QR-әдебиеттер орнатылады

Кеше елордада «KitapTime – 2024» ІІІ жалпы республика­лық кітап фестивалі өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйым­дастырылатын шара Мәдениет және ақпарат минис­трлігінің қолдауымен, Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен жүзеге асты. Мұндай фестивальдар оқырман қатарын көбейтіп, кітап оқу мәртебесін көтереді. Биылғы өткен кітап фестивалі Ұлттық академиялық кітап­хана­ның 20 жылдығына арналды.

Мемлекет басшысы Ұлттық құ­рылтайда кітап оқу мен кітап шығарудың ел болашағы үшін маңы­зына тоқталып, «Шын мәнін­де кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады» деп атап өткен болатын. Кешегі өткен  ауқымды шараның осындай зиялы ұлт болып қалып­тасуымызда ықпалы зор. Сонымен қатар фестиваль жас ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, қоғамда ақпараттық мәдениетті қалыптастырады. Айта кету керек, «KitapTime – 2024» жазушылар мен оқырман үшін қарым-қатынас алаңын құру мақсатында ұйымдастырылды. Ұлттық академиялық кітапхана басшысы Ғазиза Құдайбергенқызы фестивальдың өткен жылдардағы­дан айырмашылығы ретінде екі жобаны атап өтті. 

«KitapTime – 2024» фестивалі­нің басты ерекшелігі мыналар: биыл Air Astana әуекомпаниясымен ынтымақтастық туралы меморан­думға қол қойдық. Нәтижесінде, әуекомпания ұшағында ұшу кезінде жолаушыларға тыңдау үшін қызықты ұлттық аудиоконтент ұсынылады. Әуекомпанияның медиақұрылғыларына 25 контент бердік. Оның бәрі авторлық құ­қыққа ие. «Мәдени мұра» бағдар­ламасы аясында «Батырлар жыры» шығып еді ғой. Бұл халықаралық ұйым болғандықтан, әр жырдың орындаушысын атап көрсеттік. Одан бөлек, «Абай жолын» да енгіздік. Мүмкіндігінше бұл шы­ғар­малардың сипаттамасын екі тілге, ағылшын және орыс тілде­ріне аударма жасадық. Кітапхана­мызға арнайы келген Air Astana әуекомпаниясының вице-прези­денті осындай әдеби-мәдени ұсы­ныс­тың бірінші рет түскенін айт­қан. 

Ал екінші ерекшелігі – QR-әде­биеттердің орнатылуы. Бұл бастаманы респуб­лика көлемінде жүзеге асыруды ұсынып отырмыз. Электронды кітапханада бар кез келген автор­лық кітапты қабырға­ларға жабыс­тырып орналастыра берсек болады. Оны 9 бағыт бойын­ша ұйымдас­тырдық: балалар әдебиеті, ауыз әдебиеті, көркем әдебиет, Қазақ­стан тарихы, нон фикшн және тағы басқалары. Мұндай QR-әдебиет­терді кез келген мекемеге, аурухана болсын, әуежай не вокзалдарға орнатуға болады, – деді Ғ. Құдай­бер­генқызы. 

«KitapTime - 2024» ІІІ респуб­ликалық кітап фестивалі аясында «Арман-ПВ», «Қасым», «Мұқаба», «Мазмұндама», Qazbilim, «Отбасы хрестоматиясы», Qyr balasy, Steppe&World баспалары, Кіtapal, «Абай», «Эльдорадо», «Кітап ха­дия» кітап дүкендерінің қатысуы­мен кітап жәрмеңкесі, сондай-ақ елшіліктердің ұйымдастыруымен кітап көрмесі өтті. Одан бөлек, «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» әлеуметтік акциясына қолдау көрсетті.

Айта кетейік, бұл күні респуб­ликаның барлық аймағында кітап­ханадағы кітап пен кітапқұмар­ларды біріктіретін кітап мерекесі өтті. Мәдени шараны мемлекет және қоғам қайраткерлері, елшілік өкілдері, ақын-жазушылар, сурет­шілер, иллюстраторлар, блогерлер, БАҚ өкілдері, оқырмандар, елорда тұрғындары мен қонақтары тама­ша­лап, фестиваль қонақтары кітап сыйға тарту рәсіміне қатысты.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