Бүгін АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық Халықтық штаб өкілі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев Арал ауданындағы сапары барысында білім саласы өкілдері және жастармен кездесті. Іс-шараға аудандық Халықтық штаб өкілдері Базарбай Төреахметов, Талғат Қанатов та қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Білім саласы қызметкерлерімен болған кездесуде Халықтық штаб өкілі Мұрат Ергешбаев, алдымен, елімізде білім саласына қатысты атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.
«Мемлекет басшысы ұстаздар мен білім саласына ерекше көңіл бөліп келеді. Елімізде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, мұғалімдердің жалақысы мен әлеуметтік қамсыздандыру айтарлықтай өсті. Білім берудің инфрақұрылымдық мәселелері жүйелі түрде шешілуде. Барлық аудандарда «Жайлы мектептер» салынуда. Ұстаздарға білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы елімізді өркендету бағытында үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Бүгінгі халық шешіміне беріліп отырған АЭС салу мәселесінде де болашақ жас кадрларды даярлау, оларға дұрыс бағыт-бағдар беруде ұстаздар қауымының алар орны орасан. Осы орайда еліміздің энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізуіне мүмкіндік беретін болашақтың жобасын ұстаздар қауымы толық қолдайды деп сенемін», – деді штаб мүшесі Мұрат Ергешбаев.
Жиында аудандық халықтық штаб төрағасы Базарбай Төреахметов қоғамдық санада қалыптасқан радиациялық қауіпті сейілту турасында атап өтті.
«Қазір көбіміз атом десе, радиация деп шошып жатамыз. Шыны керек, радиацияны күнделікті тұрмыста та алып жатырмыз. Мәселен, балаларымыздың қолына телефон беріп отырмыз. Ауыра қалсақ, рентгенге де түсіп жатырмыз. АЭС-ке келсек, бұл мәселе бойынша ғалымдар, атом станциясының III+ буынының радиация әсерінің адам баласына еш зияны жоқ екенін айтып отыр. Сондықтан бақуатты ел боламыз десек, баламасы жоқ атом электр станциясын салу мүмкіндігін жіберіп алмауымыз керек», – деді Базарбай Төреахметов.
Кездесуде сала өкілдері мамандарды даярлау, атом құрылысы және халықаралық шарттар жайлы сауалдарын қойып, штаб мүшелерімен пікір алмасты.
Аралдық жастар АЭС-ті қолдайтындарын жеткізді
Халықтың өз өкілдерінен құрылған штаб мүшелері насихаттап жүрген АЭС салу негізі – ел ертеңі үшін қажет шешім. Ал сол елдің жарқын болашағы жастардың өз қолында екенін әбір жас жүрегімен түйсіне білуге тиіс және біледі де. Осы мақсатта, яғни алдағы референдум жайлы кезекті кездесу Арал ауданы жастарымен өтті.
Жалынды жастар жиынына республикалық Халықтық штаб мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев және аудандық Халықтық штаб өкілдері Базарбай Төреахметов, Талғат Қанатов қатысты.
«Толығырақ тоқтала өтсек, АЭС Қазақстан үшін маңызды қадамның бірі болмақ. Оның салу құрылысы әлемдік деңгейде тәуелсіз сарапшылар қадағалауында болады. Технологиялық тиімді тұстары электр энергия көздерін арттырады. Бұл сіздердің жастарға жаңа жұмыс орындарын көбейтуге көп септігін тигізеді. Мұны ең бірінші Арал жастары дұрыс түсініп, бағамдауға тиіс», – деді штаб мүшесі Мұрат Ергешбаев.
Кездесуде жастар АЭС төңірегінде толғандырған ойларын ортаға салып, спикерлермен жан-жақты пікір алмасты. Салмақты ой, дәлелді шешімдерден кейін, сан пікірді бір арнаға тоғыстырып, АЭС салу бастамасын қолдайтынын жеткізді.
