Қазақстан боксшылары Аммандағы Азия чемпионатына қатысады

Азия чемпионаты 30 қараша мен 12 желтоқсан аралығында Иорданияның Амман қаласында өтеді.

Бокстан Қазақстан құрамасы Иорданияның Амман қаласында өтетін Азия чемпионатына қатысады, - деп хабарлайды  Aikyn.kz Olympic.kz-ке сілтеме жасап. 

Бұл туралы бас бапкер Қайрат Сәтжанов мәлімдеді. 

«Олимпиада ойындары аяқталған соң, бокстан ересектер командасы қандай да бір жарысқа қатысқан жоқ. Алдағы уақытта Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған ірі халықаралық бәсеке өтеді. Аталған турнир 29 қыркүйек пен 5  қазан аралығына жоспарланған. Бұл додада ұлттық құрама спортшыларының барлығы да бақ сынап көреді.  

Бір айта кетерлігі, халықаралық турнирге Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан сынды мемлекеттерден спортшылар келеді. Осы турнир ұлттық құрама боксшылары үшін алдағы Азия біріншілігіне іріктеу болатынын еске саламын.

Азия чемпионаты 30 қараша мен 12 желтоқсан аралығында Иорданияның Амман қаласында өтеді. Қазір барлық спортшыны бақылайтынымызды айтқым келеді. Азия біріншілігіне қатысатын кейбір салмақтардағы спортшылар осы Қарақозы Әбдәлиев турнирінен соң анықталады.

80 келіде  Олимпиаданың күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай  қатысады деп отырмыз. Қалған боксшылар осы жарыстан соң белгілі болады", - деді бас бапкер. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram арнасынан таба аласыз.