Астанада 13 миллион теңгені заңсыз иемденген балабақша директоры мен орынбасарына сот үкімі шықты

Астанада 13 млн теңге көлеміндегі мүлікті заңсыз иемденіп, ысырап етті деген күдікке ілінген балабақшаның бұрынғы директоры мен орынбасарына қатысты сот үкімі шықты.

Астанада 13 млн теңге көлеміндегі мүлікті заңсыз иемденіп, ысырап етті деген күдікке ілінген балабақшаның бұрынғы директоры мен орынбасарына қатысты сот үкімі шықты, – деп хабарлайды  Aikyn.kz қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, қызметтік бабын пайдалана отырып, өзiне сенiп тапсырылған мүлiктi iрi мөлшерде иеленiп алу және жымқыру (ҚК 189-бабының 3-бөлігінің 1,2) тармақшасы) фактiсi бойынша М.-ға қатысты және адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, қызметтік бабын пайдалана отырып, өзiне сенiп тапсырылған мүлiктi iрi мөлшерде иеленiп алу және жымқыруға көмектесу (ҚК-нің 28-бабының 5-тармағымен 189-бабының 3-бөлігінің 1,2) тармақшасы) фактiсi бойынша А.-ға қатысты үкім шығарылды.

Сотта белгілі болғандай, М. адамдар тобының алдын ала сөз байласу бойынша бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында, «Ясли-сад» МКҚК меңгерушісі, яғни мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдарға теңестірілген тұлға бола тұра, шаруашылық бойынша меңгеруші орынбасары қызметін атқарып жүрген А.-ның көмегі арқылы өздерінің қызметтік бабын пайдаланып, өздеріне сеніп тапсырылған 13 049 701 теңге көлеміндегі мүлікті заңсыз иемденіп, ысырап еткен.

Сотталушылардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, сот-медициналық сараптамалар мен мамандардың қорытындыларымен, сондай-ақ қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

Прокурор сотталушыларды мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сотталушылар кінәсін мойындап, бас бостандығынан айырумен байланысты емес ең төменгі жаза тағайындауды сұрады.

«ҚК-нің 189-бабының 3-бөлігінің санкциясы мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан 6 жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуді не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруды, ал 2) тармақта көзделген жағдайларда мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жымқырылған мүліктің 10 еселенгеннен 20 еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл салу не 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Жазаны тағайындау кезінде сот сотталушылардың кінәсін мойындауын, жас балаларының болуын, шығынды өз еркімен қайтаруын және сотталғандығының болмауын жеңілдететін мән-жайлар деп таныды», – делінген сот хабарламасында.

Жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

«Жасалған қылмыстың мән-жайын және оның ауырлығын, келтірілген зиянды өтеуді, жазаны жеңілдететін мән-жайлардың болуын және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын, жәбірленуші өкілінің пікірін ескеріп, ҚК-нің 55-бабының 4-бөлігін пайдалана отырып, сотталушылар М. мен А.-ға, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды», – делінген ақпаратта.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.