Астанада республикалық «Жолдағы қабылдау» акциясы өткізіліп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Екі күндік акцияға әкімшілік, көші-қон және жергілікті полиция қызметі басқармаларының басшылығы қатысады. Одан бөлек қала қонақтары мен тұрғындар Мемлекеттік кірістер департаменті және «Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС өкілдерінен кеңес ала алады.
«Бұл шара халықтың ішкі істер органдарының қызметіне деген сенімін арттыру, халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу мәселелері бойынша құқықтық ағарту және ақпараттандыру мақсатында өткізіліп отыр», - деді Әкімшілік полиция басшысының міндеттерін атқарушы, полковник Нұрлан Уваев.
Сондай-ақ полицейлер әлеуметтік желілердегі тікелей эфир кезінде азаматтарды қызықтырған сұрақтарға жауап береді.
Бүгін құқық қорғау қызметкерлеріне автокөліктің әйнектерін қараңғылау, жоғары сұраныстағы нөмірлерді қайта рәсімдеу, жүргізуші куәлігін алу процесіне қатысты сұрақтар келіп түсті.
Астана тұрғыны бүлінбес үшін жаңбыр жауған кезде мемлекеттік нөмірді шешу мүмкіндігі туралы сұрақ қойды.
Процессингтік орталықтың бөлім басшысы Жанат Жүсіпбеков жаңбыр кезінде мемлекеттік нөмірді шешуге тыйым салынғандығын түсіндірді.
«Жаңбыр кезінде нөмірді шешуге болмайды. Егер сіз нөмірді жоғалтып алсаңыз, ХҚКО немесе Электронды үкімет арқылы оның дубликатына тапсырыс бере аласыз», - деді спикер.
Әкімшілік полиция басқармасында call-орталық жұмысы ұйымдастырылған. Телефондары: 8(7172) 71-69-77, 67-75-75, 53-27-74. Қала тұрғындары мен қонақтары осы телефон нөмірлеріне хабарласып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап және құқықтық көмек ала алады.
Республикалық акция 13-14 қыркүйек күндері сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін келесі мекенжайларда өтеді:
- «Ханшатыр» СОСО (Тұран даңғылы, 37)
- «Керуен» СОСО (Достық көшесі, 9)
- Мамандандырылған ХҚКО (Сәбит Мұқанов көшесі 2).