"AMANAT" партиясының атсалысуымен құрылған АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб Маңғыстау, Қызылорда өңірлерінде кездесу ұйымдастырып, түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр.
Халықтық штаб "Бейнеусусервис" қызметкерлерімен кездесті
Бейнеуде АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық аудандық штаб мүшелері "Бейнеусусервис" МКК қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы талқыланып, іс-шараға қатысушылардың сұрағына жауап берілді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының жалпыхалықтық референдум өткізу бастамасын қолдау мен еліміздегі энергия тапшылығы, энергетикалық тәуелсіздік мәселесінің өзектілігі айтылды.
– Атом электр станциясының құрылысы Қазақстан экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Нақтыласақ, энергетикалық және өнеркәсіптік өндірісті дамытуға ықпал етеді, заманауи технологияларды енгізіп, қоршаған ортаға зиянды заттардың шығарындыларын азайту арқылы экологиялық жүктемені азайтады. Айта кетейік, атом электр стансасы 60 жылдан астам уақыт бойы тұрақты энергиямен қамтамасыз етеді, – деді штаб төрағасының орынбасары Ардақ Бораш.
Республикалық Халықтық штаб мүшелері білім саласының қызметкерлерімен кездесті
Өскемен қаласына арнайы жұмыс сапармен келген АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың мүшелері, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Ерлан Саиров және Ұлықбек Тұмашинов білім саласының қызметкерлерімен кездесті.
Кездесу кезінде елімізге атом электр станциясын салудың маңыздылығы мен тиімді тұстары сөз болды.
«Атом электр станциясын салу мәселесі бір жылдың ішінде жан-жақты талқыланды. Демократия болғандықтан, жақтаушылар да, қарсылық танытушылар да болады. Меніңше, АЭС Қазақстанға қажет. Өйткені, экономика дамып келе жатыр. Экономика дамығанмен оған жеткілікті энергия көздері жоқ. Электр энергиясын Ресейден импорттап отырмыз. Мұның үстіне импорт қымбатқа түседі. Ал жалпы АЭС салуға қатысты соңғы шешімді референдум арқылы халық өзі қабылдайды», – деді Ерлан Саиров.
Болашақта атом энергетикасы дамып, электрмен және энергиямен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады деген үміт бар. Өйткені қазіргі уақытта 18 елде жалпы қуаты 57,6 ГВт болатын 56 реактор салынып жатыр. Беларусь, БАӘ, Бангладеш және Түркия сияқты елдер өздерінің алғашқы атом электр станцияларын салуда. Тағы 5 ел (Эстония, Польша, Египет, Сауд Арабиясы және Өзбекстан) алғашқы атом электр станцияларын салу үшін қажетті инфрақұрылымды белсенді дайындау үстінде.
«Біз бүгінгі күнді емес болашақ үшін ойлануымыз қажет. Себебі елімізде электр тапшылығы мен экологиялық жағдайдың нашарлауы сезілуде. Егер АЭС салсақ біз электр тапшылығынан құтылып ғана қоймай, экологияның жақсаруына да ықпал етеміз», – деді Ұлықбек Тұмашинов.
АЭС: Экономиканы алға жылжытудың алғышарты
Бүгін аймақтық және қалалық Халықтық штаб мүшелері «Қазақстан темір жолы АҚ» Қызылорда магистралдық желі бөлімшесі филиалының ұжымымен кездесті.
Қазақстанның заманауи экономикасының қалыптасуында теміржол көлігінің маңызы зор. Республиканың орасан зор аумағын, көптеген өндіріс салаларындағы жүк көлемінің ауқымын ескерсек, көліктің бұл түрін мемлекеттігіміздің негізгі тұғыры, еліміздің өндірістік күшін біріктіруші тетік деуге толық негіз бар.
Теміржол саласын «мемлекет ішіндегі мемлекет» деп бекер айтпаған. Саланың өзіндік қиыншылықтары мен қызығы да мол.
Теміржолшылармен кездескен штаб мүшелері олардың ерен еңбегінің ел экономикасындағы орнын ерекше атап өтті.
Басқосуда сөз алған штаб мүшесі, ардагер теміржолшы Ибраким Басықараев: Қазақстан энергетика секторын трансформациялаудың маңызды кезеңінде тұр. Энергетикалық кешенді дамыту бағытын таңдау мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуына айтарлықтай әсер етеді. Ал біздің бүгінде өндіретін электр қуатының 70 пайызы көмір қорына тиесілі. Сондықтан, жасыл энергияға, яғни атом энергетикасын дамытуға көңіл бөлу қажеттілігі туындауда. Сондықтан электр тапшылығын ескере отырып, атом энергиясын пайдалану артық етпейді. Оның үстіне еліміздің оңтүстік өңірлерінде энергия тапшылығы айтарлықтай сезілуде, – деді.
Елде АЭС құрылыс жобасына қатысты әлі де болса екіжақты көзқарас аз емес. Дегенмен соңғы уақытта қолдаушылар қатары көбейіп келеді. Ал сала мамандары, энергетиктер мен ғалымдар АЭС-ті салу елдегі экономиканың дамуы мен әлеуметтік жағдайдың жақсаруына әкелер еді деген пікірді айтып жатыр. Жиында әрбір сауалға жауап берген халықтық штаб өкілдері қазіргі күні экономиканы алға қарай жылжыту үшін бар мәселе электр қуатына байланысты болып тұрғанына ұжым мүшелерінің көзін жеткізді.