Жиынға ғалымдар, атом саласының мамандары, студенттер қатысты. Талқылау барысында азаматтар АЭС салудағы технологияның қауіпсіздігі, сондай-ақ оның әлеуметтік-экономикалық аспектілері бойынша өздерін толғандыратын барлық сұрақтарды қойып, жауап алды. Толығырақ Халықтық штабтың мүшесі Алмас Айтмұқаш өз пікірінде бөлісті.
– Бүгінде АЭС салу жөніндегі Абай облысының Халықтық штаб мүшелері әртүрлі саладағы қызметкерлер мен облыс тұрғындарымен кездесу өткізуде. Мұндағы басты мақсат – алдағы жалпыұлттық референдумның өткізілуі. Осы референдумға орай атом электр стансасының салынуы талқыға түсуде. Бүгін Халықтық штаб мүшелері Әлихан Бөкейхан атындағы университет ұжымына келіп, бірнеше сұрақтар легін көтеріп, оларға жауап беруде. Бұл алдағы уақытта халықпен тікелей жұмыс істеу мақсатында жүргізіліп отыр. Сонымен қатар облысымыздың басқа да өңірлеріне барып, түсіндірме жұмыстарын жүргізу жоспарда бар. Жалпы, бұл жұмыстар 5 қазанға дейіне жүргізілетін болады, – деді штаб мүшесі.
Сондай-ақ штаб мүшелері республикалық референдум қарсаңында осы тарихи оқиғаның маңыздылығы мен АЭС құрылысы мен атом энергетикасын дамыту перспективалары туралы жеткізді. Атом электр стансаларын тиімді басқаруға және оларға техникалық қызмет көрсетуге қабілетті кадрларды дайындау үшін білім беру бағдарламалары мен зерттеулердің қажет ететіні айтылды.
АЭС салынудың маңыздылығы жайлы өңірлік Халықтық штаб төрағасының орынбасары Нұржан Әбдікәрімов өз сөзінде толықтыра өтті. “Бұл іс-шара 6 қазанда өткізілетін референдумға байланысты. Жалпы, бұл саяси реформаның жалғасы. 2019 жылдан бастап елімізде саяси реформа жүргізіліп келеді. Бірінші кезекте, жергілікті атқарушы органдарға байланысты саяси реформа. Оны тікелей халық сайлауда. Келесі жылдан бастап мерзімі аяқталған аудан әкімдерінің сайлауы болады. Былтырғы жылы республика бойынша 45 өңірде аудан әкімдерінің сайлауы өтті. Бүгінде АЭС салынуы бойынша таңдау халыққа берілуде. Осы мәселеге байланысты республика бойынша саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, кәсіпкерлер қолдау көрсету мақсатында Халықтық штаб құрылды. Біздің басты мақсатымыз – түсіндіру жұмыстарын жүргізу. "Бүгінде АЭС бізге не үшін қажет, қоғамға қандай пайдасы бар?" деген секілді сұрақтарға жауап берудеміз”, – деп атап өтті Нұржан Әбдікәрімов. Спикердің айтуынша, АЭС құрылысының аумағын орналастыруға Қазақстанның екі аумағы қарастырылған. Абай облысындағы Курчатов қаласының маңы мен Алматы облысындағы Үлкен ауылы орналасқан жер. Екеуі де АЭС салуға қолайлы жер. Сондай-ақ елімізде АЭС салу үшін 5 жыл көлемінде құжаттарды рәсімдеу жұмыстарын жүргізу қажет.