Сенаторлар: Болашақ қазақстандық ұрпаққа әркімнің таңдауы маңызды

Кездесуге қатысушылар атом энергетикасына мамандар даярлау және олардың біліктілігін арттыру, экологиялық тәуекелдердің алдын алу шаралары, сондай-ақ атом және молекулалық физика саласындағы ғылымды дамыту мәселелерін талқылады.

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп, Нұрлан Бекназаров және Айгүл Қапбарова АЭС салу тақырыбына орай қалалық штаб мүшелерімен бірге Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің және Tashenev Universityінің жас ғалымдарымен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесті.

Кездесуге қатысушылар атом энергетикасын дамытудың келешегін және оның елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңыздылығын талқылады. Парламентшілер Қазақстанда АЭС салу атом индустриясы мен жалпы экономиканы дамытуда жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. 1000 МВт станция өндіріс шығарындысын 4 миллион тоннаға қысқартуға мүмкіндік береді, бұл экология үшін аса маңызды. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашады және 60 жылдан астам уақыт бойы тұрақты энергиямен қамтамасыз етеді.

Нұртөре Жүсіп өз сөзінде ел дамуында шешуші рөл атқаратын жалпыұлттық референдум өткізудің маңызына тоқталды.

«Мемлекет басшысының Жолдауында жүзге жуық бастама мен ұсыныстар және тапсырмалар қамтылды. Алайда, қоғамда ұзақ талқыланған атом электр станциясының құрылысы бойынша референдумның күнін жариялау маңызды болды. Референдум «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын және Әділетті Қазақстан идеясын іске асырудағы маңызды қадам болады. Ол мәселені түпкілікті шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл біздің еліміздің болашағын ондаған жылдарға белгілеудің нақты мүмкіндігі болып табылады. Сіздердің әрқайсыларыңыздың таңдауларыңыз болашақ қазақстандық ұрпаққа маңызды болады», - деді Нұртөре Жүсіп.

Нұрлан Бекназаров өз кезегінде еліміздің энергетикалық тәуелсіздігі мен қауіпсіздігінің маңыздылығын атап өтті. Импорт есебінен жабылатын электр энергиясының тапшылығы Қазақстанның алдына өзінің энергетикалық базасын нығайту міндетін қойып отыр.

«Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін АЭС құрылысы маңызды қадамға айналды. Өйткені біз электр энергиясының жетіспейтін бір бөлігін шетелден аламыз. Бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігіне әсер етеді және бұл мәселені шешу үшін нақты шаралар қажет. АЭС салу мен пайдалану энергетика секторына ғана емес, ғылымға, техникаға және жалпы өнеркәсіпке де айтарлықтай пайда әкеледі», - деді Нұрлан Бекназаров.

Айгүл Қапбарова атом станциясының қауіпсіздігі және азаматтар арасында кең таралған радиофобия мәселелеріне ерекше назар аударды. Ол Қазақстанда қауіпсіздіктің барлық талабына сәйкес келетін және авариялар қаупін барынша азайтатын озық технологияны пайдаланатын жаңа буындағы атом электр станциясының құрылысы қаралып жатқанын атап өтті. Мұндай реакторлар белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелерін біріктіріп, станцияның кез келген әсерге тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Қазіргі заманғы үшінші буындағы атом электр станцияларында ауыр апаттың ықтималдығы 10 миллион жылға бір апат мүмкіндігі болып табылады. Станцияның 40% дейінгі құны радиоактивті заттардың ағып кетуіне жол бермейтін қауіпсіздік жүйесіне жұмсалады.

Кездесуге қатысушылар сондай-ақ атом энергетикасына мамандар даярлау және олардың біліктілігін арттыру, экологиялық тәуекелдердің алдын алу шаралары, сондай-ақ атом және молекулалық физика саласындағы ғылымды дамыту мәселелерін талқылады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.