Ішкі істер министрлігі бопсалаушылардың қылмыстық топтарын анықтау және ұстау бойынша жұмысты жалғастырып келеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Соңғы үш күнде үш қылмыстық топтың заңсыз әрекеті тоқтатылды.
– Оралда ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде көрсетіп, зорлық-зомбылықпен оқу орындарының бірінің студентінен 500 мың теңге бопсалаған жергілікті жастар тобын ұстады. Күдіктілер қамауға алынды.
Шымкентте жедел уәкілдер қаланың екі тұрғынын ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Ұсталғандар жергілікті тұрғыннан 1 миллион теңге бопсалап, оған қатысты ақпарат таратамыз деп қорқытқан.
Ақтөбеде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері 1 миллион теңге мен Subaru автокөлігін алу кезінде қылмыстық топтың мүшесін ұстады. Ол өзінің үш сыбайласымен ғимарат жертөлесінде жәбірленушіге моральдық және физикалық қысым көрсетіп, 8 миллион теңге бопсалаған. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Бопсалау фактілерін анықтау және олардың алдын алу жұмыстары жалғасады, – деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.