Қазақ балуаны бір жылдан кейін Азия чемпионы атанды

Алтын медальға таласқан отандасымыз Қырғызстан балуаны Ақылбек Талантбековке 2:3 есебімен есе жіберіп, күміс жүлдемен жарысты аяқтаған еді.

Грек-рим күресінен 82 келіге дейінгі салмақта қазақстандық балуан Диас Қаленге өткен жылғы Азия чемпионатының алтын медалі берілді,  – деп хабарлайды  Aikyn.kz.

Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі мәлімдегендей, ол 2023 жылы көктемде Астанада өткен сары құрлық додасының финалына дейін сүрінбей жеткен. Алайда, алтын медальға таласқан отандасымыз Қырғызстан балуаны Ақылбек Талантбековке 2:3 есебімен есе жіберіп, күміс жүлдемен жарысты аяқтаған еді. 

Бірақ, жарыстан кейін, нақтырақ айтсақ, 2023 жылғы 10 сәуірде қырғыз спортшысының анализінен тыйым салынған препарат («метастерон») анықталған. Оны Халықаралық тест жасау агенттігі (International Testing Agency) растады. 

Нәтижесінде қырғыз спортшысының аталған Азия біріншілігіндегі жеңісінің күші жойылып, оны 4 жылға спорттан шеттетті. Осылайша, алтын медаль қайтадан қазақстандық Диас Қаленге тапсырылды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.