Майқайыңдағы апат: экс-директор мен 5 қызметкер қамауға алынды

Олар төрт құтқарушының өліміне қатысты қозғалған қылмыстық іс аясында жауап береді.

Төрт құтқарушы қаза тапқан «Майқайыңалтын» кен байыту комбинатының экс-директоры мен тағы бес қызметкері қамауға алынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап. 

Оларға тау-кен және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзды деген айып тағылған.

– Павлодар облысының полициясы тау-кен және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуде "Майқайыңалтын" АҚ-ның алты жауапты қызметкерін ұстап, қамауға алды. Тергеу жүріп жатыр, – деді Павлодар облысы, ПД Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Абзал Ыбраев. 

Кеніштің бұрынғы басшысы Қуаныш Ботин Екібастұздағы үйінде ұсталған. Ал өндіріс учаскелерін басқару және инженерлер құрамындағы бес адамның қолына жұмыс орнында кісен салынған. Олар төрт құтқарушының өліміне қатысты қозғалған қылмыстық іс аясында жауап береді.

Еске салсақ, жыл басында «Майқайың» алтын кенішінде құтқарушылар мінген автобус жер астына құлап кеткен болатын. Екі адамның денесі сол күні шығарылды. Ал қос құтқарушы мен автобус жарты жылдан кейін табылды. Қайғылы жағдайдың жай-жапсарын анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылған. Апатты жан-жақты зерттеген мамандар оқыс оқиғаға жұмыс беруші 100% кінәлі деп қорытынды шығарған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.