АЭС-ке қажетті мамандар даярлау бағдарламасы әзірленеді
Атом электр станциясы жобасы жаңа жұмыс орындарын ашып, станция орналасқан аймақта инфрақұрылымның дамуын ынталандырады. Атом энергетикасы ұзақ мерзімді перспективада электр энергиясының тұрақты бағасын қамтамасыз етеді. Бұл әсіресе өнеркәсіпті дамыту және Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін маңызды.
АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб өкілдері бүгін «Қазақстан теміржолы-жүк тасымалы» АҚ қызметкерлерімен арнайы кездесті. Кездесулер барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Сатыбалдин АЭС салу бойынша 6 қазанда өтетін референдумның маңыздылығын түсіндірді:
- Қазіргі таңда елімізде қауіпсіздіктің жоғары деңгейіне сәйкес келетін жаңа буын атом электр станциясын салу мүмкіндігі кеңінен талқылануда. Атом электр станциясын салу туралы түпкілікті шешім демократияның құралы – референдум арқылы қабылданады. Бұл шешім қабылдау процесінде барынша заңдылық пен өкілдікті қамтамасыз етеді, өйткені әрбір азамат өз ұстанымын білдіріп, дауыс беруге қатыса алады. Сондықтан, 6 қазан өз сайлау учаскеңізге барып, азаматтық құқығыңзды пайданала отырып, дауыс беріңіздер. Ол қарсы дауыс бола ма немесе керісінше қолдайсыздар ма ол сіздердің еріктеріңізде, – деді Ерболат Жалғасбайұлы.
Кездесуге арнайы қатысқан ҚР Парламент Сенатының депутаты Советбек Медебаев өз кезегінде еліміздегі электр энергиясының қоры азайып келе жатқанын алға тартты.
– Қазіргі уақытта Қазақстанның энергетикалық секторы елімізде өндірілетін барлық электр энергиясының шамамен 70% қамтамасыз ететін көмір электр станцияларына аса тәуелді. Алайда бұл модель күрделі мәселелерге тап болып отыр. Біріншіден, жұмыс істеп тұрған станциялардың тозу деңгейі жоғары, 70%-ға жетеді. Екіншіден, елімізде электр энергиясын тұтыну жыл сайын 3%-ға өсіп барады. Үшіншіден, Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді қоса алғанда, жаһандық экологиялық міндеттемелерді өзіне жүктеді. Сонымен қатар, көмір жобаларын қаржыландыру да экологиялық шектеулерге байланысты күрделене түсуде. Күн және жел электр станциялары ауа райы жағдайына тәуелді және тұрақты энергиямен қамтамасыз ете алмайды. Сонымен бірге экологиялық стандарттарды нығайту көмір мен газ өндіруді дамытуға шектеулер тудырады. Бұл жағдай жаңа тұрақты және экологиялық таза энергия көзінің қажеттілігін тудырады. Атом электр станциясы бұл мәселенің бірден-бір шешімі болуы мүмкін. Атом электр станциясы 60 жылдан астам тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге қабілетті, – деді Советбек Тұрсынұлы.
Сондай-ақ, жиынға Ұлытау облыстық Халықтық штаб төрағасының орынбасары Ерлан Мырзабеков қатысып, атом энергетикасының тиімділігі туралы ғалымдар мен сала мамандарының пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ, ол мемлекетіміздің әрі қарай дамуын айшықтайтын жобаның халық талқысына шығуы – мемлекеттік маңызы бар істе барлық азаматтың үнін есту дегенді білдіреді деген ойды ортаға салды.
Теміржолшылар тарапынан түсіндіру тобына бірқатар сауалдар жолданды. Сұрақтың басым көпшілігі қауіпсіздік жайында болды. Халық көкейінде қорқыныш пен сенімсіздік бар екені белгілі. Дегенмен, Халықтық штаб өкілдері барлық сұраққа кезекпен, ғалымдардың дәлелденген нақты ақпараттарын алға тарта отырып жауап берді.