Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев биылғы Жолдау Мемлекет басшысы жүргізіп отырған реформалардың қисынды және дәйекті жалғасы екенін атап өтті.
Сондай-ақ Сенат Төрағасы экономикалық реформалардың маңызына тоқталып, кейінгі бес жылда республикалық бюджеттің кірісі 80 пайызға артқанын тілге тиек етті. Алайда бұл оң үрдіс бюджет шығыстарының өсуімен сәйкес келмейді. Яғни, шығыстар кірістерден екі есе көп.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауда экономикалық блокқа баса мән берді. Атап айтқанда, мемлекеттің ақша-несие және фискалды саясаты арасындағы үйлесімсіздікті жою мәселесіне ерекше тоқталды. Бұл бағытта біз көрпеге қарай көсілуіміз керек. Алдағы кезеңге арналған басты месседж осы болуға тиіс. Сондықтан бізге кірістер теңгерімін ұлғайту қажет», – деді палата Спикері.
Мәулен Әшімбаев бюджет шығыстарын Ұлттық қор қаражаты есебінен жабу мәселесіне алаңдаушылық білдірді. Сенат Төрағасы салық базасын дамыту және арттыру үшін жаңа ынталандыру шаралары қажет екенін айта келе, палата мен сарапшылардың осы саладағы бірлескен жұмысының басым бағыттарына назар аударды.
Қаржы министрі Мәди Тәкиев ұлттық экономикалық әлеуетті дамыту, бюджет тапшылығын азайту және қазіргі өзекті проблемаларды еңсеруді көздейтін кешенді шаралар туралы айтты. Сондай-ақ ол Ұлттық қор активтерін ұлғайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға және мемлекеттік бюджеттің тиімсіз жұмсалуына қарсы күрес жүргізу бағытында қолға алынған тетіктерге тоқталып өтті.
Іс-шарада қабылданған заңнамалық шаралардың нәтижелері мен қолданыстағы жобалар және қазіргі заманғы сын-қатерлерді ескере отырып, басқа елдердің тәжірибесіне назар аудару мәселесі де сөз болды.