Қазақстан құрамасы өзінің топтық кезеңінде Испания, Ливия және Жаңа Зеландия құрамаларымен бақ сынаспақ. Алғашқы ойында әлемдік грандтардың бірі Испаниямен терезесі тең түссе, келесі ойынында Ливия құрамасын 4:1 есебімен шаң қаптырды. Енді шешуші соңғы ойында Жаңа Зеландия құрамасымен күш сынасады. Ойын 21 қыркүйекке жоспарланып отыр.
Каканың шәкірттері жарап тұр
Турнирдің басты фавориті, екі мәрте әлем чемпионы атанған Испания мен Қазақстан D тобына тұрақтаған еді. Осыған дейін екі құрама түрлі жарыстарда өзара үш рет кездесіп, барлығы Испанияның пайдасына шешілген. Ал соңғы текетіресте адуынды жігіттердің мысын бастық. Матчтың 5-секундында Дугластың әуелете берген пасын Біржан Оразов қақпаның оң жақ бағанына дәл тигізіп, құраманы алға шығарды. Алайда біз күтпеген қателіктер де болды. Матчтың 9-минутында Дәурен Тұрсағұлов қарсыластың аяғын оқыс басып, қызыл қағаз алды. Енді келесі матчта Тұрсағұлов ойынды сырттан бақылайды. Ары қарай қызыл сойқандар біздің осал тұсымызды аңди отырып, 17-минутта есепті теңестірді. 2 сағатқа созылған ойын тең нәтижемен бітті.
Матч туралы ұлттық құраманың бас бапкері Рикардо Кака әдепкіде нәтижеге көңілі толмағанын жасырмады.
«Нәтижеге риза емеспін, себебі біз мұнда жеңіске жету үшін келген едік. Бірақ бәрібір футболшыларымнан күтер үмітім көп. Өзбекстан халқына да ерекше рақмет айтқым келеді. Өзімізді өз үйімізде жүргендей сезіндік», – дейді ол.
Қазақстан Футбол федерациясы бас бапкермен келісімшартты ұзартуды көздеп отыр.
«Қазақстан құрамасының Литвада өткен соңғы әлем чемпионатындағы табысы елімізде футзалдың дамуына үлкен серпін берді. Соңғы бірнеше жылда футзалымыз жаңа деңгейге көтерілді және бұл – әрине, Каканың қосқан үлкен үлесі. Дегенмен мұнымен тоқтап қалғымыз келмейді. Біздің команда топта бірінші орын алып, негізгі айналымда сәтті өнер көрсетті», – дейді федерация президенті Әділет Барманқұлов.
Еске сала кетсек, Рикардо Кака Ұлттық құраманы 2018 жылдан бастап жаттықтырып келеді. Оның жетекшілігімен біздің құрама 2021 жылғы әлем чемпионатында төртінші орын алып, бұл оның футбол тарихындағы ең үздік жетістіктердің бірі болған еді.
Жанкүйер алтыншы ойыншыға айналды
Қазақстан–Испания матчының үздік ойыншысы атағы Лео Игитаға табысталды. Ол осы ойында көзге түсіп, біраз қауіпті соққылардың бетін қайтарды. Бразилияның тумасы 2011 жылы «Қайрат» сапына ауысып, сол кезден бастап халықтың назарында жүрген еді. Futsalplanet Awards ұйымының шешімімен 2015, 2016, 2018, 2019 және 2020 жылдары әлемнің үздік қақпашысы атағын жеңіп алды. Лео Игита қақпашы ретінде ғана емес, әр түрлі амплуада да өнер көрсетеді. Пасының дәлдігі мен соққысының айқын күші қарсыластарын есеңгіретіп жібереді. стилінің алуандығы арқасында командада тығыз байланыс орнап, жүйелі ойнауға септігін тигізеді.
«Әлем чемпионатының бірінші матчына қатысты айтсам, біз бұл матчтың қиын болатынын білдік. Дайындығымыздың 90 пайызын жүзеге асыра алдық. Біз олардың қауіп-қатер тудыратын сапалы ойыншылары көп екенін білдік... Бірақ тең нәтиже де жаман емес. Енді қалған ойындарымызды жеңіспен аяқтауымыз керек. Мүмкіндіктерді айырбастап, осы топтағы кез келген қарсыласқа бар күшімізді салып ойнауымыз керек», – деді Игита ағынан ақтарылып.
Сондай-ақ ол сөз арасында жанкүйерлерге ризашылығын да айтып үлгерді.
«Бүгін жанкүйерлеріміз алтыншы ойыншымызға айналғандай. Ташкент жақын болғанымен, Әндіжан сәл алыста. Әндіжанға жанкүйерлеріміз осыншама көп келеді деп ойламаппын. Ойынның соңына дейін жанкүйерлердің арқасында қарсыластың шабуылына төтеп бердік деп ойлаймын. Бүгін олар менімен бірге қақпа күзетті», – дейді ойыншы.
Тактикалық дайындық өз жемісін берді
«Қайрат» клубының және Қазақстан құрамасының басты шабуылшысы Біржан Оразов та әлемдік турнирлерде жақсы ойын көрсетіп жүр. Семейлік жігіт өзінің футбол карьерасын «Ұшқын-Искра» командасында бастап, одан кейін «Жетісуға» көшіп, кейіннен 2017 жылы «Қайрат» сапына ауысқан-ды. Ірі турнирлерде топ жарып, ел қошеметіне бөленді. Өсіп келе жатқан жас буын Біржанды үлгі тұтты. Әлем біріншіліктерінде, әсіресе Еуропа чемпионатында 7 гол салып, үздік сұрмерген атағын жеңіп алды. Біржан бұл жолғы додаға да үлкен дайындықпен келгенін айтқан болатын.
«Турнирге келерге дейін көп видео қарап, әртүрлі ойын сценарийлерін қарастырдық. Бірақ қызыл қағаз аламыз деп ойламадық. Жылдам гол туралы айтатын болсақ, бұл – тактикалық дайындықтың арқасы. Осы тактиканы Иран және Аргентина құрамаларымен өткен жолдастық ойында қолданып көрген болатынбыз. Бүгін енді голмен аяқталды. Келесі өткен Ливияға қарсы матчта да тактикамыз іске асып, қарсыласты жеңіп кеттік», – деп пікір білдірді Біржан Оразов.
Ендігі байрақты бәсекеде ұлттық құрамамыз үшін жүгі ауыр кезеңдер басталды. Жігіттер барын салса, жүлденің де ауылы алыс емес секілді.
Әсет ҚАЛИ