Мен де азаматтық борышымды өтеп, өз таңдауымды жасадым – Аида Балаева

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Астанада Ұлттық академиялық кітапханада орналасқан №164 дауыс беру учаскесінде өз таңдауын жасады.

Министрдің пікірінше, әр азамат референдумда дауыс беріп, өз таңдауын жасауы қажет.

«АЭС-ті салуға қатысты референдум саяси мәселе емес, бірақ экономикалық тұрғыдан алып қарағанда еліміздің ертеңгі дамуына бірден-бір ықпал ететін іс-шара. Осы мәселеде халықтың дауысы маңызды, өйткені қоғамда әртүрлі пікірлер болғандықтан, референдум өткізу туралы шешім қабылданды. Сондықтан ел болашағына жауапты азаматтардың барлығы дауыс беру учаскелеріне келіп жатыр, мен де азаматтық борышымды өтеп, өз таңдауымды жасадым»,  деді Аида Балаева референдумда дауыс берген соң БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып. 

Бұған дейін аталған учаскеде Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев дауыс берді. Оның айтуынша, референдум – Қазақстанның демократиялық дамуындағы маңызды қадам. 

Одан бөлек, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақстан – ТМД және Орталық Азиядағы референдум өткізіп жатқан бірден-бір ел екенін айтты.