Ендігі кезекте қазан айының 10-14 күндері аралығында еліміздің шығыс өңірінде құсбегілердің ауқымды фестивалі өтеді. «Шығыс салбұрыны-2024» фестивалін аталмыш көшпенділер ойынының жалғасы деуге бола ма немесе атап айтатын басты айырмашылығы неде?
Өскемен қаласы Ұлан ауданының мәслихат депутаты Нұртай Тілеужанға хабарласқанымызда, ол дәстүрлі түрде өтіп отырған фестиваль жыл сайын ауқымын кеңейтіп, деңгейін өрлете түсуі тиіс екенін атап өтті. Депутаттың айтуынша, фестивальға республиканың әр облыстарынан, одан бөлек шетелдерден, атап айтқанда Бүркітші федерациясынан, Моңғолиядан, Венгриядан, Ресейден, Испаниядан, Қытайдан бас-аяғы 130-дан астам құсбегі қатысады. Фестиваль аясында ұйымдастырылатын шараға 5 мыңға жуық турист келеді деп жоспарланған. Оларды қызықтыру мақсатында 20-дан астам киіз үй тігіледі. Шағын киіз үйлер қалашығында қала қонақтары мен туристер бүркіттер мен сұңқарлардың сайыстарын тамашалап қоймай, түйе көші, алтыбақан, садақ ату және басқа да ойын түрлерін қызықтай алады.
«Моңғолиядан көшіп келген Наркес, Горкий есімді бүркітші азаматтар 2019 жылы бүркіт балапанын ұстаған. Алматыға арнайы барып, сол 3 құсқа құжат жасаттық. Алғаш рет 2021 жылы өңірдегі 6-7 бүркіттің басын қосып, «Бүркіт тойын» жасадық. Ол кезде құсбегіліктен Үржар ауданында Қазақстан чемпионаты өтіп жатқан еді. Осыны пайдаланып, бүркітшілерді ШҚО-ға әкелуді ұсындық. Республикалық «Құсбегілік» федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы бұған қолдау білдіріп, құсбегілердің басын ШҚО-ға алып келді. Ол уақытта 6 мемлекеттің бүркітшілері бас қосқан болатын. Ұлан ауданында фестивальдың халықаралық деңгейде өтуі содан басталып, қалыпты үрдіске айналды. Қазір халықаралық деңгейдегі фестивальға қатысатын қазақстандық құстың басы 150-ден аспайды. Ал Моңғолияның бір ауылында 150 құс жиналады. Өйткені ауылдарының барлығы дерлік бүркіт ұстап, аң аулайды. Бүгінде біз де бүркіт бабын жақсы дамыттық әрі ол туризм саласына да оң әсерін тигізуде. Биыл мұндай фестиваль 4-ші рет ұйымдастырылуда. «Құсбегілік» федерациясының президенті Берік Уәли мұндай ауқымды фестивальдың бұрын-соңды болмағанын айтып алғысын білдіріп жатыр», – деді Н.Тілеужан.
Мәслихат депутатының айтуынша, құсбегілік фестивалінің аясында туризм саласының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік көп. «Шығыс салбұрынынан» кейін басқа да облыстарда «Бүркіт тойын» өткізіп, киелі құс туралы халыққа таныстырылым өткізу жоспарланған.
«Бұл үрдісті 2019 жылы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы шыққан кезде қолға алған едік. Алғашында облыс көлемінде өткізіп жүрдік, оның халықаралық деңгейге ұласуы көпшіліктің арқасы деп түсінеміз. Бата берсе де «Қырандай жаса қалықтап» дейтін халықтың ұрпағы болғанымыз үшін құсбегілік дәстүрін кең көлемде атау өтуге міндеттіміз», – деп сөзін түйді депутат.
Бүркіт тойында екінші қызықтыратын мәселе, жалғыз бүркітпен емес, асау үйретуді, тазы ит жарысын, барлық аудан киіз құрғанда әр аудан көрме, батырларының суретін, жырларын әкеп қояды. Бүркіт тойын тамашалаған соң осы көрмелерді, салт-дәстүрмен толық танысады. 7 киіз үйге Ұлан ауданында үлкен қолөнер, ұлттық дәстүріміздің ырымдарын көрсететін боламыз. Бір жерде өлең айтады, бесікке салады. Биылғы жаңалығым – көш көрсетеміз. Екі түйеге жүк артамыз, алдында бүркіт ұстаған бесік өңгерген келін бар, осындай көрініспен жүріп өтетін бағдарлама бар, сонымен қатар бүркіт биін билеп шығамыз деген жоспарымыз бар.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай немен жұмыс істегенімізге орай «AMANAT» партиясына есеп береміз, сол кезде осыған байланысты бүркіт тойын ұйымдастырдық.
