Сәйкесінше, 16 құрама плей-оффта келесі кезең тағдырын сарапқа салды. Әрине, осы тұста әлем Португалия мен Қазақстан кездесуін асыға күтті. Әлем чемпиондарына дала қырандары қайтып қарсы тұрарын, не амал қолданарын болжады. Айтса айтқандай, тартысты кездесу көптің есінде қалды. Ұлттық құрама жігіттері азулы Португалияны қапы қалдырып, сенсация жасады.
Алаңдағы жанталас
Иә, ысқырық шалына сала қос құрама жанталаса кетті. Өйткені ширек финал сценариі осы ойынға тәуелді. Оныншы рет өтіп жатқан әлем біріншілігі де оңайға соғып тұрған жоқ. Е тобында күрескен Португалия 1/8 финалға бірінші орынмен жетті. Ақ тер, көк терге малынған жоқ. Тек Марокконың шабысын бақылады. Ал Қазақстан болса, испандар топтан бірінші орынмен шықпауын барынша қадағалады. Испания да әккі Португалиямен жұптасудан қорқып, тырысып бақты. Аталған екеу де барынша көп гол соғуға тырысқанмен, «айқаста» Испания жеңіске жетіп, Венесуэламен жұпталды. «Ауырдың астымен» амалдағысы келгенді тағдыр аясын ба?! Испандар «айналып өтеміз» деп ойласа керек, алайда венесуэлалықтар сенсация жасады. Осылайша, фавориттер саны бір құрамаға кеміді. Топтық кезеңді қаперге алған Португалия Кака жігіттерінің бар күшін сарқығанын біледі. Сондықтан тактика жағынан шашау шығармауға тырысты.
Айтса-айтқандай, қарсылас сақ ойнап, доп бермеуге тырысты. Алаңның әр бұрышындағы допқа талас та кездесу деңгейін көрсетті. Алғашқы тайм бас-аяғы 40 минутқа созылды. Төреші де әр секундты саралап, қателік кетпеуін қадағалады. Португалия құрамасында белгілі бір көшбасшы жоқ болғанымен, әр ойыншы алаңда жанын беруге дайын тұр. Қазақстан болса, кездесуге Лео сияқты белді ойыншысыз қатысты. Жалпы, чемпионатқа атағы дардай Тайнансыз, тәжірибелі Эдсонсыз келді. Сол үшін ұлттық құрама бапкері тактиканы қайта түзіп, әр тайм-аутты ұтымды қолдана білді. Қауқарлы қарсылас барынша қысқанымен, жігіттер алғашқы таймда-ақ есеп ашты. Шыңғыс Есенаманов ұрымтал тұсты дәл тауып, соққы жасады. Құрамадағы 111-ойынында командаластарының еңсесін тіктеді. Аталған голдай кейін жігіттер ширай түсті. Бірден айып алаңында кірпідей жиырылып, әр соққыны тойтарды. Осы тұста қақпашы Игитаны айтпай кету әбестік. Чемпионаттағы әр құрама Игитадай қақпашыны армандайтыны анық. Ойын бойы португалдар 55 соққы жасаса, соның 15-і қақпаға дәл бағытталған. Ал қақпашымыз соның біреуін ғана өткізді. Чемпионат басталғалы бері тек үш гол жібергені тағы бар. Бірінші тайм аяқталғанша есеп теңестіруге асыққан Португалия барынша шабуылдап бақты. Алайда нәтиже болмады.
