Дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов жаңа Mercedes AMG GLE көлігінің иегері атанды, күміс жүлдегер Нұрбек Оралбай Toyota Land Cruiser Prado, бокстан қола жүлдегері Назым Қызайбай Mini Cooper көлігін тізгіндеді. Бір қызығы, тіпті жүлдесіз қалған боксшы Айбек Оралбай да «Прадо» мінді, - деп жазды Aikyn.kz.
Бұл көліктердің барлығын Forbes нұсқасы бойынша елдегі ең ықпалды бизнесмендер тізіміне енген қазақстандық кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов сыйлады. Қаражал (Ұлытау) мен Таразда бірқатар зауыттар мен медициналық орталықтар желісінің иесі Жанықұлов мұндай сыйлықты бірінші рет жасап отырған жоқ. Бұған дейін ол Елдос Сметовті Олимпиададан оралған соң Алматы әуежайында қарсы алып, оған Toyota Land Cruiser Prado көлігін сыйлаған.
Бірер күн бұрын Елдос Сметов Ақтауда жас дзюдошылармен өткен кездесуде 10 миллион теңге сыйлыққа ие болған еді. Дегенмен нағыз сенсация спортшының Парижден оралғаннан кейін бес көлік алғаны болды.
Сметовке берілген көліктер:
Мәжіліс депутаты Руслан Берденов пен кәсіпкер Жұмабек Жанықұловтан Toyota Land Cruiser 250;
Лексус LX 600 автокөлігі, оның кілтін табыстаған Жамбыл облысының әкімі көлікті жергілікті кәсіпкерлер тарту еткенін атап өтті;
Сметов өзінің алғашқы жаттықтырушысы Ахмет Жұмағалиға берген Тұрар Рысқұлов атындағы ауданнан сыйға тартылған Хавал 6;
KIA EV 6, Қазақстан Республикасы Дзюдо федерациясының бұрынғы президенті, Кеңес Рақышевтың тартуы;
Mercedes AMG GLE, Жұмабек Жанықұловтың екінші көлігі.