Американың электромобильдерге көшуінде бар кедергілер туралы Quartz сайтында жарияланған материалға сүйенген Aikyn.kz тұтынушылардың көңіл күйіне әсер ететін факторларды талдайды.
Дамыған елдердің, оның ішінде АҚШ та бар, электромобильдерге көшуі әртүрлі кедергілерге тап болуда: электромобильдердің қажеті жоқ деп санайтын саясаткерлер, батареяларды қуаттау инфрақұрылымының тапшылығы, тұтынушының талабын баға мен сапа жағынан қанағаттандыратын электрлі көліктердің жетіспеушілігі. Енді жаңа зерттеулер электромобильдер қоршаған ортаға зиянды деп есептейтін америкалықтар санының көбейгенін анықтады.
Бүгінгі тұтынушылар әртүрлі себептермен электромобиль сатып алады. Бірақ олардың ойынша, электр көліктері қоршаған ортаны ластамайды, көміртек шығарындылары болмайды, электромобиль қызмет ету мерзімі ішінде қоршаған ортаға аз әсер етеді.
Дегенмен жаңа зерттеу бензин және газбен жүретін көліктерден гөрі электр көліктері планета үшін жақсы деп есептейтін америкалықтардың саны азайып бара жатқанын анықтаған.
Электромобильдердің зияны мына видеода:
Бұны қалай түсіндіруге болады?
Электр көліктердің таза артықшылықтары жиі сыналуда. Массачусетс технологиялық институтының профессоры Джессика Транчик: «Ешбір технология мінсіз емес, бірақ электрлік көліктер іштен жану қозғалтқышы бар көліктерге қарағанда айтарлықтай артықшылықтар береді», – дейді.
Электр көліктердің «жасырын шығындары туралы ойланған маңызды» дейді Транчик. Бірақ оларға «жан-жақты» жауап берілген: көптеген ұйымдар электромобильдің бензинмен жүретін көліктерге қарағанда артықшылықтары әлі де жоғары екенін растаған.
Бірақ нақты мәліметтерге сәйкес, электромобиль табиғатқа зиянсыз деп көлік сатып алған америкалықтардың үлесі соңғы екі жылда 5 пайызға төмендеген: 63%-дан 58%-ға төмендеген.
Ал бензиннен гөрі электр көліктер планета үшін жақсы деп есептейтіндердің саны одан да аз. Мамандардың соңғы тұжырымдары мынандай: электр көліктері тек көп жүрсеңіз ғана қоршаған ортаға пайдалы. Сіз толық электр көлік сатып алып, аз жүретін болсаңыз, онда оның қоршаған ортаға пайдасы болмайды. Неліктен?
Электр көліктердің қоршаған орта үшін пайдалы екені сөзсіз. Бірақ зерттеулер көрсеткендей, электр көліктерін бензинмен, газбен жүретін көліктермен салыстыру кезінде аккумулятор өндірісінің зиянын есептеу қажет болады.
Гарвард зерттеуіне сәйкес, электр көліктері қоршаған ортаға 80 000 км жүргенде ғана зиянсыз екен.
Бірақ көптеген америкалықтар өздерінің жаңа электр көліктерін оны шығару кезінде жұмсалатын көміртек шығарындыларын өтеу үшін жеткілікті ұзақ қашықтық жүрмейді екен.
Сіз көлігіңізбен аз жол жүретін болсаңыз, онда СО2 шығаратын іштен жану қозғалтқышы бар көлікті пайдаланғаныңыз қоршаған ортаға пайдалырақ. Өйткені мұндай көліктерде батареялар қолданылмайды. Электр көліктерінде негізгі компонент болып саналатын батареяларды шығару процесі, онда қолданылатын литий металын өндіру табиғатты ерекше ластайтыны белгілі.
Көліктің пайдасы мен зияны оның бензинмен немесе электрмен жүретінінде емес, олардың жүріп өткен километрлерімен байланысты. Көміртек шығарындыларын азайту үшін электр көліктері 50 000 мен 115 000 шақырым арасында жол жүруі тиіс. Сонда ғана оның батареяларын шығару тиімді деңгейге жетеді.
Гарвард зерттеушілері: «Егер сіз көлікті ұзақ қашықтықтар үшін пайдалансаңыз, онда сізге электр көлігі пайдалырақ болады. Егер сіз көлікті сирек жүргізсеңіз және автокөлік негізінен гаражда, тұрақта болса, онда, бір қызығы, сіз бензинмен жүретін көлікпен қоршаған ортаға аз зиян тигізесіз», – дейді.
