Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының солисі (пианист) Жанар Сүлейманова Ұлыбританияның Лондон қаласында өткен «World talent award» халықаралық байқауында бірінші орынды иеленді, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, шеберлік пен кәсібиліктің жоғары деңгейін көрсеткен ол 71 мемлекеттен қатысқан өнерпаздардың арасынан үздік шықты.
Жанар Сүлейманова — АҚШ, Италия және Франциядағы халықаралық байқаулардың лауреаты. Концерттік қызметі жылдарында жүздеген концерттер берді. Олардың ішінде әр түрлі бағдарламалары мен репертуарларымен 130-дан астам клавирабендтер бар.
Пианист халықаралық аренада, атап айтқанда, Ресейде, Италияда, Германияда, АҚШ-та және басқа да көптеген елдерде гастрольдік сапарларға шығып, Қазақстанды әлемге таныстырып жүр.
«GOLDEN TIME TALENT» – шығармашылық топтар мен жеке орындаушыларға арналған халықаралық байқаулар мен фестивальдерді ұйымдастыруда әлемдік көшбасшы жоба. Әлемнің түкпір-түкпірінен суретшілер, музыканттар, вокалистер, бишілер сынды өнерпаздарды жинап, бақ сынасатын өнер сайысы биыл төртінші рет өткізіліп отыр.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.