Мәжілістің қарауына тауар биржалары мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістер бірінші оқылымда енгізілді. Тиісті заң жобасы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын іске асыру аясында Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленген. Заң жобасында биржаларға қойылатын реттеушілік талаптарды қатаңдату, мемлекеттік бақылауды күшейту, сондай-ақ отандық өндірушілердің ашық сауда құралдарына қол жеткізуін қамтамасыз ету ұсынылады.
Жалпы отырыстың күн тәртібіне Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы енгізілді.
Бұдан басқа, депутаттар «Пошта туралы» заңға енгізілетін өзгерістерді жұмысқа алатын болады.
Бюро отырысында Мәжілістің VIII шақырылымдағы Қоғамдық палата құрамына жаңа мүшелерді қосу мәселесі де қаралды және депутаттардың сайлаушылармен кездесу үшін өңірлерге сапарға шығуы туралы ақпарат тыңдалды.