Астанада «AMANAT» партиясының бастамасымен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумы өтті. Форумға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.
Алқалы жиынды ашқан Мәжіліс Спикері, «АMАNАТ» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов мәслихат депутаттарының форумында алғаш рет еліміздегі алты саяси партияның өкілдері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары мен бір мандатты округтерден сайланған депутаттар бас қосқанын атап өтті. Сонымен қатар партия Төрағасы бұл форумның ең өзекті мәселелерді талқылайтын, пікір алмасатын дәстүрлі алаңға айналып келе жатқанын және соңғы жылдары елімізде түбегейлі реформалар жүргізіліп, іске асқанына тоқталды.
«Конституциялық өзгерістердің нәтижесінде саяси институттардың үйлесімді жұмысы жолға қойылды. Бұл реформалар түйткілді мәселелерді шешуге, байыпты шешімдерді қабылдауға жол ашты. Заң шығарушы органның қызметі мен мазмұны да толықтай өзгерді. Көппартиялы Парламент түрлі пікірді тоғыстырған қоғамның үніне айналды. Қазір күн тәртібіндегі кез келген мәселе Парламент қабырғасында ашық талқыланып жатыр. Азаматтарды алаңдатқан ең көкейкесті мәселелер заңнамалық деңгейде шешімін табуда», – деді Төраға.
Спикердің айтуынша, Әділетті Қазақстанды құру – елдегі ауқымды реформалардың темірқазығы. Оң өзгерістер қоғамның ертеңгі күнге деген үмітін оятып, халықты Мемлекет басшысы ұстанған реформалар төңірегінде топтастырды. Қазақстандықтар таңдалған жолдың дұрыстығына көз жеткізіп, өткен конституциялық референдумда, Президент сайлауында толық сенім артты. Мәжіліс Төрағасы алдағы референдум қорытындысы қоғам сенімін одан әрі нығайта түсеріне сенім білдірді. Ол азаматтардың үміті мен сенімі – Қазақстанның жарқын болашағының негізі, ал Президент бастамалары мен реформаларын табысты іске асыру барлығымыздың ортақ жауапкершілігіміз деді.
Партия Төрағасы Ерлан Қошанов және форумда баяндама жасаған Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын, сала мамандарын тыңдағаннан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз алды. Мемлекет басшысы алдымен жиынға қатысушыларды форумының ашылуымен құттықтап, мәслихаттың мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы екеніне тоқталып, 2022 жылы референдум арқылы Конституцияға маңызды өзгерістер енгізілгені, соның нәтижесінде Парламенттің рөлі айтарлықтай күшейгені, жалпы билік институттарының жұмысын жетілдіру үшін нақты шаралар қабылданғаны туралы атап айтты.
– Шын мәнінде, бұл жиынның мән-маңызы айрықша. Депутаттар өзекті мәселелерді ашық айта білетін, азаматтардың қоғамдағы ой-пікірін атқарушы билікке тікелей жеткізетін қауым. Бір сөзбен айтсақ, депутат болу – халықтың үні болу деген сөз. Мәслихат – мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы. Аймақ жұртшылығының тыныс-тіршілігі, мұң-мұқтажы қашанда мәслихат депутаттарының жіті назарында болуға тиіс. Сайлаушылардың мүддесін қорғап, ел үмітін ақтау – басты парыз. Мен мәслихаттардың қызметіне ерекше мән беремін.
Атап айтсақ, облыстық мәслихат сайлауы аралас жүйе арқылы өтеді. Ал аудандық депутаттар тек мажоритарлық тәсілмен сайланады. Бұл қадам еліміздің демократиялық жолмен дамуына зор серпін берді деп сеніммен айта аламыз. Ауқымды реформаның нәтижесінде саяси бәсеке жандана түсті. Жаңа ережеге сай өткен сайлаудан кейін мәслихаттарға жаңа адамдар келді. Бүгінде ортамызда көптеген жас депутат отыр. Олар түрлі мінберден жастарға қатысты өзекті мәселелерді батыл көтеріп жүр, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент мәслихат депутаттарының негізгі міндеттерін атап өтті. Мәслихат депутаттары саяси сауатты, жергілікті бюджеттің ісіне араласатын адам болу керек және мәслихат саясаткерлердің жаңа толқынын қалыптастыратын орынға айналуға тиіс.
