Құрмет пен бауырластық символы

«Астана Арена» стадионында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатын тамашалауға шет мемлекеттерден келген мәртебелі меймандармен және жұртшылық жиылды. Салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы сөз сөйлеп, Қазақстанға келген бауырлас мемлекеттердің басшыларына, меймандарға және спортшыларға шынайы алғысын жеткізді.

Президент әлемдік ауқым­да өтіп жатқан ірі дода да­ла өрке­ние­тін дүние­жүзіне паш ететінін ай­рық­ша атап өтті. 

– Он жыл бұрын осы жарысты ал­­ғаш ұйымдастырған қырғыз бауыр­ларға алғыс айтамын. Бұл – ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлем­­дегі ең ірі дода. Оны Көш­пен­ділер олимпиадасы деуге бо­ла­ды. Бұл ойындар дала өр­ке­ние­тін жер-жаһанға паш етеді. Спорт – өзара құрмет пен сыйластық сим­волы. Спорттың басты миссиясы – халықтар достығын нығайту. Қа­зақ­­стан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде таны­мал. Елі­міз­де түрлі этнос өкілдері та­ту-тәтті өмір сүріп жатыр. Біз алыс-жақын шетелдің бәрімен ты­ғыз байланыс орнаттық. Басқа мем­­лекеттер де өзара достық қа­ты­наста болғанын қалаймыз. Сон­дықтан Көшпенділер ойын­да­ры ынтымағымызды бекемдей түспек, – деді Президент.

Бірінші жарыс күнінде спорт­шылар жамбы ату спор­ты­ның мажар стилінен бақ сынады. Атпен жүйткіп келе жа­тып нысана көздеу спорты 4 стильде өтеді. 27 мем­лекеттен келген 78 мерген 11 топ­қа бөлініп, өзара мықтыны анық­таған сайыстың алғашқы ал­тыны франциялықтарға бұйырды. Оны спортшы Рафаэль Малет ен­шілесе, екінші жүлделі орын Моң­ғолиядан келген спортшыға бұйыр­ды. Ал қола медальды де фран­цуз спортшысы иеленді. Қа­зақ­стан құрамасы сапында Айтбек Са­рыбай, Ералхан Айкөз, Батыр Бек­сауыт, Абзал Тұрлыбеков өнер кө­рсетті. Соның ішінде А.Тұрлы­бе­ков  үздік бестіктің қатарынан көрінді. 

V Дүниежүзілік көшпенділер ойын­дарының екінші күнінде әр ел­ден келген спортшылар спорт­тың 7 түрінен сынға түсті: көкпар, дәс­түрлі садақ ату, аударыспақ, мас-рестлинг, асық ату, кураш жә­не қазақ күресі. 

Жамбы ату. Көшпенділер ойын­­­­дарында айрықша назар ау­даратын спорт түрінің бірі – жам­бы ату. Оның басты ерекшелігі – ат үстінде нысана көздеу. Осындай көптің назары ауып отырған жам­бы атудан Батыр Бексауыт Көш­пенділер ойындарының жеңім­­пазы атанды. Ал қазақ­стан­дық Айтбек Сарыбай мен Ералхан Айкөз қола жүл­дені қанжығасына бай­лады.

Дәстүрлі садақ ату. «Арғымақ» ат-спорт кешенінде өтіп жатқан бә­секеге 33 мемлекеттен 180 спорт­шы қатысып жатыр. Қазақстан құра­масы сапынан 10 спортшы ел намысын қорғап, үш садақшы «Пу­та» нысанасы бойынша фи­нал­ға шықты. Кеше «Пута» ныса­на­сы бойынша (ерлер – 70 метр, әйел­дер – 60 метр) жарыста ерлер ара­­сында қазақстандық Қасымхан Қа­нат пен Жәнібек Құлмырзаев, ал әйелдер арасында Айкөркем Бати­хан финалға шықты. Соның ішін­де Жәнібек Құл­мырзаев ал­тын медальға, Қасымхан Қанат пен Айкөркем Батихан қола ме­даль­ға ие болды.

