Қазақстанда мұқтаж адамдарға көмек көрсетіп, қайырымдылықпен айналысып жүрген бетперделі жігіт енді Африка тұрғындарына көмек көрсетуде, - деп жазады Aikyn.kz.
Аты-жөнін атамайтын, жүзін көрсетпейтін бетперделі жігіттің бүгінге дейін көптеген қазақстандықтарға қол ұшын созғаны белгілі. Енді ол Африка тұрғындарына да көмектесуге шешім қабылдапты.
"Алла Тағаланың қалауымен біз Сомалиде, Байдоада, BARWAAQO IDP шатырлы лагерінде мектеп, мешіт және құдық салдық. Umitorganization ұйымына ұйымдастыру үшін рақмет", – деп жазды ол желідегі парақшасында.
Ал желі қолданушылары оған қолдау білдіріп, бұл ісін жоғары бағалап жатыр.
"Көзіме жас келіп, денем тітіркеніп кетті", "Қайырымдылық ұлт таңдамайды", "Әрбір қазаққа бұйырсын осындай амал жасау!", "Тамаша! Абыройың асқақтай берсін!", – деп игі тілектерін жарыса жазуда.