«Бірінші. Мәслихат депутаттарының біліктілік деңгейін жоспарлы түрде арттыру қажет. Мәслихаттар – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі негізгі институт. Сондықтан оның тиімділігі депутаттардың кәсібилігіне тікелей байланысты. Біліміне білігі сай депутаттар корпусын жасақтауға, ең алдымен, оларды ұсынған партиялар мүдделі болуы керек. Бүгін мәслихат депутаттарының біліктілігін жетілдіру туралы ұсыныс айтылды. Мәслихат депутаттары қызметінің тиімділігін арттыру үшін бұл бағытқа ерекше назар аудару қажет. Бұған Мемлекеттік басқару академиясын тарту керек. Партиялар өз депутаттарының біліктілігін жетілдіру мақсатында Академиямен ынтымақтастық орнатқаны жөн деп санаймын. Әрине, бұл жұмысты аймақтың ерекшеліктерін, халық қалаулыларының кәсіби және қоғамдық-саяси тәжірибесін ескере отырып ұйымдастыру қажет. Сонымен бірге депутаттар халықпен тікелей байланыс жасай білуге және өз жұмысы туралы қоғамды жан-жақты хабардар етуге тиіс. Мойындауымыз керек, бұл істе көзге көрініп тұрған кемшіліктер бар. Атап айтқанда, мәслихат депутаттарының сайлаушылар алдындағы есебі көбіне формалды түрде өтеді. Мұндай кездесулерге тыңғылықты дайындалып, сапалы өткізуге ерекше мән берген дұрыс. Саясат дағдыларын меңгеру, адамдармен сөйлесе алу және ашық диалог кезінде өз ұстанымын дәлелдей білу өте маңызды.
Екінші. Мәслихаттардың жергілікті экономикалық саясатқа ықпалын арттыра түсу мәселесіне айрықша назар аудару керек. Қазір жаңа Бюджет және Салық кодекстері әзірленіп жатыр. Онда жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты реформаның ерекшеліктері ескерілуге тиіс. Үкімет ауыл әкімдерінің бюджетін қалыптастыру және оны жұмсау тәсілдерін қайта қарауы керек. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қаржылық дербестігін арттыру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуі қажет. Кодекс жобаларын талқылауға мәслихаттар белсене қатысқаны жөн. Жергілікті бюджет қаржысының дұрыс әрі тиімді бөлінуі өте маңызды. Қазір республикалық бюджеттің кіріс бөлігі толық орындалмай жатыр. Мен Жолдауда Үкімет пен Ұлттық банкке осыған қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырдым», – деді Президент.
Ал үшіншіден, мәслихаттар жалпыұлттық міндеттерді жүзеге асыруға үлес қосуы керек.
«Былтыр менің төрағалығыммен өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңейтілген кеңеске көптеген депутаттар қатысты. Мұндай жиын алдағы уақытта да өтіп тұрады. Себебі реформаларды өңірлерде іске асыруда мәслихаттардың орны айрықша. Мәслихаттардың мемлекеттік және қоғамдық міндеттерді жүзеге асыруға етене араласуы, өздері түрлі бастама көтеруі маңызды.
Сондықтан жастарға, әйелдерге, кәсіпкерлерге, зейнеткерлерге, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолдау көрсету, халықтың қарыз жүктемесін азайту, ауыл тұрғындарының кірісін арттыру, пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жерлерді қайтару, экологиялық, қаржылық сауаттылықты жетілдіру, сондай-ақ қоғамдағы оқу мәдениетін қалыптастыру сияқты жобалар – айрықша назар аударуды қажет ететін өзекті мәселелер», – деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы төртіншіден, мәслихаттар мен әкімдіктер өзара үйлесімді жұмыс істеуі керек екенін айтты.
