Иранда бір тәулікте коронавирусты жұқтырудың 958 жаңа дерегі тіркеліп, 63 адам көз жұмды, – деп жазады 24.kz. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Иранда коронавирусқа шалдыққандар саны 9 мыңнан асты. Оның 354-і қайтыс болған. Науқастардың 3 мыңы дерттен айыққан. Жергілікті билік вирустың тез таралуына тосқауыл қоюға тырысып жатыр. Сондықтан Наурыз мейрамын тойлауға байланысты іс-шаралар өткізілмейді. Президент тұрғындарды алдағы мереке күндері саяхаттан бас тартуға шақырды. Ал орталық банк вирустың тез таралуын тежеу үшін қағаз ақшаны қолданбауға кеңес берді. Осыған дейін мұнда білім беру мекемелерінде сабақ тоқтатылды. Сондай-ақ мәдени және спорттық шаралар кейінге шегерілді. Жағдайдың ушығуына байланысты Бахрейн Иранда жүрген 165 азаматын эвакуациялайтын болды. Олардың 77-ісінде коронавирусқа жасалған тест нәтижесінде, вирус жұқтырғаны анықталды.