Бәрін айт та, бірін айт, қара жолдың жырын айт...

Бүгінгі жаһандану кезеңінде өркениетке ұмтылған әлем елдері үшін экономиканың басты күретамыры – жол.

Елдің негізгі инфрақұрылымы назардан тыс қалмай, қара жолдың күтімі жақсарса, тұрмыс та түзеліп, туризм де түлейтіні анық. Мыңдаған шақырым қашықтықта жатқан ел мен елдің, қала мен даланың арасын жалғайтын жол мәселесі – қай заманда болса да, өзектілігін жоймайтын тақырып. Кейінгі кездері халықтың жанайқайын тудырған, айтыла-айтыла жауыр болған мәселелердің бірі де сол – сапасыз салынған жолдың жыры. Әсіресе, ондаған жыл бойы халықтың сынына ұшырап келген – Талдықорған мен Өскеменнің арасы... 

Таяуда бір топ алматылық жур­на­лист бастапқы шығу нүктеміз Ал­маты қаласынан Жетісу облысына қа­рай бағыт алдық. «Жеті өзен өлкесі» ата­нып кеткен өңірге табан тіреуіміздің бас­ты себебі – осы күнге дейін түйіні тар­­қамай келген «Талдықорған–Өс­ке­мен», «Үшарал–Достық» аралығындағы ав­­­тожолдардың сапасын өз көзімізбен кө­ріп, жолдың қазіргі ахуалын қалың бұ­қараға жеткізу еді. Көлік министрлігіне қа­расты «Жол активтері сапасының ұлт­тық орталығы» РМК мұрындық болған «Са­па керуені» атты ауқымды пресс-тур Ал­маты қаласынан бастап Жетісу облы­сын­дағы қазақ-қытай шекарасына дейінгі аралықты қамтыды. 

Жылжымалы жол зертханасы сағатына 60 шақырыммен жүреді

Сапар алдында, ең алдымен, ЖАСҰО және сынақ зертханасының ішкі ты­нысын бақылап, қызметкерлердің жұ­мыс процесін көзбен көрдік. Қазір кә­сіп­­­­орынның аймақтарда халықаралық ұйымның талаптарына сәйкес аккре­дит­телген 16 сынақ зертханасы бар. Орта­лық­та жол сапасын анықтап, диагностика жүр­гізуге мүмкіндік беретін жылжымалы жол зертханасы жұмыс істейді. Аталған зерт­хана кепілдіктегі немесе күтіп ұстау жол­дарын да тексере алады. Мамандар был­тыр шамамен 1 300 шақырым жолға тек­серу жүргізген. Биылғы көрсеткіш бойын­ша, жылжымалы жол зертхана­сы­ның көмегімен Алматы және Жетісу об­­лы­сында 1381 шақырым жолдың сапасын бақылаудан өткізген.

– Жылжымалы жол зертханасында бір­қатар құрылғы орналасқан. Оның ішін­де, жолдың ақауларын бейнекамераға тү­сіретін, көліктің астында жолдың көл­де­нең және тігінен тегістігін тексеретін, жол­дың геометриялық параметрлерін ба­­­­қылайтын, картадағы GPS коор­ди­нат­та­рын түсіріп алатын, сондай-ақ тәуліктік ав­токөлік жүру қарқындылығын өлшейтін құрылғы бар. Онымен қоса, екі тіркеме құ­рылғы іске қосылған. Тіркеме құрыл­ғы­ның бірі ірі дөңгелектің жолмен іліні­суін, яғни автокөлік тежелген уақытта қан­ша­лықты жылдам тоқтайтынын өлшейді. Екін­шіден, жолдың динамикалық сер­пін­ділік модулін, нақтырақ айтсақ, жүріп ке­ле жатқан автокөліктердің салмағына қан­шалықты төтеп бере алатынын өл­шей­тін құрылғы бар. Жылжымалы жол зерт­ханасының жылдамдығы – 60 ша­қырым/сағ. Негізінен, қызметіміз мау­сым­дық болуына байланысты әрі күн ашық кездері ғана жұмыс істеуге мүм­кін­дік болғандықтан жолға шығу кестесін ың­ғайымызға қарай жоспарлаймыз. Қазір мұн­дай жылжымалы зертхана әрбір фи­лиа­лымызда бар. Осының арқасында әр фи­лиал өзіне қарасты жолдың сапасын тек­сере алады, – дейді «Жол активтері са­пасының ұлттық орталығы» РМК Алма­ты облысы бойынша филиалының ма­ма­ны Дархан Қанатұлы. 

