Google компаниясы нарықтағы өзінің үстем жағдайын теріс пайдаланғаны үшін қомақты айыппұл салғанын cnbc.com сайты жариялады. Айыппұл себебін Aikyn.kz осы материалға сілтеме жасап түсіндіреді.
Сейсенбіде (10 қыркүйек) Еуропаның жоғарғы соты Google компаниясына өзінің өнім бағасын салыстыру қызметі мен нарықтағы үстем жағдайын теріс пайдаланғаны үшін салынған 2,7 миллиард доллар айыппұлды дұрыс деп тапты.
Айыппұл Еуропалық одақтың атқарушы органы Еуропалық комиссияның 2017 жылы аяқталған монополияға қарсы тергеуінен кейін салынды. Еуропалық комиссия Google бәсекелестердің қызметтерінен гөрі өзінің өнім бағасын салыстыру қызметіне басымдық беретінін анықтаған.
Google бұл шешімге Еуроодақтың екінші жоғарғы соты – Бас сотқа шағым түсірді, ол да айыппұлды қолдады. Содан кейін Google Еуроодақтың жоғарғы соты – Еуропалық сотқа шағым түсірді. Сейсенбі күні (10 қыркүйек) Еуропа соты Google-дың шағымын қабылдамады және комиссия салған айыппұлды өзгеріссіз қалдырды.
Google өкілі: «Соттың шешіміне көңіліміз қалды. Біз Еуропалық комиссияның талабына сәйкес 2017 жылы өзгерістер енгіздік. Біздің әдіс 800-ден астам бағаны салыстыру қызметтері үшін миллиардтаған кликтерді генерациялай отырып, жеті жылдан астам табысты жұмыс істеп келеді», – дейді.
Еуроодақ органдарының наразылығын ескеріп, Google 2017 жылы өнімдерді іздеу нәтижелерінде бәсекелестермен бірдей жарнама кеңістігін ұсынатын өзгерістер енгізді. Соған қарамастан 2017 жылы Еуропалық комиссия шығарған шешім өзгеріссіз қалдырылды.
Еуропалық сот 2016 жылғы Еуропалық комиссияның Apple-ға байланысты шешімін де қолдады. Енді бұл компания да Ирландияға 13 миллиард еуро салық қарызын төлеуге мәжбүр болды.
Мемлекеттік реттеуші органдар бүкіл әлем бойынша Alphabet иелігіндегі Google-ға қысымды күшейтуде. Наурызда Еуропалық одақ Еуропадағы технологиялық компаниялардың тәжірибесін зерттейтін Сандық нарықтар туралы заңға сәйкес, Alphabet-ке тергеу бастады. АҚШ-та Google осы жылдың басында монополияға қарсы істе ұтылып, енді Әділет департаментінің жарнама бизнесіне қатысты монополияға қарсы істінде жауап беруде.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.