«Ербаян дәретханада құлап, жарақат алды дегенге кім сенеді?» – депутат

Қазір Қазақстандағы әскери салада мәселе шаш етектен. Қорғаныс министрлігінің жұмысына қатысты сын көп. Себебі әскери қызметкерлердің өлімі жиілеп кетті.

"AMANAT" партиясының мүшесі, ҚР Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа депутаттық сауал жолдады. Өз сауалында депутат әскердегі әлімжеттік, қауіпсіздік, әлеуметтік жағдай секілді мәселелерге тоқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

«Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы: «Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр» дейді. Сол жөргектегі тәрбиесі жер көкке сыйғызбай әскер қатарына барып, Отанымды қорғаймын деген балаларға қиянат жасалды.  Жауырды жаба тоқығанмен, жараның жазылмайтыны белгілі, оның айғағы бейбіт күнде сарбаздарымыз түрлі дене жарақатын алып, кейбіреуі қайтыс болуда. Бұл – бір емес, бірнеше рет қайталанған жағдай.  Осының салдарынан айыппұл салмақ түгілі айып тақсаңда ешкім бауыр еті баласын жастар жан тапсырған орта – әскер қатарына жібергісі келмейді. Мәселен, соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған. Бұл – әскери прокуратура мәлімдеген ресми саны», – деді депутат.

Депутат бұдан соң Ербаян Мұхтар жайлы да сөз қозғады.

«2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. Арты немен бітті дейсіз ғой, іс тараптардың бітімге келуімен жабылып қалған.  2024 жылдың маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерге келгеніне 1-ақ ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен. Ал таяуда болған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызды. Ұлттық ұланның жауынгері Ербаян Мұхтар басынан алған жарақаттан бес ай бойы ес-түссіз жатыр. Жауаптылар «Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды» дейді. Бұған кім сенеді? Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген. Енді оған тұрақты күтім қажет. Қазір ата-анасы Ербаянды шетелге емге әкетуге қам жасауда», – деді ол.

Нартай Сәрсенғалиев Ақтаудағы гарнизонда офицер атып өлтірген Марат Барқұловтың қазасын тергеу орындары әділ зерттеп, нәтижесін қоғамға ашық түрде жеткізуі керек екенін айтты.

«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты», – деп атап өтті. Өкінішке қарай, армиядағы жағдай бұған мүлдем кереғар болып тұр. Былтыр Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерде 50 мыңнан астам бейнекамера бар деді. Ондағы жазбалар қайда? Әлде Ербаян секілді бауырларымыз жарақат алғанда әлгі камералар теріс қарап қалды ма?», – дейді ол.

Депутаттың сөзінше, әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы да өте төмен көрінеді.

«Олардың айлығы шайлығына жетпейді, себебі соңғы рет әскерилердің жалақысы 2008 жылы ғана көтерілген. Уағында берілген әлеуметтік қолдау шараларының біразынан шет қалған. Бұл жағдайды түзету – кезек күттірмейтін мәселе. Жоғарыда айтылған жағдайларды ескеріп, еліміздің армиясындағы аталған келеңсіздікті тыю және алдын алу бойынша нақты шараларды қабылдау және әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жобаларды қолға алып, олардың іске асуын жеделдетуді ұсынамын»,– деді депутат Қорғаныс министрлігіне жолдаған сұрауында.