Мукеш тойға 100 миллион доллар, Мұқаш 10 миллион теңге жұмсаса жарасады: екеуінде де қанағат бар

Америкалықтар «ірі қалаларда үйлену тойын жасаған тым қымбат, одан да үй алған дұрыс» дейді. Олар қазақтың тойларын көрмеген сияқты. Нью-Йоркте үйлену тойының орташа құны 63 000 доллар болса, қазақ тойларында бұл тек торттың бағасы. Бірақ проблема басқада.

Болашақ үйлену тойын жоспарлауға америкалықтар көбірек уақыт жұмсайтынын Quartz сайты жазды. Осы мақалаға сүйенген Aikyn.kz Америкадағы үйлену тойларының шығындарын талдайды.

АҚШ-та үйлену тойларының бағасы өскен, жастар үй сатып алудың тиімді екенін сезіне бастаған. Фото crystalview.com сайтынан алынды 

Армандаған үйлену тойын өткізу әрқашанда үлкен шығындармен бірге жүретіні жасырын емес. Бірақ жақында жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, АҚШ-тың үлкен қалаларында үйлену тойларының бағасы айтарлықтай өскен, сондықтан жастар үй сатып алудың әлдеқайда тиімді екенін сезіне бастаған.

Жылжымайтын мүлікпен айналысатын Zoocasa фирмасының мәліметінше, АҚШ-тың 47 қаласында, соның ішінде Нью-Йорк, Чикаго, Атланта және Филадельфия бар, бір отбасылық үйге төленетін алғашқы 8%-дық жарнаның мөлшері үйлену тойының орташа құнынан аз болған.

Нью-Йоркте бір отбасы үшін үйдің орташа құны 698,800 долларды құрайды, ал үйлену тойының орташа құны – 63 000 доллар. Егер бұндай үйді сатып алудың алғашқы 8%-дық жарнасы 55 904 доллар екенін ескерсек, онда керемет үйлену тойын өткізу қымбатқа түсетінін байқаймыз.

Бұл үрдіс Лос-Анджелесте (онда алғашқы жарна 68 384 доллары, ал үйлену тойы 48 000 доллар); Бостон (онда бастапқы жарна 63 472 АҚШ доллары, ал үйлену тойы 50 000 доллар тұрады) мен Сан-Францискода да (онда алғашқы жарна 115 920 АҚШ доллары, ал үйлену тойы 51 000 АҚШ доллар) сақталады.

Америкалықтардың 16%-ы тойды қарызға өткізуге де дайын екенін мәлімдеген. Бұл америкалықтар қазақтарға ұқсайды! Фото mc-dj-didzhej-odessa.blogspot.com сайтынан алынды

Сарапшылар үйлену тойлары құнының өсуін көптеген фактормен түсіндіреді: екі жас үйлену тойын қажетті соманы жинағанша кейінге шегере береді; үйлену тойын ұйымдастыратын агенттіктер саланың маусымдық сипатына байланысты өз шығындарын өтеу үшін бағаларды өсіреді; COVID-19 пандемиясы кезінде жоғалтылған табысты бүгінгі қалыңдықтар мен күйеулерден көбірек ақша алу арқылы жабу да бар. Той өткізетін орындардың және демалыс күндерінің шектеулі саны да бағаға әсер етеді.

Үлкен үйлену тойлары туралы қорқынышқа қарамастан, америкалықтардың 20%-ы зейнетке шығуды жоспарлаудан гөрі өздерінің қазіргі немесе болашақ үйлену тойын жоспарлауға көбірек уақыт жұмсайтындарын айтады. Америкалықтардың 16%-ы тойды қарызға өткізуге де дайын екенін мәлімдеген. Бұл америкалықтар қазақтарға ұқсайтын сияқты!

Empower зерттеуі көрсеткендей, үйлену тойлары оның иелеріне ғана емес, қонақтарға да үлкен қаржылық салмақ салады екен. Америкалықтардың жартысына жуығы келесі жылы олардан қалыңдықтың құрбысы немесе күйеудің досы болуды сұрамайтын шығар деп үміттенеді. Шамасы қалыңдық пен күйеу баланың жанындағы куәгерлерге де қаржылық салмақ түсетін болар.

Азияның ең бай адамы Мукеш Амбани тойға келген қарапайым үнділіктерге тағамды өз қолымен ұсынуда. Фото x.com сайтындағы abplive аккаунтынан алынды 

Қазақ тойларына қатысты бір ой 

2020-2021 жылдары той жасау пандемияға байланысты азайды. Көптеген отбасыларға қаржылық салмақ төмендеді. Той жасаған дұрыс болғанымен, той мәдениеті мен той экономикасына келгенде қазақ халқына заман талабына сай өзгеру керек шығар. Мысалы, ауқатты отбасымен жарысып, бүкіл жиған қаржысын жалғыз тойға салу мәдени жағынан да, экономикалық жағынан да тиімсіз екенін түсінетін уақыт келді. 

