Әйгілі “Дос-Мұқасан” тобының солисі, әнші марқұм Ақжол Мейірбековтің әйелі өнер иесінің өмірінің соңғы сәттері туралы айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
“Астарлы ақиқат” бағдарламасында 50 жыл отасқан жары Шәрипа Мейірбекова марқұмды сағынышпен еске алды.
“Үш жыл бұрын Ақжолға отандық дәрігерлер тері ауруының қатерлі ісігі деген диагноз қойды. Аяғындағы қатерлі ісік ажалына себеп болды. Бірақ ол мойымады. Отандық медицина қызметкерлеріне сеніп, шетелге де бармады. Өмірінің соңына дейін ән айтып кетті. Ештеңеден қорыққан жоқ. Дәрігерлердің айтқанын істеді. Ауруханаға жатып, ісікті емдеді. Оны алдырып тастады. Үш жыл үзбей химиятерапия алды. Алланың жазғаны болады деп сендірді. Соңғы кезде қатты шаршап, әлсіреп қалғанда тағы ауруханаға жатты. Сол кезде-ақ дәрігерлер үйге шығарды. “Мұсылманша жөнелткен дұрыс. Мына жақта сойып тастайды” деді. Үйге екі күн ғана қонып, аттанып кетті. Бәрі тез болды. Өзіміз де не болғанын ұқпай қалдық. Бір күні “Маған ризасың ба?” деп сұрадым, “Саған қалай риза болмайын?” деді. Сол сөзінен кейін ертеңіне жүріп кетті”, – деді марқұмның жұбайы.
Өнер иесінің әйелі 50 жылға шегініс жасап, жолдасымен танысқан сәтін есіне алды.
“Менің ұлтым – өзбек. Ол кезде қазақ пен қазақ қана үйленетін. Бірақ Ақжол соны бұзып, менің әкемнің алдынан өтуге барды. Бірақ әкем “біздің әулетте қазаққа тиген ешкім жоқ” деп қайтарып жіберді. Содан ол кісі анасын алып келіп, құда түсті. Бірақ әкем келіскен жоқ. Сол кезде марқұм енем, “Онда алып қашамыз. Осы қыздан басқа ешкімді келін қылмаймын” депті. Ол кезде менің жасым 18-де еді. 50 жыл отбасылық өмірдің ыстық-суығын бірге көрдік”, – деді Шәрипа Мейірбекова.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.