Бұл жөнінде Мемлекет басшысы өзінің осы жолғы Жолдауында айрықша атап өтіп, салада тәртіп орнатуды талап еткен еді. Мұндай жағдай тек мал шаруашылығына тән емес. Барлық салада сұғанақтық жиі көрініс береді.
Қалай болғанда да, қазынаға қол сұғатын сұғанақтар әлі азаймай тұрған сыңайлы. Жақында өткен брифинг барысында белгілі болғандай, Алматы облысында мемлекеттік қаржыны жымқырудың бірнеше дерегі әшкереленіпті. Бұл туралы Экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары Данияр Қыдыралиев баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Оның айтуына қарағанда, облыста мемлекеттің тарапынан нақты бір бағыттарды қолдауға берілетін субсидияларды жолын тауып заңсыз иемдену мен жалған құжаттар дайындап ұсыну арқылы жасалған 6 қылмыс тіркеліп, мемлекетке жалпы сомасы 653 миллион теңге болатын шығын келтірілген.
Экономикалық тергеу департаменті жүргізген тексеріс барысында сол баяғы агроөнеркәсіп кешенінде асыра сілтеу асқынып тұрғаны анықталыпты. Бұл салада мемлекет қаражатын жымқырудың жүйелі схемалары қалыптасып, көзбояшылықтың әбден етек жайғаны белгілі болған. Қазынаның қаржысын қалтасындағы ақшасымен шатастырған, қомағайлыққа салынған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшысы 7 жылға бас бостандығынан айырылыпты. Ол өзінің иелігіндегі ет өңдеу зауытының жобалау-сметалық құжаттарын ойдан құрастырып, қолдан жасау арқылы мемлекеттен 205 миллион теңге, жалған құжаттар арқылы кәсіпорынға орнатылған құрылғының өндірістік қуаты туралы ақпаратты бұрмалап, тағы 63 миллион теңге мөлшерінде қомақты субсидия алып, алшаң басып жүргенде тұтылыпты.
Ал облыстағы ауылшаруашылық кооперативтері бірінің басшысы мал басының саны туралы жалған ақпарат ұсынып, 50 миллион теңге субсидия алған және оларды жеке депозиттік шотқа орналастырып, түскен дивидендтерді өз қажеттілігіне жұмсап, жырғап отырған.
Кейінгі жылдары басынан дау-дамай арылмаған, жемқорлықтың түр-түрі тіркеліп, әбден жаманатқа қалған білім беру саласында да қазына қаражатын жымқыру жалғасуда. Осының алдында жазғанымыздай, өңірдегі жеке балабақшалардың басшылары балаларды жалған тіркеу арқылы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша бөлінген бюджет қаражатының қызығын көріп келген. Алматы облысының әкімдігі қазір осы саладағы мемлекет қаражатының талан-таражға түсуін болдырмау мақсатында Іле және Жамбыл аудандарындағы балабақшаларды Face ID функциясы бар құрылғылармен жабдықтады. Балалардың нақты есебін жүргізуге және болашақта жоғарыдағыдай жемқорлық сипатындағы заңбұзушылықтарды болдырмауға мүмкіндік береді деген үміт бар. Бұл қадам ақталып жатса, болашақта мектепке дейінгі білім мен тәрбие мекемесінің барлығында осындай құрылғылар орнатылатын болады.
«Коммуналдық қызметтер мен әлеуметтік маңызы бар тауарларды сатып алу кезінде екі ортадан заңсыз пайда тауып келген делдалдарды болдырмау үшін белсенді жұмыстар жүргізілуде. Мұндай мемлекеттік бюджеттің ақшасын үнемдеу және оны дұрыс пайдалану мақсатында жасалып жатқан шаралар алдағы кезде де жалғаса береді», – дейді Данияр Қыдыралиев.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы