Қарағандыда 10 ай бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен адам табылды

Қаңтар айында жоғалып кеткен азаматтың туыстары оны іздеу туралы әлеуметтік желіде хабарлама таратқан.

Қарағанды облысында жыл басында із-түзсіз жоғалып кеткен ер адам аман-есен табылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданының ПБ учаскелік полиция инспекторлары елді мекендердің бірінде құқықбұзушылықтарды анықтау және алдын алу бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізу кезінде көшеде жүрген бейтаныс адамды байқаған.

Тексеру барысында оның осы жылдың басынан бері хабар-ошарсыз кеткен адам ретінде іздеуде жүрген Қарағанды қаласының 47 жастағы тұрғыны екені белгілі болды. 

– Қаңтар айында жоғалып кеткен азаматтың туыстары оны іздеу туралы әлеуметтік желіде хабарлама таратқан. Ер адамның айтуынша, ол осы 10 айдың ішінде өңірдегі аудандардың бірінде тұрған, ал жақында Бұқар жырау ауданына келген. Оның үстіне, ол өзінің тұрған жері, жүріс-тұрысы туралы туыстарын хабардар етпеген. Қазіргі уақытта табылған азамат іздестіру орны – Қарағанды қаласына жіберілді,  делінген ақпаратта.