде көпбалалы отбасылардың әлеуметтік жағдайын түзеуге талап та күшейе бастады. Кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 1 жылда мемлекет тарапынан қандай жұмыстар жасалып жатқанын баяндады. «Былтыр қыз балалардың өрттен қаза табуы өте ауыр жағдай болды. Жасырмау керек. Мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға көзқарас өзгерді. Біріншіден, өткен жылдың сәуірінен бастап, атаулы әлеуметтік көмекті төлеу шарттары өзгерді. Себебі кедейлік шегі күнкөріс деңгейінің 50 пайызы болса, оны 70 пайызға дейін өсірді. Атаулы әлеуметтік көмекті алушылардың саны 4,5-5 есеге көбейді. Оған бөлінген қаражаттың көлемі 7-8 есеге артты», – деді ол. Сондай-ақ басқа да министрліктер тарапынан тұрғын үй мәселесі бойынша көпбалалы аналардың мәселесі жеке қарастырылып, олардың кезегін бөлек шығару жүзеге асырылды. «Біз олардан алған мәлімет бойынша, өткен жылы 8,5 мың көпбалалы ана пәтерге ие болды. Оның ішінде 1 мыңнан астамы демеушілердің арқасында. Оған қосымша, жылдың соңында «Бақытты отбасы» деген жобаны Тұрғын үй банкі енгізіп жатыр. Онда аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға 2 пайызбен 20 жылға алғашқы салымы 10 пайыз көлемінде ипотека енгізілді», – деді министр. Сонымен қатар Біржан Нұрымбетов әлеуметтік көмектер мен жәрдемақының көбейгені халықтың жағдайын жақсартқанын айтты. – Атаулы әлеуметтік көмек 2018 жылы 38 миллиард теңге болса, оның мөлшері 240 миллиард теңгеге жетті. Сондықтан жағдайы төмен, қиын жағдайдағы халыққа мемлекет тарапынан берілетін төлем ұлғайды. Былтырдың өзінде 136 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып, жағдайы дұрысталып, қиын өмірлік жағдайдан шыға білді, – деді ол. Бауыржан БАЗАР