160 миллиардтан астам қаражат бөлінген 

Әрмен қарай БАҚ өкілдері мен Көлік ми­нистрлігіне қарасты Автомобиль жол­дары комитетінің мамандары, Жол ак­­­тив­терінің Ұлттық сапа орталығы ме­ке­ме­сінің басшылық құрамы мінген автобус Тал­дықорған қаласына қарай жол тартты. Өткенге көз жүгіртсек, «Талдықорған–Қал­батау–Өскемен» автожолын қайта жаңарту жобасы осыдан бес жыл бұрын басталған. Алайда жолдың сапасы талапқа сай емес жүргізіліп, құрылыс жұмыстары тағы да сағызша созылған-ды. Себебі тек­серу барысында жолдың тегістігі мен ты­ғыздығына, су өткізгіштігіне қатысты бір­­шама кемшіліктер анықталған. Мем­ле­­кеттен 160 миллиардтан астам қаражат бө­лінген «Талдықорған–Өскемен» ара­сын­­дағы жолдың жыры әлі күнге дейін то­лыққанды аяқталған жоқ. Оңтүстік пен шы­ғыс өңірді байланыстыратын күре- жол­дың Жетісу облысындағы жөндеу учас­кесінің ұзындығы 314 шақырымды құ­рай­ды. Қайта қалпына келтірудің нәти­же­сінде 32 шақырым жол бірінші техни­ка­лық санатқа, ал 282 шақырымы екінші тех­никалық санатқа ауыстырылған. Одан өзге 350-ден астам су өткізгіш құбырлар әзір­ленсе, 1500-ден астам жарықтандыру ті­рек­тері орнатылыпты. 

Қазір Қазақстанда 95 мың шақырым жол бар. Оның 70 мыңы жергілікті жерге, ал 25 шақырым жол республикалық же­лі­ге қарайды. Көлік министрлігі Автомо­биль жолдары комитетінің ғылым және жұ­мыс сапасы басқармасының басшысы Нұр­тілек Хасеновтің сөзінше, биыл рес­пуб­­лика бойынша 12 мың шақырым жол­ға реконструкция, жөндеу жұмыстары жүр­гізіліп келеді. Ел аумағын қамтитын осы бір 12 мың шақырым жолдың 7 800 ша­­­­қырымы республикалық желіге тиесілі болса, 4 200 шақырымы жергілікті желі қа­­­тарына кіреді. Сұхбат барысында Нұр­ті­лек Хасенов құрылыс жұмыстары кеші­гіп жатқан жобалардың бар екенін, деген­мен жолдың уақытылы қолданысқа бе­ріл­­меуінің бірнеше себебі барын атап өтті.

– Өзіміз тұрақтаған мына Тал­дықор­ған–Қалбатау–Өскемен жолы –768 ша­қы­рым. Қазір оның 750 шақырымында жаңа асфальт қабатымен жол қозғалысы ашыл­ды. Сондай-ақ Жетісу облысы жаңа ас­фальтпен қамтамасыз етілді. Шығыс Қа­зақстан облысында да жол толықтай ашыл­са, Абай облысының аумағында жұ­мыс әлі күнге дейін жүргізіліп келеді. Бұл жол­дан бөлек республикада 17 ірі жоба жү­зеге асырылып жатыр. Биыл Талды­қор­ған–Өскемен аралығынан өзге Қарағанды мен Алматы арасындағы жол құрылысын аяқ­тауымыз тиіс. Қазір Ақтөбе мен Қан­дыа­ғаштың, Атырау мен Астраханьның ара­сында бірнеше жобаны жүзеге асырып ке­леміз. Жыл соңына дейін 7 000 ша­қы­рым жолды аяқтап, халықтың қол­да­ны­сы­на беруді жоспарлап отырмыз, – дейді Н.Хасенов.

Жол саласында мамандар тапшы

Осы ретте қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп отырған 12 мың шақы­рым­­­ның талапқа сәйкес келмеуіне не се­­беп деген сауал туындайды. Журна­лис­тер­дің сауалына жауап берген Нұртілек Ха­сенов бұл мәселеде бірнеше факторды алға тартты. Оның айтуынша, жөндеуге мұқ­таж ойлы-шұңқыр жолдың негізгі бө­лігі ондаған жыл бойы ешқандай жөндеу көр­меген.