30 секундтағы серпіліс
Ал екінші таймда жағдай түрлене түсті. Үзіліс кезінде Хорхе Браза жігіттерін сыбап алса керек. Көзді ашып-жұмғанша есепті теңестірді. Зики Те гол соғып, кездесу тынысын ашты. Бұл айналым «ғасырдан да ұзақ 20 минутқа» созылды. Төреші әр фолға назар аударып, ысқырық шалды. Үзіліс те, айқас та ұзаққа созылды. Қазақстан футзал ассоциациясының вице президенті Нұрсұлтан Құрман да бұдан бұрын осыған назар аударып, ішкі чемпионаттағы төреші «тактикасын» өзгертуді ұсынған-ды. Өйткені ішкі чемпионатта төрешілер ойнауға мүмкіндік берсе, әлем чемпионатында «тұсап» тастағандай болды. Бұл Португалиямен ойында айқын білінгендей. Хош, Португалия да Қазақстан да есепті еселеуге барынша тырысты. Әсіресе, қарсыластар адым аштырмауға тырысып, қорғанысты күшейтті. Шыңғыс Есенаманов дубль жасайтын мүмкіндікті жіберіп алды. Дегенмен сақ ойнауға тырысып бақты. Игита да қақпаны мүлтіксіз «күзетіп», қарсыласты састырды. Кейінгі тоғыз минуттың сағызша созылғаны тағы бар. Төреші ысқырығы, қатар-қатар тайм-аут жан алып, жан беріскен ойын болғанын айқындады. Таблода санаулы секунд қалды. Есеп әлі 1:1. Кімнің есеп ашары, не овертаймға ұласары белгісіз. Әсіресе, кездесу аяқталуына санаулы секунд қалғанда португалдар тайм-аут алуға бекінді. Дәл осы тұста комментатор Хорхе Браза кездесудің экстра таймға жалғасқанын қаламайтынын хабарлап жатты. Расымен, соңғы 30 секундта ұлттық құрама жігіттері тамаша шабуыл жүйесін құрып, Тұрсағұлов қақпа торын тулатты. Сенсация! Қазақстан құрамасы атағы айға жеткен Португалияны үйіне қайтарды. Кездесу нәтижесін португалдар да түсінбей қалды, білем. Ысқырық шалынуға санаулы секунд қалғанда төрешіге шағымданды. Олар бейнеқайталаудан қарап, шешім шығарғанша жанкүйерлер тағат таппай кетті. Себебі ширек финал мен жанкүйер арасын ысқырық бөліп тұрды. Төреші ешқандай фол болмағанын хабарлағанда «Әндіжан» спорт комплексі дүр сілкінді. 2 мыңға жуық жанкүйердің қуанышында шек болған жоқ. Тіпті, көзіне жас алып, ойыншыларға толассыз құрмет көрсетті. Кака бастаған бапкерлер құрамының әсері ерекше. Ойыннан кейінгі сұхбатында мұндай эмоцияны бірінші рет бастан кешіп жатқанын мәлімдеді.
«Әрине, нәтиже өте жақсы. Бірақ біз тек бір кезеңнен ғана өткенімізді ескерейік. Енді алдағы қарсыласымызға дайындалуымыз қажет. Бұл тек команданың ғана жеңісі емес. Бұл Қазақстанның, қолдауын көрсетіп жатқан өзбек ағайынның да жеңісі. Бразилиядан да хат келіп, жігіттерімізге сәттілік тілеп жатыр. Плей-оффқа келетін болсақ, әлемдегі ең мықты ұжымдармен жолымыз ерте түйісті. Қуанышымызға қарай, барлығы пайдамызға шешілді», – деді футзалдан ұлттық құраманың бас бапкері Пауло Рикардо Кака.
Осылайша, ұлттық құрама тарихтың жаңа парағын ашты. Бастысы, 2021 жылы кеткен есені қайтарды. Өткен әлем чемпионатының жартылай финалында тең ойын өткізіп, Кака шәкірттері пенальти сериясында жеңіліп қалған-ды. Ширек финалда Португалияны айналып өткісі келген испандар да, қатарынан ӘЧ чемпионы атанғысы келген Браза шәкірттері де жоқ. Келесі қарсылас Аргентина мен Хорватия арасындағы кездесуде белгілі болады. Ұлттық құрама әлем біріншілігі тарихында екінші мәрте ширек финалға жолдама алып отыр. Жартылай финалға өту үшін күрес 30 қыркүйек күні Ташкентте өтеді.
Расымен, Өзбекстандағы футзал мерекесіне ұлттық құрама тастүйін дайындалып келген. Өйткені 2021 жылы төртінші орын алып, бармақ тістеп қайтқан. Сондықтан титулы бар жеңіске шөліркеп жүргені білініп тұр. Еуро-2022 жылы ширек финалға жетіп жеңілді. 2016 жылы аталған турнирде алған үшінші орын эйфориясы басылды. Жанкүйерлерге де, құрама жігіттеріне де жарқын жеңіс керек-ақ. Капитан Игита да осыны нұсқап, жай келмегенін жарияға жар салды. Ташкенттегі «Хумо Арена» да қазақтарды күтіп алуға дайын. Ал сіз Ташкенттегі тартысты тамашалауға дайынсыз ба, жанкүйер?!
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