Атом қуаты адамзат игілігіне айналып келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 6 қазанда АЭС салу жөнінде референдум өтеді.

Қазір қоғам талқысындағы осы мәселеге орай елімізде атом энергетикасы кадрларын даярлау және оны бейбіт мақсатта пайдаланудың ерекшеліктері жөнінде Ядролық физика институты бас инженерінің орынбасары Асхат Бекбаевпен әңгімелескен едік.

– «АЭС не үшін керек?» деген сұраққа маман­дардың көбі елімізде электр энергиясы жетіс­пейді, атом энергиясы экономикалық жағы­нан тиімді, экологияға зияны жоқ деп жау­ап береді. Сіздіңше, АЭС Қазақстанды энергия тапшылығынан қалай құтқарады? Бір ғана АЭС салып, қуат жетіспеушілікті еңсере аламыз ба?

– Энергия тапшылығы қазірдің өзінде бар. Біз Ресей мен Қырғыз мемлекетінен күнделікті электр энергиясын сатып алуға мәжбүр болып отырмыз. Көбіне кешкі және таңертеңгі уақытта сатып аламыз. Яғни, Энергетика министрлігінің мәлі­метінше, қазір бізде жетіспеушіліктің қуаты 2 ГВт-тан асып тұр. Сондықтан АЭС салу жоспарланып жатыр. АЭС-ті 2035 жылы қосамыз деп болжағанның өзінде бұл қуаттылықтың мөлшері толық  9-10 пайыз болады. Сонымен қатар АЭС-тен басқа жаңартылатын электр көздерін салу да жоспарланған. 2023 жылғы мәлімет бойынша, жаңартылатын электр көздерінің қуаттылығы 6 пайызды құрады. Яғни, біз жаңартылатын қуат көздерінен бас тартып жатқан жоқпыз. Оларды да салуды қарастырып, осы бағытта қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. 

Бір ғана АЭС салып электр қуатының жетіс­пеушілігін еңсере алмаймыз. Бірақ алдымен бір АЭС-тің өзі біршама тұтын­у­­шылық қажеттілікті қамтамасыз етеді. АЭС салу арқылы энергетикалық тәуелсіз­дікке қол жеткізе аламыз. Атап айтсақ, ол меншікті атом электр стансасы энергия тасы­малдаушылардың импортына тәуел­ді­лікті азайтуға, елдің энергетикалық қау­іп­­сіздігін арттыруға және энергетикалық ресурстарды неғұрлым икемді басқаруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге АЭС ме­тал­лургия, химия және машина жасау сияқты энергияны көп қажет ететін сала­­ларды дамытуға қуатты ынталандыру бола алады. Жаңа жұмыс орындарын да атап өт­песке болмайды. Бұл – ел экономикасына оң­ әсер етеді. Атом электр стансаларын са­лу және пайдалану жаңа технологиялар мен ғылыми зерт­теулерді дамытуды талап етеді, бұл елдің технологиялық жабдықталу деңгейін арттырады. Одан бөлек, парниктік газдар шығарындыларын азайта аламыз. Себебі атом энергетикасы төмен көміртекті болып келеді. Бұл Қазақстанға парниктік газдар шығарындыларын азайтуға және кли­маттың өзгеруіне қарсы күреске өз үле­сін қосуға көмектеседі.

– Егер АЭС салынатын болса, ғылыми прак­тикада қай елдің технологиясы озық және біз қай елдің тәжірибесіне жүгінгеніміз дұ­рыс деп ойлайсыз?

– Қазір мемлекетке ұсынылған 4 жоба бар. Төрт түрлі реактор: ҚХР «CNNC» (HPR-1000 реакторы), «Росатом» МК (РФ, ВВЭР-1200 реакторлары), Оңтүстік Корея «KHNP» (APR-1000 мен APR-1400 реакторлары) және Франция «EDF» (EPR1200 реакторы) компаниялары қарастырылып отыр. Бұл реакторларда су-сулы реакторлардың типтері таңдалған. Себебі қауіпсіздігі жағынан өте жоғары реакторлардың бірі. Яғни, 50 жыл жұмыс істеген уақыт аралығында бірде-бір апатты жағдай болмаған. Демек, қауіпсіздік деңгейі тәжірибеде расталған.

Ал қай мемлекет салатынын референдум оң шешілген жағдайда сарапшылар, мемлекеттік органдар шешеді.

