Қазақстан ерлер ұлттық құрамасы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының аясында асық атудан Моңғолия ұлттық құрамасын 3:0 есебімен жеңіп шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Ұлттық спорт және ат спорты түрлері орталығының» баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан ерлер құрамасы А тобындағы алғашқы ойынын Моңғолия құрамасына қарсы өткізіп, қарсыластарына ешқандай мүмкіндік қалдырмады. Осылайша, отандық спортшылар 5 кездесудің алғашқысын жеңіспен бастады. Енді Қазақстан құрамасы Өзбекстан, Испания, Грузия және Мажарстанға қарсы кездесулер өткізеді.
Сонымен қатар, Қазақстан әйелдер құрамасы да А тобындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Олар Мажарстаннан келген қарсыластарын 3:0 есебімен жеңіп, өз тобында Қырғызстан, Швеция және Румыния әйелдер құрамаларына қарсы ойнайтын болады.
Дүбірлі додада асық атудан еліміздің намысын 8 спортшы қорғап жатыр: Нұрғиса Молжігітов, Жомарт Нұрланов, Керім Жаздықбай, Амандос Айтқұлов, Перизат Елемес, Камила Даниярова, Сәния Әскер және Көгершін Думан.
Айта кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында асық атудан сайыстар «Алау» мұз айдыны кешенінде өтіп жатыр. Финалдық кездесулер 11 қыркүйек күні өтеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.