– Біз алғашқы кезекте жұмысты жөн­деу көрмеген жолдардан бастадық. Жол­дың уақытылы қолданысқа берілмеуіне бір­неше себеп бар: жобалардың қаражат тап­шылығына байланысты өз мерзімінде бас­талмауы, жоба құнының қымбаттауы, сапа мәселесі, пандемия әсері. Осы ретте жол саласында мамандардың тапшылы­ғын да атап өткен жөн. Жоғарыда атап өт­кен бірнеше фактор жиынтығы жолға бай­ланысты мәселелердің туындауына әке­ліп соғады. Дегенмен қазір жұмыс ке­зең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Біз рес­публикалық жолдарды 93 пайызды құ­рай­тын нормативтік көрсеткішке, жергілікті же­лідегі жолдарды 89 пайызға жеткізуді жос­парлап отырмыз. Республикалық жол бойынша қазіргі нормативтік көрсет­кі­ші­міз 92 пайыздың көлемінде болса, жергі­лік­ті желідегі көрсеткішіміз әзірге 87 пайыз­ды құрайды, – дейді ол.

Биыл елімізде жол жөндеуге бөлін­ген бюджет құны – 500 млрд теңге көлемінде. Бірақ миллиардтаған қаржы бө­лінуіне қарамастан республикалық бюд­жеттен жолға берілетін қаражатта тапшылық бар көрінеді. Осыған байла­ныс­ты жол мәселесіне жауапты мамандар ха­лықаралық қаржы институттарынан қа­ражат тарту арқылы жобаларды жүзеге асы­рып отырғанын айтады. Бұл ретте қаржы институттарының да өзіндік талап­тары бар. Сәйкесінше, жобалардың құны да өзгеріп отырады. 

– Біз ең алғашқы орында транзиттік дә­­­ліздерді қалпына келтіруіміз тиіс. Қы­тай­дан Батыс Еуропаға шығатын дәліздер жа­сау қажет. Қазір осы жобаны жүзеге асы­руға бағытталған перспективалық жо­баларымыз бар. Биыл Батыс Қытай–Ба­тыс Еуропа жобасы жұмыс істеп тұр. Тран­­­­­­зит­тік дәліздер экономикамыздың өр­кен­деуі­не, жолдың айналасындағы инф­ра­құры­лым­ға, кәсіпкерлік субьектілердің дамуы­на ықпал етеді. Жолдың жөндеу жұмыс­та­рын белгілі бір санмен шектеп қоюға бол­майды. Жол – үздіксіз процесс. Ре­кон­струкциясы аяқталған кез келген жол­дың өзіндік мерзімі бар. Бес жылдан кейін жолға орташа жөндеу жұмыстары жүр­гізіледі. Жол үздіксіз пайдалануда бол­ғаннан кейін, мұны күтіп ұстаған жөн. Уа­қытылы жөндеу жұмыстарын жүргізбей, біз жолды ұзақ жылдар бойы сақтап тұра ал­маймыз, – деп сөзін түйіндеді Көлік ми­нистрлігі Автомобиль жолдары коми­­те­тінің ғылым және жұмыс сапасы бас­қар­масының басшысы Н.Хасенов.

Республикалық жолдардың шамамен 3000 шақырымы ақылы

 

«Талдықорған–Өскемен» аралы­ғын­дағы жол құрылысына Қытайдың CITIC Construction деп аталатын мердігер ком­па­­­­ниясы таңдап алынған. Қаржы көзі де – Қы­тайдың Эксимбанкі. Құрылысқа қо­сым­ша қаражат республикалық бюд­жет­тен бөлінген. Жол сапасына жауапты ма­мандар мердігер мекеме ретінде Қытай ком­паниясын тарту ратификацияланған ке­лісімшартқа сәйкес жүзеге асырыл­ға­нын жеткізді. Талдықорған мен Өскемен арас­ындағы жолдың кепілдік мерзімі – 10 жыл. Кепілдіктің толыққанды орындалуы­на «Жол активтері сапасының ұлттық ор­талығы» мекемесі жауапты болып бе­кі­тіл­ген. Жалпы саны 768 шақырымды қам­титын Талдықорған–Өскемен ара­лы­ғы 16 бөліктен тұрады. Сондай-ақ бүгінде рес­публикалық жолдардың шамамен 3 000 шақырымы ақылы. Мамандар «Талдықорған–Өскемен», «Алматы–Қа­рағанды» сынды жолдардың реконструк­ция жұмысы аяқталып, толық іске қосыл­ған­нан кейін оларды да кезең-кезеңімен ақы­лы жүйеге енгізетінін мәлімдеді.

2019 жылы ұзындығы 180 шақырымды алып жатқан «Үшарал–Достық» жолы қай­та жаңартылып, 2023 жылы қол­да­нысқа берілген. Бұл автожол Қазақстанды Қы­тай Халық Республикасымен бай­ла­ныстырып тұр. Біз тұрақтаған Достық ауы­­лындағы кезекті аялдама Қытай ше­ка­расынан небәрі 4 шақырым қашықтықта ор­наласқан. Жоба негізінде 147 су өт­кіз­гіш құбыр орнатылып, 8 жаңа көпір мен қардан қорғайтын қоршау салынды. Сондай-ақ мұнда сыртқы жарықтандыру, са­нитарлық-гигиеналық тораптар мен па­вильондар қоса орнатылыпты. Учас­ке­нің құрылысы барысында мердігерлермен 5 асфальт-бетон зауыты, 500-ден астам жол-құрылыс техникасы және 700-ге жуық жұмысшы жұмылдырылды. Ма­ман­дардың айтуынша, қызметкерлердің не­гізгі бөлігі жергілікті өңірден тартылған. 

