Абай облысындағы қайғылы жағдай: компания басшылығы түсінік берді

KAZ Minerals тобы директорлар кеңесінің төрағасы тергеуге қатысу үшін өңірге барды.

KAZ Minerals тобы Абай облысындағы Орлов шахтасында болған қайғылы оқиға туралы хабарлады, деп жазды Aikyn.kz.

19 қыркүйекте шамамен сағат 14:20-да Орлов шахтасында кәсіпорынның 2 жұмысшысы жарақат алған еді. Оған тау-кен массасының опырылуы себеп болған.

Алған жарақаттардың салдарынан зардап шеккендердің бірі ауруханада қайтыс болды. Екінші жұмысшы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне қайтты.

- Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Қайғылы жағдайды тергеу бойынша арнайы комиссия құрылды. KAZ Minerals тобы директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук жазатайым оқиғаны тергеуге қатысу үшін өңірге барды, - делінген хабарламада.

KAZ Minerals тобының басшылығы мен ұжымы марқұмның туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Компания қаза тапқан жұмысшының отбасына жан-жақты көмек көрсетеді.