Атырауда 15 жастағы қызды зорлап, аяғы ауыр қылған жігіт жазаға тартылмаған

15 жастағы жасөспірімнің айтуынша, оны 20 жастағы жігіт зорлағаннан кейін аяғы ауыр болып қалған.

Атырауда кәмелет жасқа толмаған қызды өзінен үлкен жігіт зорлап, ұрып-соққан. Жәбір көрген қыздың хаты желіде тарады, – деп хабарлайды  Aikyn.kz.

 

15 жастағы жасөспірімнің айтуынша, оны 20 жастағы жігіт зорлағаннан кейін аяғы ауыр болып қалған. Анасы жәбір көрсетушінің үстінен арыз жазады, бірақ жігіттің отбасы мүшелері келіп «өздерінше» келіскен. Екі жақ заңсыз іске барып, кәмелетке толмаған қызды зорлықшыға тұрмысқа беруге уағдаласқан.

«Сол әулеттің үлкен кісілері келіп, біздің отбасымыздың қыр ізінінен қалмай «келін қылып аламыз, арыздарыңды қайтып алыңдар» деді. Менің анам қазақылыққа салынды. Екі жақ келісіп, мені 15 мамыр күні сол жігітке ұзатты», - дейді қыз.

Аяғы ауыр жасөспірім ауруханаға қаралуға барғанда, оның 18 жасқа толмағанын көрген дәрігерлер полиция шақыртқан. Қыздың айтуынша, жігіттің анасы ұлын жазадан құтқару үшін тергеушілерге пара берген.

«Полиция келіп, жігіттің үстінен іс қозғаймыз деді. Сол кезде енем тергеушілердің артынан жүгіріп, ақша берді. Органдарда жұмыс істейтін туыстарын пайдаланып, соларға жалған УЗИ қағазын жасатты. Баласын жазадан осылай құтқарып алды. Енді мені үйінде ұрып, боқтап, алмаймыз деп үйіме әкеліп тастады, менің аяғым ауыр, төрт ай. Анам осы жайтты естіп ауруханаға түсті», - деп жазды ол.

Атырау полициясы бұл сұмдық оқиғаға байланысты былай жауап берген.

«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, алғашқы тергеу барысында  қылмыс құрамын толыққанды тергеу үшін жәбірленуші тарап тиісті сот-медициналық, психиатриялық сараптамаларынан өтуден бас тартып, кешенді тергеу әрекеттерін жүргізуде кедергілер келтірген. Әлеуметтік желіде таралған мәліметтер бойынша тергеу жаңарып, тексерілетінін қаперіңізге береміз», - дейді полиция.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.