10 пайызы талапқа сай келмейді

«Жол активтері сапасының ұлттық ор­талығы» РМК бас директоры Болатбек Айтбаев жоба басталғалы бері учаскелерге 429 инспекциялық шығу ұйымдас­ты­рыл­ға­­нын атап өтті. Оның сөзінше, жол сапа­сы­­на байланысты талапқа сәйкес кел­мей­тін тұсы да жоқ емес. Жоба барысында 1,7 мың жол құрылысы материалдарының сы­­­­­­­­намасы іріктеліп, сынақтан өткізілген. Са­па сараптамасының нәтижесіне сүйен­сек, нормативтік талаптарға сәйкес кел­мей­тін 175 (10%) ЖҚМ сынамасы анық­талған.

– Талдықорған–Қалбатау–Өскемен ара­лығын қамтитын жол құрылысы 2019 жыл­дан бастап іске асырылды. Қажетті тех­нологияның барлығы нормативтік құ­жаттарымызда көрсетілген. Жөндеу жұ­мыстары сол құжаттар негізінде іске аса­ды. Қолданыстағы техникалық жабдық кө­біне шетелден әкелінеді. Осы күнге дейін 429 инспекциялық шығу ұйым­дас­тырылды. Оның шеңберінде 1 640-қа жуық сынама зерттеуге алынды. Жолдың са­пасына келер болсақ, 10 пайызы талап­қа сәйкес келмеген. Сондықтан мердігер өз есебінен 341 млн теңгеге дейін қайта құру жұмыстарын жүргізді. Жол сапасын тек­серу барысында жемқорлық факті­ле­рі­не жол бермес үшін кадр таңдау мәсе­ле­сіне көңіл бөлеміз. Қызметкерлер бір­не­ше сынақтан, соның ішінде жылына екі рет аттестациядан өтеді. Сонымен қатар біз­де қазір цифрландыру процесі жүзеге асырылып отыр. Сынамалар арнайы шт­рих-кодпен мөрленген пакетке салынады. Ең бастысы, сынама қай нысаннан кел­гені құпия сақталады. Біз жылына 10 мың­­нан 11 мыңға дейін сынама аламыз. Кә­сіп­орын ашылған уақыттан бастап осы күнге дейін 146 мың сынама алынған. Был­тыр нормативтік талаптарға сәйкес кел­мейтін сынамалардың 95 пайызы жер­гілікті жолдардан анықталды, – дейді Б.Айтбаев.

Жол мәселесіне қатысты тағы бір ес­ке­рерлік маңызды жайт, жол бойындағы жай­лылық. Мамандар аталған қажетті­лік­тің де назардан тыс қалмағанын, қазір осы мәселені шешуді көздейтін жобалар іске асырылып отырғанын жеткізді. 

– Жылы дәретханаларға байланысты жол бойында жағдай күрделі. Осы мәсе­ле­ні реттеу мақсатында жобаға 300 шақы­рым­ның әр 30-40 шақырым сайын сауда нүк­тесі бар орындардың жанына 10 жерде дәретхана салдық. Бірінші учаске биыл 21 шілдеде толық пайдалануға берілген. Учаскені Қытай компаниясы аяқтап, оның талапқа сай келетінін PK-Engineering деген техбақылау мекемесі тексерген, – дейді «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ Жетісу об­лыс­тық филиалының директоры Нұрхат Ақылтаев. 

Бәрін айт та, бірін айт, жауаптылар әлі күн­ге дейін құрылысы бітпей, жолаушыны әбден әбігерге салған 7 000 шақырымға со­­зылған жолды жыл соңына дейін аяқ­тап, көптің қолданысына береміз деп уәде етіп отыр. Талай жылдан бері елдің кө­мейін­де жүрген мәселенің шешімін та­буы­на да аз уақыт қалған сыңайлы. Жол салу – асқан жауапкершілікті, ең бастысы, ашық­тықты қамтамасыз етуді талап ететін жү­гі ауыр жұмыс. Күрежол жауапсыздықты кө­термейтінін басты қағида ретінде сана­мыз­ға түйсек, бұл бағытта сапалы әрі өнім­­ді жұмыстың атқарылуы әркез өзекті бо­лып қала бермек.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