– АЭС халықтың тұрмыс-тіршілігіне қалай әсер етеді? Олардың денсаулығына қаупі жоқ па, экологияға зияны тимей ме?

– Реактордың жұмыс істеу кезінде экологияға және адамға әсері болмайды. Өйт­кені реактор қауіпсіз жағдайда жұмыс істейді. Жан-жақтағы экологиялық ахуалды құртпайды. Оның радиациялық өлшемі қоршаған ортадағы радиациялық өлшемнен сыртқа артық кетпейді. Қауіпсіз реакторлар болғандықтан адамға тигізетін кері әсері жоқ. Біздің реактордың жанында тұратын Алатау қалашығына былтыр арнайы құрылғылар берілген болатын. Осы құрылғылар 6 ай сайын, 3 ай сайын тексеріліп, адам ағзасына қандай зиянды қандай радиациялық мөлшер алынатын­дығына мониторинг жасалған болатын. Мониторингтің қорытындысы бойынша алған дозалардың өлшемі 10 дозасынан ас­пай­тыны анықталған. Бұл реакторлардың жанында тұратын тұрғылықты халыққа ешқандай кері әсерін тигізбейтінін айдан анық қылып көрсетті.

Дегенмен әсерлерден қорғау үшін, ең алдымен, АЭС салу үшін алаңды мұқият таңдауға мән беруіміз керек. Одан бөлек, төтенше жүктемелерге төтеп бере алатын ғимараттар мен құрылыстардың құрылымын және төтенше жағдайларға арналған іс-қимыл жоспарларын әзірлеу қажет. Ық­ти­мал тәуекелдерге қарамастан, қазіргі за­ман­ғы атом электр стансалары ең қауіпсіз энергия көздерінің бірі болып табылады. Технологиялар мен қауіпсіздік жүйелерін үнемі жетілдіру апаттардың ықтималдығын азайтуға мүмкіндік береді

–  АЭС-тің радиоактивті қалдықтарсыз болмайтыны шындық, оны қайта өңдеу және сақтау әлемдік деңгейде әлі де шешімін таба қойған жоқ. Қазақстан радиоактивті қалдықты қайда, қалай сақтамақ? Мүлде зарарсыздандыру мүмкін бе?

– АЭС-де жанған отынның шығынды­лары болады. Осы радиоактивті шығынды­ларды уақытша сақтау қоймасына салып, қайтадан өңделетіндей қылып, оны за­ман­ауи технология негізінде жаңа отын ретінде пайдалануға болатын мүмкіндік бар. Бұл технологияларды Франция, Ресей мемлекеттері пайдаланып келеді. Техноло­гия туралы айтатын болсақ, қалдық отынды бай­ы­тып, қайтадан отын ретінде 4 буын реакторларына дайындауға болады. 

Ал экологтердің, «жасылдардың» айтуы бойынша, оны миллиондаған жылдарға көміп тастаймыз және радиация қоршаған ортаға әсерін тигізеді деген шындыққа жан­ас­пайтын мәлімет.

– Станса Алматы облысында Балқаш көліне жақын орналасқан Үлкен ауылының маңында салынатыны нақты шешілді ме? Балқаш көлінің су деңгейі АЭС-ке қажетті сұранысты өтей ала ма? Су сапасына әсері бола ма?

– Жоғарыдай айтқанымыздай, жаңа қарастырылып отырған реакторлардың типі су-сулы реакторлар. Ол екі контурдан тұратын реактор. Бұл контурлар тізбектей және тұйықталған жүйе болады. Бірінші контур отынмен, яғни уранмен тікелей жанасады. Бірінші контурдың радиациясы 14, екінші контур бірінші контурды суыта­тын және жылуын алатын контур, тұйық­талған болғандықтан осы екі контурдың суы бір-бірімен араласпайды. Жылу алмасуы жылу алмастырғыштармен байла­нысты болады. Екінші контурда су буланған кезде механикалық роторларды айналдыр­ып, механикалық энергиядан электр эн­ер­гиясына айналады. Балқаш суы екін­ші контурдағы судың буын конден­сация­латындай буды суытып қайта шығады, яғни Балқаш көлі­нің суы реактордың тікелей екінші контурымен араласпайды, соның аумағына келіп буын суытып қайта шығатын су бол­ып тұр. Оның тек бір мәселесі бар. Балқаштың суы реакторға тұйықталған тізбекпен келіп кіреді және 5-7 градусқа дейін температурасы көтеріледі де, қайтадан Балқаш суына құйылады. Осы  пайдала­нылған судың көлемі Балқаш көлінің тұтас көлемімен салыстырғанда өте аз мөл­шерде болғандықтан, көлге зияны тимейді.

