ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Ерен еңбегі үшін және Еңбек ардагері медальдерінің иегері Қажығалиева Күләш Сопқанқызы қайтыс болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл туралы Ғабит Мүсірепов атындағы театрдың баспасөз қызметі хабарлады.
– ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Ерен еңбегі үшін және Еңбек ардагері медальдерінің иегері, театрымыздың әртісі Қажығалиева Күләш Сопқанқызы өмірден өтті.
1969 жылдан бастап тынбай еңбек етіп, жемісті еңбек еткен артист Б.Соқпақбаев "Менің атым Қожа" – Жанар, "Қызыл сұңқарлар" – Маруар, Иран-Ғайып "Қорқыттың көрі" – Қамқа шеше, Ш.Айтматов "Ыстықкөл трагедиясы" – Кемпір, "Ақ кеме" – Кемпір, С.Балғабаев "Қыз жиырмаға толғанда" – Ғани, Ә.Тарази "Жақсы кісі" – Балзия, О.Бөкей "Атау-Кере" – Марфа, "Ауылдан келген ару" – Сәндігүл, С.Балғабаев "Ең алғашқы Жаңа жыл" – әже, А.П.Чехов "Шағала" – Полина Андреевна және т.б. рөлдерді сәтті сомдаған.
Өнердің аңыз, театрымыздың абыз анасынан айырылу орны толмас үлкен қайғы. Отбасы мен туыстарына қайғыра көңіл айтамыз, – делінген ресми хабарламада.
Актрисаның жаназасы 13 қыркүйек сағат 10:00-де Розыбакиев көшесі, 70-ші үй, 26-шы пәтерде өтеді.
Қонақасы 13.09.24 сағат 13:00-де Ару-Ана мейрамханасы, Төле би көшесі, 191-де болады.