Электр көліктерді өндіруде өте лас, зиянды технологиялар қолданылады. Ал оны пайдалану кезінде қоршаған ортаға зиян келмейді. Сондықтан оның батареяларын жасау кезіндегі көміртек шығарындыларының орнын толтыру үшін электр көлігі көп жол жүруі тиіс.
Көптеген америкалық отбасылар электр көліктерін 70 000 – 80 000 шақырымға жетпей сататын ескерсек, онда олар бензинді көліктермен табиғатқа аз зиян тигізеді.
Қазіргі АҚШ үкіметінің электр көлігін сатып алатын субсидиялары әдетте «байларға тиімді» екен, осылайша тұрағында бірнеше көлігі бар адамдар электр көлігін сатып алып, оны аз қолданады. Мұндай электр көліктері өзін жасауға кеткен көміртек шығарындыларын өтемейді. Экология мен табиғатқа зиян күйінде қала береді. Сондықтан тек бір ғана, яғни, электр көлігі бар адамдар оны көп пайдаланады, сондай тұтынушыларға субсидия берілгені дұрыс.
Reuters талдауының математикалық есептеулері мынаны көрсетеді:
Reuters талдауы шағын электромобиль өндіру процесі кезінде 1,6 км-ге 47 грамм көмірқышқыл газын (CO2) немесе бірінші тұтынушыға жеткенге дейін 8,1 миллион грамнан астам шығаратынын көрсеткен. Өйткені оның батареясын өндіру кезінде осынша көміртек шығарылады. Ал бензинмен жүретін ұқсас көлік өндіру кезінде 1,6 шақырымға 32 грамм немесе 5,5 миллион грамнан астам көміртек шығарылады.
Бұған қоса, электромобильдерді қуаттау кезінде де пайдаланатын электр қуаты да көмірден, мұнай немесе газдан алынады. Яғни, электромобиль жылына қосымша тағы 4,1 миллион грамм көміртегі шығарады. Ал бензинді автомобиль 4,6 миллион грамнан астам шығарады.
Электромобильдердің тағы бір зияны олардың салмағы мен тежеуіштеріне байланысты екен. Зерттеулер электр көлік тежегіштері мен шиналары бензинмен жұмыс істейтін көліктермен салыстырғанда ауаны 1850 есе көп ластайтынын анықтаған.
Электр көліктер бензинмен жүретін көліктерге қарағанда 30%-ға ауыр болғандықтан, олардың тежегіштері мен дөңгелектері стандартты көліктерге қарағанда 400 есе тез тозады. Сондықтан олардың тежегіштері мен шиналары жылдам тозып, ауаға зиянды химиялық заттарды көбірек таратады.
Қорыта айтқанда, егер иелері электромобильдерімен 115 000 шақырымнан астам қашықтық жүрмесе, олардың көміртектік іздері толық электр көліктеріне ауысу арқылы азаймайды.
Бұған дейін зиянды өндірісті Африкада, басқа да кедей елдерде ұстап, өздері тек таза технология мен тауарлар тұтынатын АҚШ пен батыс елдерінде де электромобильдерге көзқарас түбегейлі өзгере бастады. Электр көліктерінің батареяларын зарарсыздандыруға (утилизация) оны жасауға кеткен энергиядан 10 есе көп электр қуаты керек.
Батареялардың құрамы литий, никель, мыс, алюминий, кобальт сияқты улағыш қоспалардан тұрады. Бұл батареялардың қызмет ету мерзімі 5-6 жыл ғана.
Енді 10-15 жылдан кейін оларды зарарсыздандыру проблемасы өте өткір болатыны сөзсіз. Батыс елдері ескі электромобильдерді кедей елдерге арзан бағаға сатып, өздеріндегі апаттарды баса елдерге экспорттай алады.
Сонда батысқа қоршаған ортаға зиянды технологиямен литий, кобальт өндіріп, оны арзан бағаға сататын Конго, Боливия, Чили сияқты дамушы елдерге ескі электромобильдер қайта келмесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Өйткені АҚШ пен батыс елдеріне қауіпті, улы заттарға толы батареяларды өз жерінде зарарсыздандырудан гөрі ескі электр көліктерін кедей елдерге экспорттау экономикалық жағынан аса тиімді екені айтпаса да түсінікті.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.