Көкпар. Сонымен қатар ке­ше 9 мемлекеттен 104 спорт­­­­шысы көкпар­дан өзара мық­тыны анықтау мақса­тында сынға түс­ті. Бұл ойыннан бақ сынайтын Қа­зақстан, АҚШ, Ресей, Өзбек­стан, Қырғызстан, Венгрия, Қы­тай, Моңғолия және Түркия құ­ра­малары. Көкпар қорытындысы 12 қыркүйекте белгілі болады. Ал ірік­теу кезеңінде Қазақстан құра­масы Өз­бекстан командасын ірі есеппен жеңіп, 16:0 есебімен ба­сым түсті. 

Аударыспақ. Астана қаласында ип­подром маңындағы этноауылда өткен аударыспаққа 9 мемлекеттен 64 спортшы тіркелді. Олар: Қа­зақ­стан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моң­ғолия, Түркия, Венгрия, Қы­тай, АҚШ және Ресей. Ел намы­сын қорғаған Қазақстан ұлттық құ­рамасының үш бірдей спорт­шы­сы финалға өтті. 60 келі сал­мақ­­та сынға түскен Ермек Құрал­бай алтын медальға ие болды. Бұл Қазақ­станның Дүниежүзілік көш­пенділер ойындарындағы ал­ғаш­қы медалі. Ермек Құралбай фи­нал­да Қырғызстан спортшысы Жек­шенбек Тұрдыбековті жеңді. Алмат Ләтіпбек екінші алтынды еншілесе, аударыспақтан үшінші ал­тын жүлдеге Дарын Өткелбай қол жеткізді. Бүгін Есімхан Рах­ма­тіллә, Сырым Ізбасаров және Бір­жан Қоса­лиев сынға түседі.

Қазақ күресі. Жақсылық Үш­кем­­піров атындағы Жекпе-жек са­райында қазақ күресінен 41 мем­лекеттен 274 спортшы бәсе­ке­ге шықты. Қазақ күресінен ке­ше сынға түскен барлық спортшы фи­налға шықты. Әйелдер ара­сын­дағы 48 келі салмақта Айжан Жыл­қыбаева, Назерке Азаматова, Рау­за Нұрмахамметова, ерлер ара­сын­да 55 келі салмақта Бекжан Тө­лепов алтын медаль иеленіп, ел ме­рейін асыр­ды. Айта кету керек, бүгін атал­мыш спорт түрінен ер­лер мен әйел­дердің әрқайсысы 8 сал­мақ дәрежесінде сынға түседі.

Мас-рестлинг. Саха халқының ұлт­­тық спорты мас-рестлингтен жа­рысқа 31 мемлекеттен 98 спорт­шы қатысады. Аталған спорт түрі­не Қазақстан ұлттық құрамасы аты­нан 8 спортшы сынға түседі. Олар – Темірлан Шамет, Асыл­мұ­рат Бірімжан, Владислав Гера­си­мов, Бердіқұл Алтай, Еркебұлан Ер­лан, Жансая Рахметуллаева, Тах­мина Кожамбердиева және Оль­га Душаева. Қорытынды нә­ти­же бойынша, ерлер арасында 65 келі салмақ дәрежесінде Бірімжан Асылмұрат пен әйелдер ара­сында 55 келі салмақ дәрежесінде отан­дық спортшы Тахмина Кожам­бер­диева Көшпенділер ойындарының қола жүлдегерлері атанды.

Әзірге Көшпенділер ойын­да­ры­на қатысушы Қазақстан құра­масының қоржыны барлығы 14 ме­даль, оның 9-ы алтынмен толы­ғып отыр. 

Бет қатталып жатқанда: Қазақ күресінен Дидар Тұқышев, Бақыт Құсақбаева, Мейіржан Берекетов, Жұмажан Қожамбеков Көшпен­ділер ойынының чемпионы ата­нып, алтын медальға ие болды. Ку­раш спорт түрі бойынша Альби­на Бахиева, Марат Байкамуров алтын иемденіп, Ажар Салықова күміс жүлдегер атанды.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