«Реформаның арқасында еліміздегі әкімдер институты айтарлықтай өзгерді. Ауыл әкімін тікелей сайлау тәсіліне біржола көштік. Аз уақыттың ішінде ауыл әкімдерінің 90 пайызына жуығы жаңарды. Сондай-ақ аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жүйесін пилоттық жоба ретінде сынап көрдік. Биылғы Жолдауда айттым, олардың бәрі жаңа жылдан бастап сайланатын болады. Осылайша, басты билік тармақтары түгел сайлау жүйесіне көшті. Қазақстан тарихында ешқашан ондай тәжірибе болмаған. Тіпті, мұндай ауқымды реформа осы аймақта біздің елде ғана жасалып жатыр деуге толық негіз бар. Мұның бәрі – демократиялық даму жолындағы айрықша маңызды қадамдар», – деді Президент.
Мемлекет басшысы Үкіметке «Қарызсыз қоғам» және «Ауыл аманаты» секілді партиялық жобалардың ауқымын кеңейтуге көмектесуді және « Таза Қазақстан», «Адал еңбек – Адал табыс» қағидасы сияқты басқа да негізгі факторлар арқылы Әділетті Қазақстан құрудың маңыздылығына мән беру керектігін тапсырды. Тек Жарлықпен жасалатын, Өкіммен орындалатын әдеттен арылып, тазалық пен тәртіпті қанға сіңген қағидаға айналдырудың маңыздылығына мән берді.
«Жалпы, біздің елімізде заң және тәртіп үстемдік құруға тиіс. Сонда ғана реформаларды табысты жүзеге асыруға және ел экономикасына инвестиция тартуға болады. Заң және тәртіп – Әділетті Қазақстанның мызғымас тұғыры. Кез келген қоғам әділдік болғанын қалайды. Қазақстан халқының да талабы – осы. Сондықтан мен әділдік қағидатын орнықтыруға бар күш-жігерімді саламын», – деді Президент.
Нұртөре ЖҮСІП,
Сенат депутаты:
Балалар тәрбиесіне бейқам қарамау керек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумында ел өміріндегі өзекті мәселелерді атап өтті.
«Былтыр менің төрағалығыммен өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңейтілген кеңеске көптеген депутат қатысты. Мұндай жиын алдағы уақытта да өтіп тұрады. Себебі реформаларды өңірлерде іске асыруда мәслихаттардың орны айрықша. Мәслихаттардың мемлекеттік және қоғамдық міндеттерді жүзеге асыруға етене араласуы, өздері түрлі бастама көтеруі маңызды», – деді Президент.
Мемлекет басшысы мәслихат депутаттарының айрықша сенім мандаты иесі екенін қадап айтты.
«Тұрғындар сіздерді жақсы біледі. Ой-пікірін өздеріңізге тікелей жеткізеді. Мәселесін шешуге көмектеседі деп үміт артады. Осы жауапкершілікті терең сезініп, халыққа адал қызмет ету керек. Әлемдегі ахуалды көріп отырсыздар. Ең бастысы, еліміз тыныш, жұртымыз аман. Әрине, түрлі қиындықтар кездесуі мүмкін. Бірақ татулық пен келісім болса, біз оның бәрін міндетті түрде еңсереміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ашық аспан астындағы бейбіт өмір ең басты байлық екенін еске салды. Шын мәнінде, әлемде соғыс өрті тұтанып, жан-жағымыз отқа оранып жатқанда бейбіт Қазақстандағы өмірдің мәнін дұрыс сезінген абзал.
Президент бұл мәселеге көбірек тоқталды. Заманауи технологиялар дамуға даңғыл жол ашатынын, сондай-ақ өмірімізге айтарлықтай қауіп те төндіретінін жеткізді. Танымал әлеуметтік желілер балаларды ғана емес, үлкендерді де зомбиге айналдыруы мүмкін.
«Ата-аналар балаларының тәрбиесін мемлекетке немесе мектепке ысыра салмауы керек. Гаджеттердің құрсауында қалдыруға тіпті болмайды. Балаларына цифрлық гигиенаның қарапайым ережелерін үйретуге ата-ана жауапты. Ұл-қыздарымызға көңіл бөлу, бірге уақыт өткізу, оларды алаңдатқан мәселелер жайында әңгімелесу маңызды. Баланың смартфон немесе компьютер пайдаланған кезінде не істеп жатқанын қатаң қадағалау қажет», – деді ол.
