Мәжіліс спикерінің айтуынша, Мәслихат депутаттарының форумы біз үшін ең өзекті мәселелерді талқылайтын, пікір алмасатын дәстүрлі алаңға айналды. «AMANAT» партиясы ұйымдастырған бүгінгі форумды орталық пен аймақтардағы, барлық билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастың жаңа форматы деуге болады. Өйткені, арамызда ел-елден, ауыл-аймақтан келген халық өкілдері отыр. Бұл мемлекеттік маңызды шешімдерді қабылдауға күллі қоғамның атсалысып жатқандығының айқын көрінісі екенін айтты.
– Соңғы жылдары елімізде түбегейлі реформалар қолға алынды. Конституциялық өзгерістердің нәтижесінде саяси институттардың үйлесімді жұмысы жолға қойылды. Бұл реформалар түйткілді мәселелерді шешуге, байыпты шешімдерді қабылдауға жол ашты. Заң шығарушы органның қызметі мен мазмұны да толықтай өзгерді. Көппартиялы Парламент түрлі пікірлерді тоғыстырған қоғамның үніне айналды. Қазіргі уақытта күн тәртібіндегі кез келген мәселе Парламент қабырғасында ашық талқыланып жатыр. Азаматтарды алаңдатқан ең көкейкесті мәселелер заңнамалық деңгейде шешімін табуда. Мысалы, халықтың несие қарызы, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық, лудомания, есірткіге тәуелділік, вейптер сияқты кеселдерге заңмен тосқауыл қойылды. Қасым-Жомарт Кемелұлы, осының бәрі – өзіңіз айтып жүрген заң үстемдігі мен тәртіп қағидасының іс жүзіндегі көрінісі, – дейді «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов.