БҚО-да жергілікті шенеунік құны 107,3 миллион теңге болатын жер учаскесін өте арзан бағада сатып жіберген

Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді.

Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысы құны 107,3 млн теңге болатын 46 гектар жерді өте арзан бағада сатып жіберген, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Шенеунік аталған жер учаскесіне бау-бақша егіп, саяжай салуға рұқсат бере отырып, оны небәрі 1,1 млн теңгеге сатқан. Бұл өрескел заң бұзу фактісін Батыс Қазақстан облысының арнайы прокурорлары анықтап, іс қозғаған. Іске қатысты сот отырысы 2024 жылдың 16 қыркүйегінде өтті.

«Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысына қатысты қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін арнайы прокурорлар сотқа дейінгі тергеу жүргізіп, қылмыстық істі аудандық сотқа жіберген. Сот жер қатынастары бөлімінің басшысын кінәлі деп тауып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды», – деп хабарлайды БҚО-ның прокуратурасы.