Қазақстанға тұрақты, сенімді энергия көзі қажет

Бұл туралы ҚР Сенат депутаты Руслан Рүстемов айтты. Одан бөлек Халықтық штаб мүшелері Қызылорда мен Жетісуда келелі кездесулер өткізді.

Бүгін ҚР Парламентінің Cенат депутаты Руслан Рүстемов АЭС салуды қолдау жөнінде Жаңақорған ауданына арнайы келіп, Жайылма ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді.

Кездесуде атом электр станцияларының артықшылықтары, олардың экологиялық және экономикалық тиімділігі талқыланды.

– Қазіргі кезеңде түрлі салаларда электр энергиясына деген сұраныстың арта түсуі салдарынан, сондай-ақ, халық санының табиғи өсімі процесіне сәйкес елімізде энергия тапшылығы проблемасы орын алуда. Оның ішінде Қызылорда облысы да электр қуатының 30%-ға жуығын сырттан тасымалдауға мәжбүр. Сол себепті, Қазақстанға сенімді, тұрақты энергия көзі қажет. Бұл елді энергиялық тәуелділіктен сақтайды. Ядролық физика саласының ғалымдары мен энергетик мамандар бұл өзекті мәселені шешудің тиімді жолы ретінде АЭС салу қажеттігін айтады. “Жасыл энергия” болып саналатын атом қуаты экологиялық жағынан тазалығымен бірге тұрақты электр қуатының көзі ретінде еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етеді, – деп өз ойын айтты. 

Сондай-ақ, кездесуде ауыл тұрғындары өздерін толғандырған сауалдарын ортаға салып, атом электр станциясын салудың перспективасына қатысты өз ойларын жеткізіп, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған АЭС салу жөніндегі бастаманы қуаттайтындарын білдірді. 

Ауыл тұрғындары АЭС-тің экологияға әсері, радиациялық қауіптерді басқару және жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндіктері туралы толық ақпарат алды.

Ұрпақ үшін батыл қадам жасалады

АЭС салуды қолдау жөніндегі Республикалық Халықтық штаб мүшелері Болат Керімбек, Руслан Қожасбаев және өңірлік Халықтық штаб мүшелері Гүлнар Тойлыбаева, Арыстанғали Арын Алакөл ауданына сапары барысында Үшарал қаласындағы Абай атындағы орта мектептің ұжымымен кездесті. 

Спикер бейбіт атом һәм жасыл экономика тұрғысында ұстаздар қауымын ақпаратпен сусындатты. Мәселен, мәжілісмен Болат Керімбектің айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан электр энергиясының тапшылығын сезінуде және оны көрші елдерден импорттауға мәжбүр. Осы тапшылық жаңа өндірістердің іске қосылуына, жұмыс орындарын құруға тікелей әсер етіп, бизнестің дамуына кедергі келтіруде. Мұндай экономикалық кедергіден тек АЭС құтқарады.

«Шыны керек, біз балаларымыздың қуатты және ешкімге мұқтаж болмайтындай тәуелсіз мемлекетте өмір сүргенін қалаймыз. АЭС салу туралы шешімді қабылдай отырып, біз осы асқақ арманымызға қарай қадам жасаймыз. Қазақстанның басты байлығы адам. Ал сол адамның сапалы өмір сүруін қамтамасыз ету биліктің кез келген сатысының басым міндеті. Әрбір қазақстандық сапалы өмір сүруі үшін тапшылық пен таршылықты сезінбеу керек. Біз елдің энергетикалық тәуелсіздігін шегелеп бекітеміз. Болашақ ұрпаққа энергетикалық тұрғыдан тәуелсіз, яғни экономикасы тұрақты және өркендеген Қазақстанды мұра етіп қалдырамыз. Демографиялық өркендеу байқалған қоғамда электр энергиясын тұтыну көлемі енді төмендемейді. Бұл тарихи шешім Әділетті Қазақстанды құру жылнамасындағы жаңа парақшаға айналады», – деді Болат Керімбек. 

Спикер көптің үрейін тудырып жүрген жаппай қырып-жою қаруы мен АЭС-тің қарым-қатынасын сарапқа салды. Ал Руслан Қожасбаевтың айтуынша, АЭС пен атом бомбасы радиактивті элементтерді пайдаланғанымен, екеуі екі дүние екен. Әрине, халықтың үрейін туындатып отырған Чернобыль мен Фукусима реакторларындағы апат екені даусыз. Бірі – адамның қателігінен, екіншісі – цунами салдарынан орын алды. Бірақ мұнан өзге әлемде 400-ден аса реактор ешқандай апатсыз жұмыс істеп келеді.

