VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда өтетін болды

Дүниежүзілік көшпенділер ойыны 10 жыл бұрын алғаш рет Қырғызстанда ұйымдастырылған еді.

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2026 жылы Қырғызстанда өтетін болды. Бұл туралы осы елдің Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтов ресми түрде мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бейнеүндеуде министр Қазақстандағы V көшпенділер ойындары жақсы өтіп жатқанын, қырғыз елінің спортшылары бірнеше жүлдеге ие болғанын айтқан. Ол отандастарын құттықтай келе, қырғыз халқына қуанышты жаңалығын жеткізді.

– Сіздерге айтар жақсы жаңалығым бар. Қырғызстаннан бастау алған Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2026 жылы өз мекені Қырғызстанда өтеді. Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігінің және өз атымнан сіздерді құттықтаймын, – деді қырғызстандық министр халыққа бейнеүндеуінде.

Айта кетейік, Дүниежүзілік көшпенділер ойыны 2014 жылы алғаш рет Қырғызстандағы Шолпан Ата мекенінде өткен болатын.