Балалар мен жасөспірімдер арасында ел ішіндегі шынайы қаһармандарды насихаттауды тапсырды. Бұл да өте керек нәрсе.
Талғат БАЛТАБАЕВ,
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты:
Уәдесінде тұрмаса, мандатынан айырылады
Бүгінгі жиында еліміздің түкпір-түкпірінен әріптестеріміз бас қосып, пікірлесіп, жұмыс барысын талқыладық. Мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумынан біздің аларымыз көп. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, депутаттар – өзекті мәселелерді ашық айта білетін, азаматтардың қоғамдағы ой-пікірін атқарушы билікке тікелей жеткізетін қауым. Сондықтан аймақ-аймақтағы халықтың үнін жеткізушіміз.
Оның үстіне «AмANAT» партиясынан сайланған депутаттарға талап күшейтілген. Бес жылда елмен етене жақын жұмыс істеуі тиіс. Егер депутат бір жыл ішінде өзінің сайлауалды бағдарламасы бойынша нақты нәтиже көрсетпесе, мандатынан айырылады. Сол себепті қол қусырып, қарап отырған жоқ. Депутаттың қай-қайсысы да еліміздің қарқынды дамуына бағыталған нақты іс-әрекетке үлес қосуға көшті. Мәселен, Әділетті Қазақстан бағыты бойынша Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Қазір біз Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен бұрынғы әкімдердің кезінде жеке қолға негізсіз өтіп кеткен маңызы бар мемлекеттік нысандарды мемлекет меншігіне қайтару жұмысы белсенді жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ тексеріс барысында көптеген жерде бюджеттің негізсіз жұмсау фактілері анықталды.
Сырымбек СӘРСЕМБАЕВ,
Атырау облыстық мәслихатының депутаты:
Моноқалаларды дамыту керек
Мұнай, газ, көмір, темір, басқа да қазба байлықтар – күндердің күнінде таусылатын шикізат қоры. Сондықтан да еліміздегі барлық моноқаланың экономикасын әртараптандыру қажет. Арқалық, Құлсары, Кентау, Риддер, Саран сынды еліміздегі 27 моноқаланы дамытуымыз керек. Ол үшін елімізде жұмыс істейтін шетелдік ірі компаниялар бірінші кезекте отандық шағын және орта бизнестің, жергілікті кәсіпкерлердің тауарлары мен өнімдерін сатып алуға басымдық беру керек. Бірақ ірі мұнай өндіруші мекемелер өздеріне қажетті өндірістік құрал-жабдықтарын, барлық керекті заттарын шет елдерден әкелуде. Бүгінде Теңізшевройл, Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг, НСОС сияқты ірі мұнай өндіруші үш мекеменің сатып алып отырған тауарларындағы қазақстандық мазмұн, отандық өнімдермен (қамту) мөлшері шамамен 10%-дан аспайды. Сондықтан еліміздегі ірі компаниялардың сатып алатын тауарларының қазақстандық құрамы, яғни отандық өнімдердің үлесін кемінде 50 пайызға жеткізуіміз керек деп есептеймін.
Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ,
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі:
Халықты заңға бағынуға шақырды
Мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыру туралы айтты.
Президент мәслихат депуттаттарының бірінші кезекте прогрессивті, практик және оптимист болу қажет деді. Ал олардың жолы – мемлекеттік саясатты қолдау, оны қорғау және мемлекеттік идеяның артында тұру. Яғни, оны халыққа жеткізе білу. Бізде кейде мемлекетшіл азаматтар пікірдің не болмаса резонансты ойдың құрбаны болып кететін жайттар бар. Міне, ондайдың жетегінде кетпеуі керек.
Екіншіден, форумда қоғамдағы ушығып тұрған, елді мазалап жүрген жағдайлар қозғалды. Атап айтсақ, суицид мәселесі. «Әр баланың өлімі – менің жүрегіме ауыр соққы» деп айтқан Президенттің сөзімен толық келісемін. Әрбір бала ертеңгі күні еліміздің діңгегін қалайтын азамат. Ең бірінші жауапкершілік ата-анада. Бәріміз бала өсіріп отырмыз, сондықтан бұл мәселеге ата-ана белсенді атсалысуы қажет.
