Қызылордада «Қала күні» мерекесі шымылдығын түрді

Мерекелік іс-шаралар алдағы уақытта жоспарға сәйкес жалғасатын болады.

Биыл Сырдың бас шаһары – Қызылорда қаласына 206 жыл толып отыр. Тарихы тереңнен тамыр тартатын көне шаһар бүгінде қайта түлеп, тотықұсша таранып, жаңадан кейіпке енді. Жолдар жаңарып, еңселі ғимараттар сап түзеді. 

Сырдың бас қаласының «Қала күні» мерекесі жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі. Мереке күні арнайы жоспар бекітіліп, мәдени-көпшілік іс-шаралар, ғылыми-танымдық конференциялар, түрлі байқаулар мен спорттық сайыстар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Биыл да бұл үрдіс жарасымды жалғасын таппақ.

«Биыл Қызылорда шаһарына – 206 жыл. Соған орай «Қала күні» мерекесін тойлау назардан тыс қалмайды. Бұл жылғы мерекелік шара қыркүйек айының 17-ші жұлдызынан бастау алып, 12-ші қазанға дейін арнайы бекітілген жоспар бойынша жүргізіледі. Осы уақыт аралығында түрлі деңгейдегі мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылады. Тақырыптық сүйемелдеу, қала қонақтары мен тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында көшелер мерекеге сай безендіріліп, естелік суреттерге түсетін фотозоналар қойылады,» - деп түсіндірді бұл жайында  Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Тәжмазанов. 

Бір айға ұласатын мерекелік шаралардың әрбірі жоғары маңызға ие. Соңың ішінде жас ұрпақты патриоттық тәрбиеге баулу, қала тарихын насихаттау, туған қалаға деген сүйіспеншілігін ояту, салауатты өмір салтын ұстануға бағыттау назарға алынған.

«Қала күні» мерекесінің алғашқы шарасы «Жастар» театрының маусымашар қойылымымен басталуы да бекер емес. Талантты жастар топтасқан театр ұжымы «Неге, жаным, шығарып сала алмадың?..» лирикалық шығармасы арқылы теңізде туған тұлға Зейнолла ақынның өмір жолынан сыр шертіп, тағдырлы ақынның шиеленіске толы өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа кеңінен ұғындыра білді. Лирикалық драманың авторлары - ақын-жазушы, журналист                               Толыбай Абылаев және режиссер-сценарист, Жастар театрының көркемдік жетекшісі Оңталап Нұрмаханов.  

Жастар театрының жаңа маусымына көрермендердің ықыласы ерекше болды. Премьера соңында театр ұжымына Қызылорда қаласы әкімінің ықылас гүлі тарту етіліп, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Тажмаханов драма авторлары мен театр труппасына ерекше қойылым үшін алғыс білдірді. Өз кезегінде лирикалық драма авторлары ақын-журналист Толыбай Абылаев пен режиссер-сценарист Оңталап Нұрмаханов және Зейнолла ақынның жерлестері атынан «Арал әлемі» газетінің редакторы Ерғали Абдулла тау тұлғалы ақынның халық жадынан мәңгі өшпейтінін тілге тиек етті.

Қала күні мерекесінің көрігін қыздырған кезекті тағылымды кеш Қызылорда қаласының орталық алаңында жалғасын тапты.

Қайта жаңғыртудан өткен орталық алаңда республикаға танымал жас ақындар арасындағы "Ғалам мен қалам" поэтикалық дуэль жобасы ұйымдастырылды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен іріктелген 9 ақын қатысты.

Қазақстан жазушылар одағының Қызылорда облысындағы өкілі Қаршыға Есімсейітова бастаған қазылар алқасы төрелік еткен поэтикалық дуэльдің бірінші кезеңінде ақындар Қызылорда қаласы туралы жазған жырларын оқыса, екінші айналымға өткен 8 ақын өзара жұптасып сарындас, үндес өлеңдерімен нағыз мықтыны сарапқа салды.

Нәтижесінде қызылордалық Аружан Оралбай Сыр елінде алғаш рет өткізілген поэтикалық дуэль жобасының жеңімпазы атанып, 300 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Басқа қатысушылардың барлығы 50 мың теңге ақшалай сыйлық және қала әкімінің алғыс хатын иеленді.

Жыр додасы аясында  қаламыздың мәдени-рухани тынысына дем беріп жүрген бір топ зиялы қауым өкілдеріне қала әкімінің алғыс хаттары мен естелік сыйлықтары табыс етілді. Сонымен қатар биыл 80 жасқа толған балалар ақыны, педагогика ғылымдарының докторы Рахат Наурызбаеваға арнайы құрмет көрсетілді.

Мерекелік іс-шаралар алдағы уақытта жоспарға сәйкес жалғасатын болады. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ

Қызылорда облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»    Telegram  арнасынан таба аласыз.