Ақтөбелік азамат өзінің ішкі ағзасын сатпақ болған

Қазір күдікті ұсталып, қылмыстық іс қозғалды.

Ақтөбе прокуратурасы әлеуметтік желіге талдау жүргізіп, өз ағзасын сатпақ болған адамды анықтады.

Ақтөбе облысы прокуратурасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Е. есімді азамат әлеуметтік желіге өзінің ішкі ағзасын сататынын жазып, хабарлама қалдырған. Кейін прокуратура қызметкерлері сол хабарлама иесін іздеп, тапты. 

– 2024 жылғы 25 қыркүйекте прокуратураның бастамасымен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шарасы аясында Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері өзінің ішкі ағзаларын 9 млн теңгеге заңсыз мәміле жасау арқылы сатпақшы болған E. есімді азаматты ұстады, – деп хабарлады Ақтөбе облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.

Қазіргі кезде осы істен соң Қылмыстық кодекстің 116-бабының 1-бөлігімен, яғни «Адамның ағзалары мен тiндерiн алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою» бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Айта кетейік, Қазақстанда ағза сату ісі бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Ал Ақтөбе облысы бойынша қазір өңірде 300-ден астам адам бүйрек, бауыр ауыстыруды қажет етеді. Алайда 6 жылдан бері мәйіттік донор отасы тоқтап тұр.