Мемлекет басшысының көтерген үшінші мәселесі – халықты ұйысуға, ортақ тәртіпке, заңға бағынуға шақырды. Себебі кез келген мемлекеттің болашағы заң мен тәртіптен тұрады. Депутат Ринат Рифхатұлы айтқандай, қазір күш көрсетіп, әлімжеттік жасайтын заман емес. Тәрбие мен білімнің, мәдениеттің заманы. «Таспен ұрғанды аспен күткен» халықпыз. Сондықтан осы мәселелерге ден қою керек деп есептеймін.
Ғабит ТӘЖІМҰРАТОВ,
Астана қаласы мәслихатының депутаты:
Форум – тәжірибе алмасу алаңы
Президент мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыруды тапсырды. Сондай-ақ мәслихаттар мен әкімдіктерді үйлесімді жұмыс істеуге шақырды. Саяси шараға еліміздің түкпір-түкпірінен үш мыңдай депутаттың қатысуы бекер емес. Форум – орталық пен аймақты біріктіріп, сол проблемаларды талқылайтын, пікір алмасатын алаң. Бұл жолғы форум, біріншіден ақылдасу және ой қозғау, тәжірибе алмасу алаңы болды.
Қала тұрғындарымен үнемі етене жұмыс істейтіндіктен, бізді жақсы біледі. Ой-пікірлерін біз тікелей жеткізеді. Бізге сенім артып, мәселелерін үнемі айтып, шешуге көмектеседі деп үміт артады. Осы жауапкершілікті терең сезініп, халыққа адал қызмет ету керек.
Дулат ӘБІШ,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты:
Депутаттар халыққа қызмет етуі тиіс
Мәслихат депутаттарының форумына биыл екінші рет қатысып отырмын. Маған ұнағаны – сөз сөйлеген азаматтардың бәрі нақты әрі ушығып тұрған, бүгінгі күннің мәселелерін көтерді. Форум сонысымен де қызықты болды. Мемлекет басшысы сөз сөйлеген әр депутаттың сөзін қолдап, қуаттады. Тіпті, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттар, оның ішінде ауылдық депутаттардың бәрі бір мандаттан сайланатынын жеткізді. Сондай-ақ облыстық мәслихатта депутаттар бірмандатты және партиядан сайланғаны бар. Әлі де болса оларға толығымен көңілі тойлмайтынын білдірді. Оған да себеп бар. Мәселен, Парламент депутаттарының отырысы дебат ретінде өтеді. Олардың әрбір сөйлеген сөзі қызу талқыланып, соңы пікірсайысқа ұласады. Президент осыны үлгіге алу керегін атап өтті. Ол – рас. Бізде бірнеше партия бар. Әлде де болса олардың бәсекелес емесі өз басымыздан өтіп жатыр. Алдағы уақытта ондай депутаттар ұйқыдан оянып, шынымен халықпен жұмыс істейтін болар деп сенемін.
Оған қоса, атқарушы билік пен депутаттар қос билік тармағы бойынша сайлаушыға жұмыс істеуі керек. Қорыта айтсақ, Президенттің бүгінгі көтерген мәселесінің бәрі тікелей депутаттарға қатысты. Сондықтан бұл форум жалғасуы керек. Өйткені осы арқылы депутаттар өз кем-кетігін түзеп, білімін жетілдіре түседі.
Елдос ДАЛАБАЙ,
Тараз қалалық мәслихатының депутаты:
Халық аманатына адалмыз!
Форум кезінде Мемлекет басшысы депутаттарды жан-жақты болуға үндеді. Әрі олар қоғам тамырын дөп басып, аймақ жұртшылығының мұң-мұқтажын үнемі назарда ұстауы тиіс. Ол үшін қажет болса, жергілікті депутаттардың біліктілігін арттыру қажет деді. Бұдан бөлек, мәслихаттар мен әкімдіктерді алдағы уақытта үйлесімді жұмыс істеуге шақырды.
Бұрынғыдай өтірік әңгіме жоқ. Халық алдындағы аманатымызды адал атқарып жатырмыз деп ойлаймын. Себебі мені сайлаған тұрғындар қандай мәселе айтса да, мен олардың мәселесін әкімдікке айтамын, олар бір айда менің сұрағыма жауап береді.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