Иорданияның Амман қаласында өткен бокстан іріктеу турнирінде қазақстандық боксшылар Олимпиадаға 9 жолдама, 8 медаль жеңіп алды. Аммандағы Токио Олимпиадасына іріктеу турнирі өз мәресіне жетті. Жарыс нәтижесінде, қазақстандықтар 9 лицензия (8-ін – ерлер; 1-еуін – қыздар құрамасы) және 8 медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, жарысқа Ғалымбек Кенжебаев жаттықтыратын боксшылардан 8 салмақтан 8 былғары қолғап шебері барды. Барлығы лицензияға ие болды. Сондай-ақ, ерлер құрамасы ел қоржынына 2 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль сыйлады. Нақтырақ айтсақ, 81 келі салмақта Бекзад Нұрдәулетов пен 91 келі салмақта сынға түскен Василий Левит жеңіске жетті. 63 келі салмақта Зәкір Сафиуллин мен 75 келі салмақта Әбілхан Аманқұл күмісті қанағат тұтты. Ал қола медальді 57 келі салмақта Серік Теміржанов, 69 келі салмақта Абылайхан Жүсіпов және +91 келі салмақта Қамшыбек Қоңқабаев иеленді. Әйелдер боксынан Олимпиада жолдамасын және турнирдің қола медалін 75 келі салмақта Надежда Рябец алды. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан құрамасы сапынан Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінің іріктеу турниріне ерлерден 8 салмақ, әйелдерден 5 салмақ санатында жалпы 13 боксшы сынға түсті. Атап айтқанда, ерлерден 52 келі салмақта Сәкен Бибосынов, 57 келіде Серік Теміржанов, 63 келі салмақта Зәкір Сафиуллин сынға түссе, 69 келіде Абылайхан Жүсіпов ел намысын қорғады. Ал 75 келі салмақ санатында Әбілхан Аманқұл, 81 келіде Бекзад Нұрдәулетов, 91 келі салмақта Василий Левит Олимпиада жолдамасына таласты. Ал, әйелдер боксынан жарысқа 51 келіде Ангелина Лукас, 57 келіде Дәметкен Келімбет, 60 келі салмақта Римма Волосенко, 69 келіде Валентина Хальзова, 75 келі салмақта Надежда Рябец қатысты. Жалпы есепте Қазақстан құрамасы медальдер саны жағынан Өзбекстаннан кейінгі екінші орында: Өзбекстан 3 - алтын, 3 - қола Қазақстан - 2 алтын, 2 күміс, 3 қола Иордания - 1 алтын, 1 күміс, 3 қола Қытай - 1 алтын, 2 қола Филиппин - 1 алтын Австралия - 2 күміс Үндістан - 1 күміс және 3 қола Таиланд пен Жаңа Зеландия - әрқайсысында 1 күмістен Вьетнам мен Моңғолия әрқайсысы 1 қола медальдан иеленді.