Іс-шара соңында ұстаздар өздерін толғандырған мәселелер бойынша тұщымды жауап алып, тағдыршешті сәтте жарқын болашақ үшін дауыс беруге бірауыздан келісті.

Достық тұрғындары бейбіт атомды қолдайды

АЭС – болашақта елді энергетикалық тәуелділіктен алып шығатын зор мүмкіндік. Жасыл энергия көзіне жататын атом электр стансасын салу арқылы ғалымдар бірнеше мәселені шешуге болатынын айтып отыр. Біз сол мүмкіндіктен айрылмауымыз керек. АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық халықтық штаб мүшесі Ғалиасқар Сарыбаев Алакөл ауданына қарасты Достық ауылындағы орта мектептің ұжымымен кездесуді осындай жалынды сөздермен бастады. 

Ғалиасқар Сарыбаев үреймен күнелту арқылы қоршаған орта апатқа жетелеу орын алатынын алға тартты.

“Әлем СО2 шығарындыларынан туындайтын ғаламдық климаттың өзгеруінің алдында тұр. Біз енді планетаның атмосферасын ластайтын энергия көздерін ойланбай пайдалана алмаймыз. Сондықтан Батыс елдері көміртек салығын ойлап тапқан. Бұл салық түрі 2023 жылға қарай енгізіліп, алюминий, мыс және т.б. табиғи ресурстарға қатысты болады. Экономикасы негізінен табиғи ресурстарды, бірінші кезекте көміртекті экспорттауға негізделген Қазақстан үшін бұл салық өте ауыр зардап әкелуі мүмкін. Біз экспортта айтарлықтай үлкен сомадан айырыламыз. Сондықтан біз үшін таза энергия көздерін қолданысқа енгізу бүгінде өте маңызды. Оның ішінде АЭС салу Қазақстан үшін маңызды қадам”, – деді Ғ.Сарыбаев.  

Әлемде салыну әдісі мен технологиясына сай АЭС-тер бірнеше буынға (поколение) бөлінеді. Әзірге айшықталған 5 буын бар. Соның төртеуі жүзеге асқан, соңғы буын әзірге жүзеге асқан жоқ. Апат орын алған екі стансы да ІІ буынға жатады. Бұл 1967 жылы салынған реакторлар. Ал біз ІІІ+ буынды реактор салуды көздеп отырмыз. Жүзеге асқан жалғыз V буынның АЭС-і Қытайда. Қазақстанның таңдауы түскен буындағы АЭС-тер әлемде өз қауіпсіздігін дәлелдеді. Сондықтан жарқын болашақ үшін әрбір қазақстандық 6 қазанда дауыс беруі керек.

АЭС: Жүйелі бастама жемісін береді

АЭС салу мәселесі қоғамда жан-жақты талқылануда. Осы орайда елімізде бірнеше партиялар мен қоғамдық ұйымдардың бірлесуімен арнайы Халықтық штаб құрылып, бүгінгі күні өңірлерде жалпы АЭС-тің маңыздылығы мен артықшылығы, экономикалық және экологиялық тиімділі төңірегінде түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Осы мақсатта  Жаңақорған ауданына арнайы ат басын тіреген ҚР Парламентінің Cенат депутаты Руслан Рүстемов аудандық мәдениет үйінде өнер майталмандары және кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, жан-жақты пікір алмасты. 

Кездесу барысында АЭС төңірегінде кеңінен ақпарат берген Сенат депутаты елімізде атом станциясы салынса, жаңа жұмыс орындары құрылып, ғалымдарымыз сыртқа кетпей, өзімізде жұмыс жасайтындығын және атом энергетикасы экологиямызға да пайдасын тигізетіндігін атап өтті. 

«Қазір біз тұтынатын қуаттың 70 пайызы көмір станцияларында өндіріледі. Бұл станциялардың 70 пайызы тозып, ескірген. Көмір түтіні ауамызды ластап тұрса, көмір қалдықтары жерімізді ластауда. Атом станциясынан шығатын парник газының көлемі көмірмен салыстырғанда 135 есе төмен екені айтылуда. Сонымен қатар, осы тұста айта кетейін атом станцияларының салынуы МАГАТЭ – Атом энергиясы жөніндегі Халықаралық агенттіктің тікелей қадағалауымен іске асады. Жобасы, салынуы, іске қосылуы және жұмыс істеп тұруы – түгелдей халықаралық мамандардың бақылауында болады», – деді Руслан Рүстемов.

Қазақстанның қуатты елге айналуы – баршамыздың мұратымыз. Жүйелі бастама болашақта өз жемісін береді. Кездесуде сөзін түйіндеген депутат жиылғандарды еліміздің тағдырына байланысты таңдау сәтінде жауапкершілікпен қарауға шақырды.