–  Демек, реакторда ысытылған су Бал­қашқа қайта құятын болса, оның Балқашқа зиянын тигізбейтіндігі және қауіпсіздігі қалай дәлелденген?

– Мысалға айтатын болсам, біздің инс­титутта реактор 1957 жылдан бастап іс­теп келе жатыр. Қазір сол реактордың база­сында радиофарм препараттары жаса­лады. Радиофарм препараттар Шымкентке, Алматыға, Семейге, Астанаға жөнелтіледі. Олар онкологиялық ауруларды емдейтін бірден-бір препараттар. Жылына 4,5 мыңнан аса адам, біздің институтта шығарылған радиофарм препараттардың арқасында ем-шара алып жатыр. Биылдан бастап радиофарм препараттарымыз Бішкек қаласына да жөнелтіліп жатыр. Одан басқа өндірістік радиоизотоптар бар. Ол да газ-мұнай саласына керекті радиоизотоптар. Яғни, әлеуметтік жағынан – бұл технологиялардың пайдасы өте зор. Ғылым жағынан ғалымдарымыз істеп жатқан жұмыстары алдынғы қатарлы халықаралық жарияланымдарда мойын­далып, бейбіт атомның пайдасы зор екенін дәлелдеді десек болады.

– Ал АЭС энергетикалық тәуелсіздік пен қауіпсіздікке қаншалықты кепіл бола алады? Сонымен қатар АЭХА МАГАТЭ АЭС-тің қауіпсіздігіне қаншалықты жауап бере алады?

– Атом энергиясы жөніндегі халықара­лық агенттік – (МАГАТЭ) бүкіл әлем­дегі бейбіт атомның қолданылуын қада­ғалайтын ұйымның бірі. Біздің ғылыми зерттеу реактор АЭХА-гі (МАГАТЭ) са­рап­шыларының бақылауында десек қателеспейміз. Жыл сайын біздің ұйымды АЭХА үш мәрте тексеріп кетеді. АЭС және ғылыми зерттеу реакторларына АЭХА ұйымының қауіпсіздік жағынан және пайдалану жағынан қойылатын талаптары бірдей. Ол үлкен бе, кіші ме атом реак­торына бірдей талаптар қойылады, яғни бұл қадағалаудың үлкен деңгейде екенін көрсетеді.

– АЭС-ті салуға оны дұрыс пайдалануға отандық мамандардың әлеуеті жете ме?

– АЭС-ті пайдалануға қауқарымыз жетеді. Өйткені атом саласында, атом энергетикасында, атомды бейбіт мақсатта пай­далануда біздің үлкен құзыреттілігіміз бен тәжірибеміз бар. Қазірдің өзінде елі­мізде 50 жылға жуық уақыт аралығында үш реактор жұмыс істеп келе жатыр. Ол­ар­дың бәрінде мамандар шоғыры қал­ып­тасқан. Бұл Қазақстанда баяғыдан мамандар даярланып жатқанын көрсетеді. Бұдан басқа қарқынды жұмыс істеп жатқан бағыты жоғары оқу орындарымен Қазақ ұлт­тық университеті, Еуразия ұлттық университеті, Шығыс Қазақстанда Аманжолов және Серікбаев атындағы университеті, Қ.Сәтбаев университетінде, Алматы Энергетикалық университетінде инженер мамандар дайындалып жатыр. 2011 жылдан бастап, 2023 жылы сала бойынша 1 600-ден аса адам дайындалып, жоғары оқу орындарын бітірген болатын. Оқып жатқан студент, магистранттардың саны 260-қа жуық. Одан басқа біздің институттың базасында ЖОО-лардың студенттері келіп өзінің практикалық сабақтарда экспериментальдық түрде деңгейін шыңдайды. Сонымен қатар институт базасында АЭХА-ның көмегімен 2000 жылдан бастап, үш оқу орталығы ашылған. Осы оқу орталықтарында атом саласында істейтін қызметкерлердің деңгейі шыңдалып, оқу курстарынан өтеді. Осының бәрі Қазақстанда АЭС-ке қатысты мамандардың дайындалған үлкен легі бар екенін көрсетеді. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