Фестивальдың барлық қонағына өңірдің танымал гастрофирмаларынан тамақтану ұйымдастырылмақ. Жарыс бағдарламасына түрлі санаттағы бүркіттер мен сұңқарлар сайысы, «тазы» тұқымындағы жүйрік иттердің жарысы, «жамбы ату» және «теңге ілу» додалары кіреді.
Сонымен қатар фестиваль аясында ШҚО-ның аудандары мен қалалары халық шығармашылығы мен ұлттық тағамдар, сусындар және бал-панта сияқты жергілікті өнімдерді таныстыру мақсатында жаппай қатыспақ.
Көшпенділер ойынында көпшілік назарындағы құсбегіліктің географиясы да кең болды. Сайысқа 10 елден келген 42 құсбегі қатысқан еді. Соның ішінде отандық құсбегі Серікбек Күнтуған бас жүлденің иегері атанғаны белгілі. Жүлдегер алдағы бекзат өнердің фестивалында да өнер көрсетеді.
«Атамнан қалған дәстүрді қазір балаларыма үйретіп жүрмін. Одан бөлек, шәкірттерім бар. 2018 жылы Қырғызстанда өткен көшпенділер ойынында 3-ші орынға ие болып едім. Биыл көшпенділер ойынына қатысқан оқушым екеуіміз бас жүлдеге ие болды. Қазақстан чемпионаттарына қатысып жүлдегер атанғаны да көп. Құсбегілік жарысы үш түр бойынша ұйымдастырылады: қаршыға, бүркіт, ителгі. Үш құсты да баптап жүрмін. «Шығыс салбұрыны-2024» – барлық құсбегінің басын қосатын фестиваль. Сондықтан елімізден бәрі жиналады деп ойлаймын. Ал бұл фестивальдағы бағдарлама шарттарының аталмыш көшпенділер ойынынан айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Көшпенділер ойыны санаулы құсбегінің ғана қатысуымен және бұрын қатысып көрмеген Канада, Грузия елдерінің келуімен ерекешеленді. Әрі әлем чемпионаты ретінде өткізілді. Ал «Шығыс салбұрыны-2024» – халықаралық фестиваль және оған еліміздің барлық өңірінде құсбегі қатысуға міндетті», – дейді ол.
Құсбегінің айтуынша, ойын шарттары қатаң сақталады және көшпенділер ойынындағы барлық ойыншыға бірдей ереже бойынша жүзеге асады. Ережеге сәйкес, 500-700 метр арақашықтан құсты қолға шақырады. Құсты қолдан ұшырып жібергеннен кейін ол біраз айналып, иесінің қолына келіп қонуы керек. Одан кейінгі шырға тарту бөлімінде ат үстінде отырған жігіт ұзындығы 20 метрдей жіпке түлкінің терісін байлайды. Ол «шырға» деп аталады. Сол шырғаны ұстап шапқанда, құсбегі қолда тұрған бүркітін шырғаға жібереді де, бүркіт соны бір ұшқанда қағып алуы керек. Егер екінші, үшінші әрекетте шырғаны алатын болса, ұпай саны кеми түседі. Яғни, шырғаны қағып түсіру секунды аз болған сайын ұпай саны көбейеді. Құсбегі Серікбек қазір заманауи электронды шырғаны пайдаланатынын айтты. Өйткені фестивальға шетелдік құсбегілер де қатысады. Сондықтан мұндай ережелер олардың ойын талаптарына сай келмеуі әбден мүмкін.
Құсбегіліктің кіл мықтысын анықтайтын фестиваль жеңімпаздары арнайы сыйлықтармен қоса ақшалай марапаттарға да ие болады. Турнирдің жеңімпаздарын қаржылай марапаттау «Құсбегілік» федерациясының есебінен жүрігізіледі. Жүлдегерлер «Бүркіт салу» санаты бойынша бас жүлдеге – 500 мың теңге, «Қаршыға салу» – 450 мың теңге, «Ителгі салу» 450 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталады.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