Бұл ойымызды математиканың тілімен түсіндіріп көрейік. Балаларының үйлену тойына 170 000 доллар тұратын торт сыйлаған ата-ананың табысы мен айына 500 доллар жалақы алатын адамдардың мүмкіндіктері әрқалай. Тойға ерекше торт жасатқан адамның айлық табысы кем дегенде 30 000 доллар болған соң, оған 6 айда табатын табысына 170 000 долларға бағаланған қымбат торт жасату қиын емес. Бұл жерде тойға жұмсалған жалпы шығынды да осындай логикамен есептеу керек. 

Айына 10-20 млн теңге жалақы алатын бизнесменге бір жылдық табысына тең келетін соманы (100-200 млн теңге) тойға жұмсау қалтасына ауырлық салмайды. Бізде әлі де ауқатты болса, оның байлығы заңсыз жолмен табылған деген стереотип бар. Бүгінде байлықтың заңсыз, заңды екенін анықтайтын арнайы органдар жұмыс істейді. Табысты жаппай декларациялау да байлықтың адал немесе заңсыз жолмен келуін анықтауға жылдам көмектеседі.

Егер айлығы 1 млн теңге болатын мемлекеттік қызметкер 100 млн теңгеге той жасап, қымбат көлік немесе жылжымайтын мүлік сатып алса, бұл қоғам тарапынан да, арнайы органдар тарапынан да тексерілуі тиіс.

Бұл жерде мәселе қарапайым жалақы алатын адамдардың несие алып, той жасауы туралы. Біздің ойымызша, бір жылдық жалақыңыздың көлемінде той өткізу отбасылық бюджетке салмақ түсіргенімен, ол қиын болмауы мүмкін. Мұндай қаржыны отбасы бірнеше жыл бұрын жоспарлап, жинай да алады.

Сондықтан жаңа ғасырдың талабын ескеріп, той мәдениетін экономикалық тиімділік жағына бұрып, өзгерткен жақсы болар еді.

Ең қымбат үйлену тойы қалай өтті? Мына видеода:

Азияның ең бай адамы жасаған тойдан қазақтар қандай өнеге алуы тиіс?

Біздің өмірде бәрі салыстырмалы. Әрбір ұлттың өзіне тән өмірлік философиясы мен мәдениеті, байлыққа деген көзқарастары да әртүрлі болады. Әлем – көпбейнелі, әралуан. Aikyn.kz осы жылғы наурызда дәулеті 109 млрд доллар болатын үндістандық Мукеш Амбанидің баласын үйлендіруге 115 млн доллар жұмсағанын жазды: «Миллиардер Марк Цукерберг, Билл Гейтс пен Сундар Пичай Үндістандағы тойға не үшін барды? (видео)».

Бұл тойдан бізге бірнеше өнеге бар. Бірінші, Мукеш Амбанидің отбасы 3 күнге созылған тойға 1 200 қонақ шақырған. Олардың ішінде әлемге танылған саясаткерлер мен миллиардерлер, өнер жұлдыздары болды. Үйлену тойының алғашқы күні той иелері 51 мың қарапайым үндіске дастарқан жайып, өз қолдарымен тағам таратқан.

Бұл – өнеге.

Екінші, тойға қатысқан атақты миллиардерлер ертең Үндістанның экономикасын дамытуға, технологияны таратуға миллиардтаған доллар инвестиция құяды. Өйткені оларға үлкен нарық керек.

Үшінші, Мукеш Амбанидің шетелдерде тыққан, жасырған байлығы жоқ. Оның бизнесі ашық, заңды, бүкіл байлығы – Үндістанда. Әкесінен қалған Reliance Industries компаниясын дамытып, өсіріп еліне қызметке қойған. 

Сондықтан Амбани отбасының 115 млн доллары желге шашылған жоқ, енді бірнеше жылда инвестиция түрінде миллиардтаған долларға айналып еселеніп, Үндістанға, оның халқына жұмыс істей бастайды. Ал қазақ тойының тиімділігі қандай?

Қазақта да осындай адал еңбегімен байыған адамдар көбейсін: Мукеш тойға 100 млн доллар, Мұқаш 10 млн теңге жұмсаса жарасады: екеуінде де қанағат бар. 

   

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.