Бейбіт мақсаттағы АЭС-і бар елдерде қала дамып, кәсіп дөңгеленіп жатыр – депутат

6 қазанда өтетін АЭС құрылысы бойынша референдум Тәуелсіз Қазақстанның болашағы үшін стратегиялық маңызға ие.

Бүгін АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық Халықтық штаб мүшелері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Әбенов және облыстық штаб төрағасы Алмасбек Есмаханов Сырдария ауданында медицина саласының өкілдерімен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Айтулы кездесуде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған маңызды мәселенің бірі елімізде АЭС салу бойынша жалпыхалықтық референдум өткізу туралы сөз болған еді. Осы орайда АЭС салуды қолдау бойынша республикада, өңірлерде және аудандарда халықтық штабтар құрылып, тұрғындарға түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр.

Медицина саласы өкілдерімен болған басқосуда республикалық штаб мүшесі Мұрат Әбенов АЭС қауіпсіздігіне қатысты естіген емес, көзбен көрген тәжірибесін айтты.

"Корей мемлекетіне сапар барысында сол елдегі АЭС-тің жұмыс істеу принципімен таныстым. Бейбіт мақсаттағы атом электр станциясының маңында кәсіп те дөңгеленіп, қалалар дамып жатқанын байқадым. Таңғалғаным, атом электр станцияның жанында мандарин сатып отырған сатушыларды жолықтырдым. Сол маңдағы азаматтардан сұрағанымда, станцияның тұрғындарға тигізетін қаупі жоқ екен. Осындай технологиясы дамыған елдердің АЭС арқылы электр энергиясын өндіріп отырғанына қызықтым. Әрине, қазіргі таңда біздің еліміз көршілес елдерден электр энергиясын сатып алуға мәжбүр. Ел бір орнында тұрмай, күнделікті демографиялық ахуалымыз артып, жақсарып келеді. Осы ретте, біздің де елімізге заманауи АЭС қажет-ақ'", – деді Мұрат Әбенов.

Одан кейін сөз алған Халықтық штаб мүшесі Мархабат Жайымбетов энергетикалық шығындар және электр энергиясын өндірудің басқа да тетіктерінің тиімсіз жолын атап өтті.

"Өздеріңіз білесіздер, энергияны өндірудің бірнеше жолдары бар. Су, жел, күн арқылы баламалы энергия көздерін өндіруге болады. Дегенмен табиғат тосын мінез көрсетсе, бұлардың жұмыс істемей қалу қаупі басым. Ал АЭС заманауи технология арқылы жұмыс істейді. Қоршаған ортаға зиян ықпалы жоқ. Қазіргі таңда тұрғындар шетелде болған АЭС жарылыстары туралы көп сөз етіп жатыр. Олардың барлығы адами және техногендік сипатта болған. Қазіргі салынып жатқан АЭС-тер 9 баллдық жер сілкінісіне және 400 тоннаға дейінгі соққыға төтеп бере алады. Сондықтан қауіпсіздік жағынан еш алаңдамасаңыздар болады. Бүгінгі күн тәртібіндегі "АЭС саламыз ба, , салмаймыз ба?" деген мәселені шешіп алсақ, кім салатыны келер кезектегі мәселе, – деді ол.

Іс-шара соңында сала қызметкерлері де сөз алып, АЭС құрылысына қатысты өз ойын жеткізді.

Қарағандыдағы Халықтық штабтың мүшелері «Жаңа Майқұдық» мәдениет үйінің ұжымымен ақпараттық кездесу өткізді 

Кездесу аясында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы, сондай-ақ елімізде атом электр станциясын салу жөніндегі референдум бойынша түсініктемелер берілді. 

6 қазанда өтетін АЭС құрылысы бойынша референдум Тәуелсіз Қазақстанның болашағы үшін стратегиялық маңызға ие. Әлемнің озық елдерінің тәжірибесі атом энергетикасының тиімділігі мен қауіпсіздігін айқын дәлелдейді. Қазіргі уақытта Қазақстан электр энергиясының тапшылығын сезініп, оны көрші елдерден импорттауға мәжбүр. 

Кездесу барысында Ахметова Әсель Маратқызы АЭС құрылысының мерзімдері және АЭС құрылысына жетекшілік ететін мекемелер жайлы сұрақ қойды. Қарағанды Халық штабының мүшелері келіссөздер, келісімшарттар және сатып алу процестері барынша ашық болатынын түсіндіріп, мәселе бойынша түсініктеме берді.

АЭС-ті жобалау және салу кезінде техникалық қадағалауды тәуелсіз реттеуші жүзеге асырады. Құрылыс МАГАТЭ бақылауымен жүргізіледі. Атом электр станциясының құрылысы миллиардтаған долларлық және ұзақ мерзімді бизнес екенін ескерсек, нарыққа қатысушылардың беделі де өте жоғары болмақ.